Алматыда шығатын Accent-тің шанағы қайдан келеді?
Бір апта бұрын Hyundai Trans Kazakhstan зауытында Hyundai Accent қайта шыға бастағаны белгілі болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Ол кезде Алматыға машина бөліктері бірден бірнеше ел: Қытай, Үндістан, Корея және Ресейден келетіні хабарланды.
«Русский автомобиль» телеграмм-арнасының жүргізушісі Сергей Цыганов алматылық «акценттің» шанағы қайдан келетінін анықтады. Сөйтсе, оны бұрынғыдай Ресейдегі зауыт жөнелтеді екен.
Цыгановтың сөзіне сенсек, кәсіпорындағы шанақ жасайтын алаң жақында іске қосылған.
«ХММР ұзақ уақыт шанақ жеткізуші қызметін атқаруы мүмкін. Алайда одан түскен табыс қалған инфрақұрылым шығынын өтеуге жетпейді», — дейді автор.
Санкт-Петербургтегі зауыт басшылары да соны түсінгендіктен маман санын азайтып жатқан сыңайлы. «Русский автомобиль» таратқан ақпарат бойынша тараптардың келісімі бойынша жұмыстан босату қаңтардың ортасында басталып, бір айға созылады. Өтемақы ретінде компания жұмысшылардың бір жылдық жалақысын төлейді.