Елордада Қазақстан халқы ассамблеясының «Ұлы Дала елінің киелі мұралары» республикалық тарихи-экологиялық акциясы бастау алды.
Акцияның мақсаты - киелі мұралар ескерткіштерін сақтау мен дәріптеу. Сонымен қатар оның аясында қоғамдық маңызы бар жалпы мәдени әрі рухани құндылықтар негізінде қазақстандық бірегейлік пен отансүйгіштікті нығайту шаралары өткізіледі. Акция барысында Екінші дүниежүзілік соғысы жауынгерлері жерленген жерлерді абаттандыру бойынша жұмыстар қамтылады.
Айта кететін жайт, «Ұлы дала елінің киелі мұралары» акциясы бүкіл ел бойынша облыс орталықтарында, аудандар мен ауылдарда бір мезгілде басталып, үш кезеңмен өткізіледі. 5-9 мамыр аралығын қамтитын бірінші кезеңі «Қамқор акциясы» деп аталып, мұның аясында этномәдени бірлестіктердің жастар қанатының өкілдерін ҰОС ардагерлеріне әлеуметтік және өзге де көмек көрсетіп, ҰОС тақырыбына арналған ескерткіштер мен монументтерге күтім жасайтын еріктілер топтарын ұйымдастыру көзделген.
Акцияның екінші «Тағзым атты кезеңі 2018 жылғы 28-31мамыр аралығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Ал «Ұлы дала елінің киелі мұраларына» жататын жерлер бойынша өңірлік экспедициялар мен экологиялық сенбіліктер ұйымдастыружды мақсат тұтқан үшінші кезең 14 маусым басталады деп күтілуде.
Еркенұр Ерзия