Hyundai-нің Қазақстандағы модельдік топтамасына i20 хетчбэгі қосылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Үшінші буындағы автомобиль 2020 жылы ақпанда жарық көрген, ұзындығы 4 метрден асады, ал дөңгелек базасы — 2.6 метр. Шағын i20 бізге жақсы таныс Hyundai Getz-тің ізбасары саналады, машина Bayon кроссоверімен бір платформада жасалады.
Біздің елде i20 моделі 100 ат күшіне (134 Нм) ие 1.4 литрлік атмосфералы мотормен (MPI) жүреді. Агрегат 6 сатылы автоматпен жұмыс істейді. Бұл Bayon-ның күштік құрылымымен бірдей. Көлік алдыңғы жетекті.
Автомобиль үш комплектацияда сатылады. Ең қарапайым нұсқасы (Active) 8 млн теңге тұрады. Мұндай машина екі қауіпсіздік жастығы, көмекші жүйелердің базалық жинағы, круиз-бақылау, ауа баптағыш, қарапайым аудиожүйе және бір USB-портпен жабдықталады. Алдыңғы орындық пен рөлі қолмен реттеледі, салоны матамен қапталған, айнаны жылытуға болады. Шамы галогенді, дөңгелек дискісі — 15 дюйм, шина өлшемі — 185/65.
Style жиынтығы 8.5 млн теңге тұрады. Жабдықтар тізімінде бүйірлік қауіпсіздік жастығы мен пердесі, артқы парктроник, кілтсіз ашу жүйесі, климат-бақылау, жылытуға болатын алдыңғы орындық пен рөл, екінші қатардағы жолаушыларға арналған қосымша USB-порт және жарықдиодты шам бар. 16 дюймдік дөңгелек дискісі 195/55 өлшемді шинамен қапталған.
Үздік Prime түрленімін 9.1 млн теңгеге алуға болады. Машинада алдыңғы парктроник, артқы көрініс камерасы және автоматты тежеу, жолақта ұстау сияқты электронды көмекшілер бар. Қарапайым аудиожүйе орнына 8 дюймдік экраны бар медиакешен орнатқан, бұдан бөлек смартфонды сымсыз қуаттау мүмкіндігі және автоматты күңгірт түске енетін салондағы айнаны айтуға болады. Оптикасы толықтай жарықдиодты, сондай-ақ тұманға қарсы шам, күңгірттелген артқы әйнек сияқты пайдалы заттар бар.