«Менің алғашқы ұстазым!»

22 қыркүйекте №83 гимназияда Алматы қаласының білім саласына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздардың, «Алтын белгі» иелері мен халықаралық олимпиада жүлдегерлерінің алғашқы ұстаздарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған форум өтті. Форумға Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері, «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ қызметкерлері, «ҚӘК» ҒӘЗ әдіскерлері, бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.
«ҚӘК» ҒӘЗ оқу ісі жөніндегі бөлімнің жетекшісі М.А. Батырбаеваның құттықтау сөзімен ашылған салтанатты іс-шара барысында №15 мектеп-гимназияның бастауыш сынып бойынша директорының орынбасары Ж.И. Жартыбаева «Білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша апробациялық жұмыстар», «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы Г.Б. Аминова «Бастауыш сыныптағы білім беру бағдарламаларын жаңартудың басымдықтары» тақырыбында және осы институттың аға оқытушысы Л.Б. Петрова «Бастауыш сыныптағы ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің жетістігін американдық әріптестердің бағалауы» тақырыбындағы баяндамалары оқылды. «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ Ақпараттық бөлімі дайындаған «Ұстаз – ұлы есім!» тақырыбындағы бейнеролик көрсетіліп, «Ұстазым» әнін Институттың аға оқытушысы М.И.Қасымбаев орындады.
Сонымен қатар мерекелік жиында № 132 гимназияның еңбек ардагері Р.А. Шиш, № 12 лицейдің еңбек ардагері А.Т. Шортан мұғалімдер күні қарсаңында осындай форум ұйымдастырып, жетістікке жеткен түлектеріміздің алғашқы ұстаздарына ерекше көңіл бөліп, құрмет көрсетілуіне ризашылықтарын айтып, форум қонақтарын ұстаздар күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Жеткіншектерге саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында табандылықпен еңбек етіп жүрген ұстаздар «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Салтанатты іс-шарада ардагер ұстаздарға гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар ұсынылды. Форумға қатысушылар №83 гимназияның мұғалімдері мен оқушыларының әзірлеген ән-шашуын тамашалады.
Қоғаммен байланыс және баспа қызметі





