Заң бойынша газ баллон орнатқан автомобильді техникалық тексерістен өткізер алдында иесі арнайы зертханада газ жабдығын тексертіп, сынақтан өткені туралы куәлік алуы қажет, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Машина содан кейін ғана техникалық тексерістен өтеді, техбайқау кезінде көліктегі ГБҚ нөмірі мен куәліктегі нөмірді салыстырып тексереді.
Билік бұл ережені бекітіп, жариялаған, бірақ 2023 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұрды. Себебі елімізде газбен жүретін машинаны тексеретін зертхана жетіспейді. Содан бері ондай машинаның техникалық жағдайын көлік иесі өзі бақылауға міндетті болды.
Құжатта көрсетілген 2023 жылдың 1 шілдесі өтті. Енді көлік тексеретін орындар жоғарыда аталған куәлігі жоқ ГБҚ орнатқан машиналарды техбайқаудан өткізуден бас тартады.
Мұндай машина мініп жүрген тұрғындар не істейді?
Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Kolesa.kz редакциясына хабарлағандай, қазір елімізде газ баллон тексеруге рұқсаты бар жеті зертхана ғана жұмыс істеп тұр. Бұл өте аз.
Ол орталықтар мынадай мекенжайда орналасқан:
Тағы бірнеше зертхана аккредитация алуға дайындалып жатыр.
Демек ГБҚ тексеретін зертханасы жоқ өңірдегі жүргізушілер көршілес қалалар мен облыстарға баруға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдайда техбайқау мерзімі өтіп кетпеу үшін ертерек қимылдауға тура келеді. Өйткені елімізде техникалық тексерістен өтпеген автомобильмен жолға шығуға тыйым салынады.
Бұған дейін ҚР ІІМ елімізде газбан жүретін 350 мыңнан аса машина бар екенін әрі олардың күн сайын көбейіп келе жатқанын хабарлаған. Полиция мәліметінше газбен жүретін көліктерде өрт саны артып келеді. ІІМ мұндай апатқа ГБҚ орнатқан кей машинада артық қысым клапанының болмауы себеп болатынын айтады. Баллонды 85 %-дан асырып толтырса, температура көтерілген кезде газ көлемі артып, жарылыс болады.