Көліктерге SOS батырмасын орнату міндеттелмейді. Бұл туралы жартыжылдықты қорытындылаған Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
"Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс барысында көліктерге "SOS" батырмасын орнату міндеттемесі алынып тасталды. Бұл ел азаматтарына осындай құрылғыларды орнату бойынша қосымша шығынды қысқартуға мүмкіндік берді", - деп мәлім етті Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, құзырлы орган электр құрылғыларының қуат тиімділігі туралы регламентті енгізу уақыты ұзарғанын жеткізді.
Ведомство дерегінше, мұндай шешім қабылданса, онда тұрмыстық техника құны қымбаттауы мүмкін. Сондықтан, оны енгізу мерзімі кейінге шегерілді.