2 тамызда Toyota-ның жаңа жол талғамайтын көлігінің тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Ол Land Cruiser Prado J150-дің ізбасары. Бірақ атауында әзірге «Прадо» сөзі жоқ.
Автомобильді топтамадағы бұрынғы FJ62 секілді ретростильде жасаған. Комплектациясына байланысты алдыңғы жағы әртүрлі дизайнмен шығады. Мәселен, көліктің базалық және қымбат нұсқалары домалақ жарық техникасына ие болса, орташа нұсқасын төртбұрышты жарықдиодты шамдармен жабдықтайды.
Land Cruiser 250 LC Prado-дан ірілеу. Ұзындығы — 4925 мм (+100 мм), ені — 1980 мм (+95 мм), биіктігі — 1870 мм (+20 мм), ал дөңгелек базасы 60 миллиметрге ұлғайып, 2850 мм болды.
J250 жаңа буындағы Lexus GX, Land Cruiser 300, Lexus LX-пен және Tundra, Tacoma пикаптарымен бір платформаны бөліседі. Жол талғамайтын көлік рамасын сақтап қалды. Бірақ жоғарыда аталған модельдерден өшіруге болатын алдыңғы тұрақтандырғыш (SDM) орнатқан алғашқы Toyota ретінде ерекшеленеді. Бренд көліктегі электронды басқарылатын кинетикалық тұрақтандыру жүйесін (KDSS) SDM-ге ауыстырған сияқты.
Көмекші құралдар арсеналы LC 300 арқылы танылған артқы дифференциалды бұғаттау жүйесі және заманауи Multi-Terrain Select (MTS), Multi-Terrain Monitor (MTM) жүйелері және Crawl Control круиз-бақылауы секілді қосалқы электроникадан тұрады. LC Prado толық жетек пен төмен беріліс функциясына ие. Жол саңылауы — 221 миллиметр, ал кіру, шығу бұрышы және рампа сәйкесінше 31, 22 және 25 градусқа тең. Рөлдегі гидравликалық күшейткішті электрлі түрімен алмастырды.
Модельдің мотор гаммасында 6 сатылы автоматпен жұптасып жұмыс істейтін 2.7 литрлік атмосфералы 2TR-FE қалады. Ол 163 ат күші мен 246 Нм момент береді. Бұдан бір саты жоғары 2.8 литрлік дизельді 1GD-FTV пен 8 сатылы автомат тұрады. Екеуі 48 вольттық стартер-генератордың бар-жоғымен ерекшеленеді. Екі агрегат та 204 ат күші мен 500 Нм береді.
Ал ең жоғарғы орынға 2.4 литрлік T24A-FTS турбомоторы мен оның гибрид түрленімі жайғасты. 8 сатылы автоматпен жұмыс істейтін қозғалтқыш 281 ат күшіне ие (430 Нм). Бензинді-электрлі нұсқасының қуаты 330 ат күші мен 630 Нм-ге тең.
Темір тұлпардың интерьерін қырлы панель, ірі батырма, домалақ ауа өткізгіш орнатып, ретростильде әрлеген. Бірақ цифрлы аспаптар панелі, 12.3 дюймдік медиажүйе экраны, проекциялық дисплей, сымсыз қуаттағыш, 14 динамигі бар опциялық JBL аудиожүйесі, желденетін креслолар және Toyota Safety Sense 3.0. жүргізуші ассистенті сияқты заманауи аспаптар жиынтығын табасыз. Көптеген USB-C жалғағыш, жүксалғыштағы 220 вольттық рәзетке мен алдыңғы орындықтардың арасында орналасқан салқындатқыш боксты да айта кеткен жөн.
Автомобильдің бағасы белгісіз, бірақ АҚШ-та гибрид базалық нұсқа шамамен 50–55 мың доллар (22.2-24.5 млн теңге) тұрады.
Kolesa.kz редакциясы Land Cruiser Prado-ның жаңа буыны туралы жаңалық жариялады.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz