Тәуелсіздік ұғымын Желтоқсан оқиғасынан бөліп қарау әсте мүмкін емес. Желтоқсан оқиғасын кейбіреулер соңғы репрессия деп те атапты. Иә, атауға тұрарлықтай. Өйткені оқиға Алматыда болғанымен, Қазақстанның түкпір-түкпірін былай қойғанда, шет жақтағы, әсіресе Кеңес әскерінің қатарындағы қандастарымызға да оның «салқыны» тиіп жатты. Екібастұз қаласына қарасты Қоянды ауылдық округінің қазіргі әкімі, 1986 жылы Ресейдің Чита облысы Забайкалье әскери округінің Даурия стансысында әскер қызметін өтеген Қуандық ӨТЕНОВ былай деп еске алады:
– 1986 жылдың 17 желтоқсаны. Ресейдің Чита облысы Забайкалье әскери округінің Даурия стансысында әскери қызметімді өтеп жүрген кезім. Кешкі сағат 16-да қарауыл бастығы болып кезекшілікке түстім. Сағат 17-де қарауыл сапқа тұрды. Осы кезде жанымызға «УАЗ» автокөлігі тоқтап, ішінен полковник шенін таққан әскери адам шықты. Сапты бастан-аяқ көзбен шолып өткен полковник:
– Араларыңда қазақ ұлтынан шыққан солдаттар бар ма? – деді қатқыл дауыспен. – Болса, бір қадам алға шықсын!
Бірлі-жарым қазақ солдаттары осы кезде суырылып алға шықты.
– Қаруларыңды тастаңдар да, жүгіріп кетіңдер! – деді полковник.
Жауынгерлердің жүгіріп кетуі мұң екен, өне бойын ыза мен жеккөру сезімі буған полковник басшыларымызға қарата өршелене сөйлеп кетті:
– Сендер өзі бұйрық оқымаушы ма едіңдер? Құпия бұйрық бар емес пе? Онда қазақ солдаттарын қару-жараққа жақындатуға тыйым салынған. Алматыда болып жатқан оқиғаны білмейсіңдер ме? Қазақтар орыстың балабақшадағы балаларына зорлық көрсетіп, жаңа туған сәбилерге істік қадап қырып жатқан жоқ па?
Осылай деп екіленген полковниктің көзі бір кезде маған түсіп кетті.
– Сенің ұлтың кім? – деді ол маған.
– Қазақ!
– Мен қазақтар саптан шықсын дегем жоқ па? Қаруыңды таста!
– Кешіріңіз, полковник жолдас! Сіздің ол бұйрығыңыз солдаттарға арналды. Мен болсам, офицермін. Гарнизон-қарауыл қызметінің жарғысына сәйкес, офицер өз қаруын полк командиріне немесе штаб бастығына ғана тапсырады. Сондықтан сізге қару тапсыруға менің құқым жоқ.
Қаны басына шапқан полковник осы тұста штаб бастығын шақырып алып, менің қаруымды алуды бұйырды. Осылайша, менің де казармаға кетуіме тура келді.
Ертесіне клубқа жиылып, «Правда» газетін оқыдық. Онда «Қазақ ұлтшылдары» деген мақалада қазақтарды әбден қаралап жазған екен. Кейін әлгі полковник айтқан құпия бұйрықты да көрудің сәті түсті. Онда «Қазақ ұлтынан шыққан солдаттар қару-жараққа жақындатылмасын!» деп жазылыпты. Осылайша, біз бір ай бойы қарусыз жүрдік. Үш ай бойы үйден хат-хабар болмай кетті, сөйтсек, келген хаттар оқылып, тексеріліп, бізге жетпей қалыпты. Қаратаев деген офицер екеуміз жасырынып Пекин радиосын тыңдағанда ғана Желтоқсан оқиғасынан хабардар болған едік...
Қазақ солдатына қару ұстатпаған құпия бұйрық
Последние статьи автора