Jetour маркасы Қазақстанға келе ме?
Көлік типін мақұлдау құжаттары сақталатын жергілікті реестрде Jetour X70 кроссовері туралы бет пайда болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл біздің елде танымалдығы артып келе жатқан Chery-дің суббренді саналатын марка. Ол өз отанында жастарға арналған машиналар шығарады.
Құжаттағы мәліметке сүйенсек, Chery Tiggo 8-бен бір платформаны бөлісетін Jetour X70-ті «СарыарқаАвтоПром» мамандары құрастырады. 147 ат күшіне ие (210 Нм) 1.5 литрлік турбомотормен жүретін жеті орынды көлікті марка автомат не механика қораппен ұсынады.
Жабдықтарына қатысты нақты мәлімет жоқ, дегенмен тізімде алдыңғы және бүйірлік қауіпсіздік жастықтары, бірнеше электронды көмекші, артқы көрініс камерасы мен шинадағы қысымды хабарлағыштар болатыны белгілі.
Jetour бренді Қазақстан нарығына қашан ресми шығатыны белгісіз, бірақ X70 құжаттары дайын.