«Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның қанатты сөздері
«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын».
«Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық».
«Тіршілік-ғұмыр белгісі - алыс-тартыс, арбау-әдіс».
«Біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз!».
«Қазақ қияметке шейін қазақ болып қалмақ».
«Бауырларым, дені сау, жас шақтарыңда жұрт үшін шауып қал!».
«Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу - аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік».
«Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден».
«Қиналып тапқан ақылды, толғатып сөзге аудардым. Енді бұл сөзді іс қылмақ, оқушы жұртым, қазақ өз мойныңда!».
«Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ».
«Қазақтың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар».
«Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар».
«Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды».
«Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса - халықтық мақсат сонда орындалады».
«Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана».
«Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады».
«Жанайқай: қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!».
«Бөтен кісі қазаққа еш қайдан ештеңе жақсылық әкеп бермейді»
Əлихан Бөкейхан