Қазақстанда көлікке әріптік нөмір таңдауға болады
Қазақстанда жүргізушілерге өз көлігіне кез келген әріптік нөмірді таңдауға мүмкіндік беретін құрастырушы пайда болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желіде жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оrda.kz-ке сілтеме жасап.
Басқарма басшысы қазіргі уақытта қазақстандықтар автокөлікке сұраныс артқан нөмірлерге электронды үкімет порталы мен eGov мобильді қосымшасы арқылы тапсырыс бере алатынын атап өтті.
«Мен қазір не болып жатқанынан хабардармын, кейбір арналар арқылы қайталама нөмірге (саны бірдей немесе ұқсас) тапсырыс беруге болатыны туралы ақпарат маған да белгілі. Сондықтан біз көлік нөмірін жасау қызметін енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл функция арқылы клиент өзі үшін кез келген әріпті таңдай алады. Мысалы, өз атыңыздың алғашқы үш әрпін ала аласыз. Бізде бұл қызметке сұраныс жоғары», – деді министр.
Бағдат Мусин Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, сұранысы жоғары нөмірлерді сату қызметін енгізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Енді азаматтарға eGOV арқылы көлік нөміріне тапсырыс беру мүмкіндігі бар.
«Көлік нөмірін құрастырушы қызметін жүзеге асыру үшін бізге сұранысы жоғары нөмірлер тізімін ұлғайтуды заңды түрде бекіту керек. Бұл орайда біз Парламент тарапынан қолдау табамыз деп үміттенеміз. Өз кезегінде мұндай нөмірлерді сату арқылы бюджетке қосымша қаражат түсірер едік», – деді министр.