4 жылда 322 адамды пойыз қағып кетті
Өткен 4 жылдың ішінде еліміздің аумағында 322 адамды пойыз қағып кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бас прокурор ұсынған статистикалық мəліметтерге сəйкес, өткен 4 жыл ішінде 322 адамды жəне 2,3 мың малды пойыз қағып кетті. Оқиға салдарынан 187 адам қаза тауып, 135-і əртүрлі дəрежеде жарақат алған. 249 оқыс оқиға кезінде адамдар қауіптілігі жоғары аймақта болу қағидаларын сақтамаған. 31 адам суицид жасаса, 30-і ішімдікке мас күйде болған. Ал 13 оқиғаға өзге себептер түрткі.
«Басып кету жағдайларының негізгі себептері - адамдардың теміржол жолдарымен белгіленбеген жерлерден өтуі жəне жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде, сондай-ақ теміржол жолдарына бөлінген белдеулерде мал жаюы. 2019-2021 жылдары ішінде жəне осы жылдың 8 айында теміржол көлігінде қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабы бойынша жеке жəне заңды тұлғаларға қатысты 854 əкімшілік іс қозғалды», - деді Берік Асылов.