Әкімқаралар қазақ мектептерін ашуға неге құлықсыз?!
Биылғы оқу жылында Алматы қаласы бойынша 10 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Бұл туралы тамыз кеңесінде Алматы қалалық білім беру басқармасының бастығы Рахат Шимашева мәлімдеді. Айта кетер жайт – бұл мәселе әсіресе қазақ мектептеріне қатысты болып отыр. Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында республикамыздың әр аумағында, ауылдық жерлерде бала санының жетіспеушілігіне және мектептердің апатты жағдайда деп танылуына орай ондаған мектеп жабылады. Биыл да еліміздің әр өңірінде көптеген мектеп жабылды. Ауылда мектеп жабылса, қалада орын жоқ болса, сонда қазақ баласы қайда барып білім алуы керек?
Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, еліміздегі қазақ мектептерінің санын арттыру мәселесі өте баяу жүруде. Тәуелсіздік алып, Қазақ елі дербес ел атанып, қазақ тіліне үстемдік берілгеніне 20 шақты жыл болса да, қазақ тілінің кең қанат жаюына бірден-бір әсер ететін қазақ мектептері санының көбеймей отырғаны өкінішті. Қазақ тілін үйретудің негізі балабақша мен мектептерде қалыптасатынын ескерсек, неге қазақтілді білім ошақтары мен мектепке дейінгі мекемелер санын көбейтпеске? Рас, елімізде бірлі-жарым мектептер салынып ашылып жатыр. Алайда елімізде ашылған мектеп санынан жабылған мектеп саны көп. Тіпті 10 мыңнан астам балаға орын жетпейтін Алматы қаласында әлі де болса орыс мектептерінің саны басым. Мәселен, Алматы қалалық білім басқармасының жалпы орта білім бөлімінің бастығы Максима Нұриқызының айтуынша, «2012-2013 оқу жылында Алматы қаласы бойынша 163 478 оқушы білім алған. Оның ішінде қазақ тілінде білім алған оқушылардың саны 73 782 болса, 85 956 бала орыс тілінде білім алған. Ал мектептер санына келетін болсақ, Алматы қаласы бойынша жалпы саны 185 мектеп болса, оның 59-ы – қазақтілді, 62-сі – орыстілді, 61-і –аралас, үшеуі – ұйғыр мектебі». Бұл – еліміздегі бас қалалардың бірі саналатын, күн өткен сайын ауылдан көшіп келіп, қаланың іргесіне қоныстанатын қазақ отбасыларының саны көбейген Алматы қаласындағы жағдай. Еліміздегі қазақтардың үлесі 70 пайызға жетті деп бөркімізді аспанға атып қуанып жүрміз, ендеше неге мектептердің үлесін 70 пайызға жеткізбеске?! Қазақ мектептерінің саны көбейсе, оларға баратын балалар саны да артар еді.
Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Тамыз айының басында редакциямызға шағымданған Алматы қаласы Түркісіб ауданына қарасты ата-аналардың арызынан кейін біздің газеттің араласуымен №83 аралас мектептен қазақ сыныбы ашылды. «Қазақ сыныбына бала саны толмайды» деп текетіресіп отырған мектеп директорының сөзін жоққа шығарып, 10 шақты күннің ішінде сол ашылған қазақ сыныбына 25 бала қабылданды. «Берсең, балаңды орыс мектебіне бер: қазақ сыныбында орын жоқ» деп ата-аналарды кеудесінен кері итеріп отырған мектеп директоры журналистердің араласуынан кейін ғана қазақ сыныбын ашуға мәжбүр болды. Ал қаншама жерде қазақ мектебінің жоқтығынан балалар еріксіз орыс тілінде білім алуда. Атап айтар нәрсе – осыған дейін де ата-аналардың арызынан соң газеттің араласуымен бірнеше рет жабылып жатқан қазақ сыныбы ашылған еді. Яғни қазақ сыныптарының көбеюіне ата-аналардың өздері мүдделі. Ендеше, ата-аналарды жүгіртпей, жан-жаққа арыздандырмай, жергілікті жердегі қалалық білім басқармалары, аудандық білім бөлімдері қазақ сыныптарының санын арттыруға неге тырыспайды?!
Жыл сайын Алматы қаласында табиғи өсіммен қатар, ішкі миграция әсері, оның ішінде күнкөріс қамымен ауылдық жерден қалаға көшіп келіп жатқан қазақтілді отбасылардың көбеюі байқалады. Мұны Алматы қалалық білім басқармасының бастығы Рахат Сейдахметқызының өзі де мойындап отыр. «Біздің қалаға халық көп көшіп келіп жатыр, сондықтан орын жетіспеушілігін толығымен жою мүмкін емес», – дейді. Ауылдан келетіндердің дені – қазақ балалары. Ал сол қазақ балаларын неге қазақ мектебімен қамтамасыз ете алмай отырмыз?! Тіпті баласын мемлекеттік тілде оқытқысы келетін өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Бұл түбінде қазақ тілінің өз елінде қанатын кеңге жайып, нағыз өз мәртебесіне ие болатынына деген халықтың сенімі болса керек. Бірақ соған сай қазақ мектептерінің көбейгені байқалмайды. Қазақ мектептерін, қазақ сыныптарының санын көбейтудің орнына, керсінше, қазақ сыныптарына бала қабылдамай қою секілді жайттар жиі тіркеледі. Мәселен, қаламыздағы кейбір мектептерде, мысалы, 9-сыныптың алтау-жетеуге дейін жеткенін көріп жүрміз. Ендеше, бір сыныпта 30 балаға дейін қысылып-қымтырылып оқып жатқан қазақ сыныптарын орыс мектептерінің есебінен неге көбейтпеске?! Аралас мектептерді біртіндеп қазақ мектептеріне айналдыру туралы ұсыныстың қоғамымызда айтылғанына қаншама жыл өтсе де, іс жүзінде аралас мектептердің «мұрты бұзылар» емес. Статистиканың өзі жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алатын оқушылар санының көбейіп, орыс тілінде білім алатындар қатарының азайғанын көрсетіп отыр. Ендеше, статистикаға сай қазақ мектептері неге көбеймейді? Бүгінгі күні Алматы қаласындағы қазақ мектептерінің саны орыс мектептерінен де, аралас мектептерден де аз екенін жоғарыдағы статистика байқатып отыр. Тіпті баласына қазақ тілінде білім алып бергісі келетін өзге ұлттардың да саны жыл санап артып келе жатқанын байқауға болады. Бірақ мұны жергілікті жердегі әкімқаралар, білім басқармалары байқамай отырған сыңайлы.
