АВТОВАЗ президенті Николя Мор Chalenges басылымына Lada Niva-ның үшінші буыны жайлы мәлімет берді. Көптен күткен машина 2024 жылы жарық көреді. Алдымен нарыққа бағасы 12-16 мың еуро болатын үш есікті көлік шығады. 2025-2026 жылдары Grand Niva деп аталатын бес есікті түрленімі конвейерге тұрады. Оның бағасы 20 мың шамасында болуы мүмкін деп хабарлайды kolesa.kz.
Бізге жақсы таныс үш есікті Niva Legend-тің салондағы құны 5.1 млн теңгеден (10 мың еуро) басталады, ал Niva Travel-дің ең арзанын 5.6 млн теңгеге (11.2 мың еуро) аласыз. Демек модель біршама қымбаттайды.
Елу жылға жуық тарихы бар «Ниваның» үшінші буыны Duster-мен CMF-B платформасын бөліседі. Мотор гаммасында 114 және 143 ат күшін беретін 1.6 және 2.0 литрлік екі атмосфералы қозғалтқыш пен 150 күшке ие 1.3 литрлік турбомотор бар. Олар алты сатылы механикамен және вариатормен жұмыс істейді.
Жаңа «Нива» румыниялық туысынан қысқалау болады. «Ол клиренсі 24 см және Land Rover Defender мүмкіндігіне ие толық жетекті автокөлік болады», — дейді жаңа «Ниваның» жобасын әзірлеуге қатысып жатқан АВТОВАЗ маманы.