Армян нөмірін таққан «егіз» Toyota Estima ұсталды
Батыс Қазақстан облысында полицейлер бірдей Армения нөмірін таққан екі Toyota Estima минивэнін ұстады - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы «Мой ГОРОД» порталы тілшісі БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды.
Екі жүргізуші де міндетті сақтандыру полисін алмапты, біреуі бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Estima нөміріне жылдамдық асырғаны үшін бірнеше айыппұл тіркелген, жалпы сомасы — 310 500 теңге.
Полиция екі машинаның техпаспортында бірдей мемлекеттік нөмір мен шанақтың VIN-нөмірі жазылғанын хабарлады, бірақ бір минивэннің шынайы коды басқаша, бұл біреуінің құжаты жалған екенін білдіреді. Екі тұрғын да машинаны қазіргі қалпында сатып алғанын, құжаты мен нөмірін өзгертпегенін айтып отыр. Бірақ құжатта көрсетілген деректің шын-өтірігін тексермепті.
Полицейлер екі автомобильді арнайы тұраққа қойып, сараптама жүргізіп жатыр.