Алматы қаласында ғана емес, қазақ сыныптарының санын арттыру жалпы еліміз бойынша өте баяу жүруде. Еліміздегі қазақ мектептерінің көбінде оқушы саны қалыпты деңгейден артық. Олардың бірқатары бір партада үшеуден отырып білім алып жатса, енді біреулері үш ауысымда оқуда. Еліміздің ертеңін ұрпағымыздың біліміне қарай өлшер болсақ, бір партада үшеуден қысылып отырған ұрпақтың білім деңгейі қаншалықты болмақ?! Тіпті іргетасынан бастап жаңадан қалап, қазақ балаларына жаңа қазақ мектебін салып бермесек те, бала санын толтыра алмай отырған орыс мектептері есебінен қазақ мектептерінің санын неге арттырмасқа?! Әсіресе бұл мәселе Солтүстік облыстарға тікелей қатысты. Бұл жөнінде арнайы Солтүстік облыстарға барып, зерттеу жүргізген, сол зерттеу нәтижесін былтырғы оқу жылының алдында Білім және ғылым министрлігінің жиынында баяндама жасап, жариялаған саясаттанушы Дос Көшім мырза газетімізде естір құлаққа ұғынықты ұсыныстар да айтқан еді.
Дос КӨШІМ, саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
– Қазір елімізде қазақ мектептерінің саны жеткіліксіз. Әйтсе де қазақ мектептеріне деген сұраныс күн өткен сайын өсіп барады. Баласын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар санының өсе түсуі де қуантып отыр. Біз халықтың осы ынта-ықыласына сай қимылдап, дер кезінде қазақ мектептерінің санын көбейтуге, оларды сапалық тұрғыдан жақсартуға күш салуымыз керек. Бірақ дәл қазір осыған батыл бетбұрыс жасау жетіспей тұр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 17 мектеп бар екен. Оның біреуі ғана – таза қазақ мектебі. Қалғанының барлығы – орыс мектептері. Ал жалғыз қазақ мектебіне қазір балалар сыймай жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері «жаңадан қазақ мектебін саламыз» деген құр уәдемен ғана құтылуда. Өз басым есептеп көргенімде орыс мектептерінде 5000 оқушының орны бос тұрғанына көз жеткіздім. Ендеше, сол орыс мектептерін біріктіру арқылы 16 мектептің ең болмағанда бір-екеуін қазақ мектебіне айналдыруға болатынына көз жеткіздім. Тіпті кейбір орыс мектептері 30-40 пайыз ғана толық. Демек, бізге жаңадан мектеп салудан гөрі әлгі жартылай бос тұрған орыс мектептерін қазақ мектебіне айналдыру әлдеқайда арзанға түсер еді. Мен өз бетімше орыс мектептерін біріктіру арқылы қазақ мектебіне айналдыруды бала санына қарай есептегенімде, жеті қазақ мектебін ашуға мүмкіндік барына көз жеткіздім. Бұл – бір ғана Риддер қаласындағы жағдай. Еліміздің басқа да облыстарындағы мектептерде осындай өзгерістер жасасақ, қазақ мектептерінің санын арттыруға мүмкіндік туар еді. Қазір еліміздегі балаларын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар қатарының артуына орай, осындай батыл шаралар жасалуы керек. Және ата-аналардың өтінішіне қарай қазақ сыныптарын толассыз аша беруіміз керек. Дәл қазіргі таңда біз ешкімге жалтақтамай, ұлт мүддесі үшін жасалар нәрселерден бас тартпауымыз қажет.
Расында да, кейбір орыс мектептері 30-40 пайызға ғана толып отырғанда, қазақ мектептерінде балалардың аузы-мұрнынан шығып сыймай жатуы ақылға сыйымсыз. Айта кетер жайт, осы мақаланы даярлау барысында «елімізде нақты қанша балаға орын жетіспейді, орыс мектептерінің саны қанша, қазақ мектептерінің халі нешік?» деген сауалдарға жауап іздеп Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Алпамысқызына хабарластық. Телефонды көтерген хатшы қыз тиісті адамға қоспай жатып бас маман Ардақ Мадаханқызының ешкім көтермейтін телефонына жөн сілтеді. Жауаптан жалтарған маман бар жерде бұл мәселенің әзір шешілуі де қиын секілді.