Көкшетауда балдырғандарға арналған киндер-театры ашылды

Елімізде алғаш рет Көкшетау қаласында бүлдіршіндерге арналған киндер-театр ашылды, деп жазады "Алаш айнасы" интернет порталы "БАҚ кз" порталына сілтеме жасап. Ақмола облыстық орыс драма театрының жанынан құрылған мәдениет ошағы әзірге шағын ғана.
Бір мезетте 30-40 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Ұйымдастырушылар жобаны келешекте кеңейтеміз дейді. Ол театрдың басқалардан айырмашылығы - мұнда балалар ертегіні үйдегідей емін-еркін отырып көре алады. Сондай-ақ қойылым кейіпкерлері де кішкентай көрермендерін ойнатып, олардың сөйлеу және есте сақтау қабілеттерін жетілдіруге жәрдемдеседі. Одан бөлек шағын театрда балалар дәрігері мен психолог жұмыс істейді. Олар ата-аналарға бала тәрбиесі жөнінде тегін кеңес береді. Айта кетейік, бұл театрға 1 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер ғана бара алады.
Полина Лендель, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Біз қаламызда алғаш рет осындай тамаша театрдың ашылғанына қуаныштымыз. Балаларымыз енді осында көрген-білгенін бізге айтып тауыса алмайтын шығар. Біздің де, бүлдіршіндеріміздің де қуанышында шек жоқ». Бейбіт Бақтыгереев, облыстық орыс драма театрының директоры: - Біз Монтессоридің бала тәрбиелеу әлемдік бағдарламасын қарадық. Және де өзін-өзі тану бағдарламасын. Бала-бақшаға бармай қалған балаларды біз театрға тартып, тәрбиелеп, 30 баланың әрқайсысымен жұмыс жасаймыз. Ертегіні қарау барысында балалар сол ертегіге араласып, бірге ойнап, көмектеспек.





