Бұрын Оңтүстік Кореяда жасалған автомобильдерді жақсы көлікке ақшасы жетпеген азаматтар таңдаса бүгінде кәрістер құрастырған темір тұлпарлар кез келген маңдайалды компанияның өнімімен бәсекелесе алады. Экспресс К елімізде аса танымал Hyundai мен Kia автомобильдерінің артықшылықтары мен кемшін тұстарын сараптап көрді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
КСРО-ның қабырғасы сөгілген 90-жылдары Қазақстанға ағылған көліктер арасында Жапония мен Еуропаның өндірісінен шыққан темір тұлпарлардың үлесі басым болса, бүгінде отандық нарықты кәріс автомобильдерінің жаулап алғаны мәлім.
Hyundai мен Kia бір концерннің құрамына кіретіндіктен қос автомобильдің басымдықтары да, осал тұстары да ұқсас келеді. Шамамен он жыл бұрын жапониялық және еуропалық бәсекелестерінен озу мақсатымен бағасы арзан сапалы көлік жасау жобасын бастағанда оңтүстіккореялықтар Accent және Rio автомобильдерінің оза шабарына сенген болатын.
2021 жылы Hyundai Accent қазақстандық нарықта тек бюджеттік Chevrolet модельдері — Nexia Cobalt-қа ғана есе жіберді
Бүгінде Қазақстандағы кәріс көліктерінің бағасы Күншығыс елі мен немістердің конвейерінен шыққан темір тұлпарлардың бағасына теңессе де халық Hyundai мен Kia-ны таңдайды. Мысалы: 2021 жылы ең көп сатылған көлік түрлерінің тізімінде 9 мың данасы сатылған Accent үшінші орынға ие болса, Rio бесінші, Creta алтыншы, Elantra жетінші орында тұр. Бірақ бұл көрсеткіш "кәрістер" мінсіз көлік құрастырады дегенді білдірмейді.
Қозғалтқыштардағы ұстамалар — Hyundai және Kia / Drive2-нің белгілі ауруы
Мысалы, автокөліктердің мәселесі талқыланатын интернет-форумдарда көлемі 2 және 2,4 литрлік G4 моторлары көп талқыланады. Сондағы ең қызу тақырып — аталмыш қозғалтқыш поршеньдерінің тез қажалатындығы. Құрылғы сапасының сын көтермейтіні сол, кейде кінәрат көлікпен 100 мың шақырым жүріп үлгермей жатып пайда болып, майды артық шығындауға алып келіп соқтырады. Жол бойы мотордың тарсылдауы да мазаны кетірерін ұмытпаған жөн.
Hyundai мен Kia-ға ортақ тағы бір кемшілік — мотордағы газ тарататын механизм айналдырғышының тез тозуы. Құрылғы тізбектен шығып кетіп поршеньдердің клапандарды ұруына әкеліп соғады. Мұндай ақау шыққан қозғалтқыш күрделі жөндеуді қажет етеді.
Сол себепті, мамандар мотордан кінәрат шықпау үшін әрбір 7,5 мың шақырымнан кейін майды ауыстыруды ұсынады. Яғни, арнайы нұсқаулықта көрсетілген 15 мың шақырымнан кейін май ауыстыру қажет деген бос сөз. G4 моторларына тән тағы бір кемшілік — олардың суыққа төзімсіздігі. Қыс мезгілінде көлігіңізді жақсылап қыздырып алмай жол жүру мүмкін емес. Ал қатты аяз кезінде темір тұлпарды үйде қалдырып, жұмысқа жаяу барғаныңыз арзанға түседі.
Hyundai және Kia катализатор түрлендіргіштері өте тез істен шығады / дыбыс өшіргіш-қорап
Hyundai мен Kia-ға ортақ тағы бір ақау — жанармай сапасын бақылап отыратын арнайы каталитикалық сүзгінің жылдам істен шығуы. Отандық өндірістен шығатын жанармай құйылған кәріс көліктерінен 100 мың шақырым жол жүргеннен кейін ақаудың жиі шығуы да осыған байланысты. Себебі сүзгіге салынған үгінділер мотордың цилиндріне түсе бастайды. Осыдан кейін не сүзгіні ауыстыруға тура келеді, не оны алып тастау керек. Екі шешімнің де көлік иесіне қымбатқа түсерін естен шығармаған жөн.
Кәріс көліктерінің тағы бір осал тұсы — тежегіш дисктерінің тез қажалуы мен рөлді айналдыратын ұршық тектес ілінбелі құрылғының тарсылдауы. Сондай-ақ, сыртқы бояудың жұқа жағылуы себепті кузовта ұсақ ойықтардың пайда болуы да көлік иесіне ұнай қоймайтыны анық. Жарықтың әлсіздігі мен әсіресе тежегішке тиесілі лампалардың тез күйіп кететіні Hyundai мен Kia-ға тән шешімін таппаған мәселердің бірі.
Hyundai/Kia концерні құрастыратын кроссоверлердің толық беріліс қорабының жұмысы да сын көтермейді. Қарда аз-кем тығылып қалған көліктің ілініс механизмі тез қызып кетуі себепті төрт дөңгелектің бірдей іске қосылуы пайдасыз болып қалады. Бірақ мұның барлық кроссоверлерге тән кемшілік екенін ұмытпаған жөн.
Бақылау тақтасындағы шамдардың гирляндасы толық жетекті / киа-селтосын өшіру туралы хабарлайды
Көліктің ішкі безендірілуіне келер болсақ Hyundai мен Kia-ны люкс классты автомобильдермен салыстыра алмайсыз. Бірақ салондағы әрбір құрал мен пластик қаптама асқан ұқыптылықпен бекітілгенін байқауға болады. Сондықтан көлікті қандай жылдамдықпен айдасаңыз да салдырлаған дыбысты естімейсіз.
Техникалық қызмет көрсету орталықтарында кәріс автомобильдеріне есік қашанда айқара ашық. Автошеберлер Hyundai/Kia-ның кез келген моделінің жөндеу жұмысы жапон немесе неміс көліктерінен оңай екенін айтады.
Hyundai және Kia автомобильдерінің бағалары тұрақты
Кәріс көліктерінің тағы бір тиімділігі — сұраныстың жоғарылығы. Мысалы, 2012-2013 жылы шыққан Hyundai Accent-тің 3-3,5 миллионнан арзанын таба алмайсыз. Яғни, өзіңізге тиесілі Hyundai/Kia-ны қанша жол жүргеніне қарамастан кез келген уақытта жақсы бағаға сатуға болады деген сөз.