Қазақтың саны өсіп жатқанда, қазақ мектебінде орыс сыныптарын ашу кімге қажет? Астанадағы нөмірі 77 мектептің ата-аналары шу шығарып, білім басқармасының бастамасына қарсылықтарын білдірді. Наразы топ елордадағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын жалғыз білім ордасына орыс тілінің араласуын қаламаймыз деп отыр. Ал, білім басқармасы мен мектеп ұжымы қандай уәж айтады?
Оқу жылы аяқталып, өзге ата-аналар балаларымен бірге демалып жүрсе, бір аптадан бері Астанадағы нөмірі 77-ші мектептен маза қашқан. Гимназияда орыс тілі сыныптары ашылады дегенді естігендер күнде жиналыс өткізіп, қала әкімдігінің табалдырығын тоздыруымен жүр. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепке орысша оқитындарды араластыру ұрпағымыздың болашағына қауіп төндіреді дейді наразы топ. Өйткені, онсыз да ана тіліне шорқақ қаланың балалары, үзілісте орысша шүлдірлеп кетеді деп қауіптенеді.
ЖАНДОС ӨСТЕМІР, ата-ана:
– Үзілісте балалар орысша сөйлейді. Аулада орысша сөйлейді. Өтірік емес, әке шешелері де балаларына орысша сөйлейді.
КӨПЕН ЕРҚАСОВ, ата-ана:
– Қазақ мектебінің орыс сыныбын ашам деу ұлттың, тілдің тағдырына емес, тәуелсіздіктің тағдырына балта шабу. Ата-аналар сол үшін қарсы.
Тіліміз тереңдетіліп оқытылатын мектепке орыс сыныптарын кіргізуге басшылық та қарсы. Алайда, білім басқармасынан ауызша бұйрық беріліп, электронды поштаға хабарлама келгеннен кейін, бастауышқа орысша оқитындарды қабылдауға мәжбүр болыпты. Қазір орыс сыныбына оқуға 14 бала өтініштерін беріп те қойған. Білім басқармасының бұл бастамасын мектеп ұжымы да түсінбедік дейді.
АЙМАН СҮБЕБАЕВА, Астана қаласы №77 мектеп-гимназиясы оқу ісінің меңгерушісі:
– Біз әрине қарсымыз. Устав бойынша тіл мен әдебиетті дамытып қана емес, салт дәстүрімізді, рухани жаңғыру бойынша ұлттық сананы оқушының бойында дәріптеу.
Осы шудан кейін іле-шала білім басқармасы гимназияға орыс сыныптарын ашуға ата-аналар тарапынан ұсыныс болғанымен, ешқандай шешім қабылданбағанын айтып ақталды. Ал орыс сыныбына қабылданған оншақты оқушыны басқа білім ордаларына орналастырмақ.
ЖАЗИРА АСАНОВА, Астана қаласы әкімдігі Білім басқармасының баспасөз қызметі өкілі:
– Орыс сыныптарын ашу бойынша шешім қабылдаған жоқпыз. Мемлекеттік тілде мектеп болды, сол бойынша жұмысын жалғастырады.
Яғни, қазір елордадағы 77-мектепте орыс сыныптарына оқушы қабылдау жұмысы тоқтатылды. Білім басқармасы бұл дау қабылдау комиссиясы мен гимназия басшылығы арасындағы түсінбеушіліктен туындаған деп өздерін ақтап отыр. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы жылдары ресми статистика бойынша сұраныс орыс емес қазақ сыныптарына артыпты.