Шымкентте «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты форум өтті
Елімізде жыл сайын 18 қазанда «Рухани келісім күні» аталып өтеді. Бұл күнді атап өту 1992 жылдың 18 қазанында Алматы қаласында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлімдік рухани келісім конгресі өткен күннен басталаған болатын. Сол күні елімізде адамзат тарихында алғаш рет барлық діннің өкілдері мен қоғамдық діни ұйымдардың өкілдері бас қосқан еді. Осы жиында 18 қазан күнін «Рухани келісім күні» деп жариялауға үндеген манифест қабылданды. Міне осы кезден бастап Қазақстанда 18 қазан күні «Рухани келісім күні» ретінде тойланып келеді. Біздің Отанымыз көп ұлтты мемлекет. Өйткені елімізде 130 этнос пен 17 конфессия өкілдері мекен етеді. Дархан пейілді еліміз олардың да сүйікті Отанына айналып кеткен. Халықаралық сарапшылар Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін жасағанын әрдайым айтып та, мойындап та келеді. Этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы Қазақстанның жүріп өткен жолын, тәжірибесін қазіргі таңда көптеген елдер зерттеп, өздеріне үлгі тұтуда. Елбасымыз бейбітшілік пен бірлікті, тұрақтылық пен тұтастықты, ынтымақ пен ауызбіршілікті сақтау еліміз үшін маңызды екенін жасаған Жолдауларында да нақты айтып өткен болатын. Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы мына жолдарды келтіріп өткеніміз жөн болар. Өйткені Елбасымыздың әрбір жолдауы біздің елдің жүрер жолы, нақты бағыт-бағдары. Жолдауда «Кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін бейбітшілікке, келісімге, әділдікке ұмтылу құрайды. Көп ұлтты қазақстандық мәдениетке тән рухани бастамаларды нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Жыл сайын Қазақстанда рухани келісім күні атап өтіледі. Қазіргі таңда түрлі этностар мен дінге жататын адамдарды біріктіруге қабілетті рухани құндылықтарды бекіту тұрақты күш-жігерді, әрі түрлі елдердің діни көшбасшылары, ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері тарапынан үнемі назарды қажет етеді. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын өткізу қазіргі әлемнің руханилығын нығайтуға, мәдениеттер мен өркениеттер үн қатысуларын кеңейтуге маңызды қадам болатындығына сенімдімін» деп аталып өткен болатын.
Бүгін осындай айтулы күннің қарсаңында Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты форум өтті. Қазақстанның ең басты стретегиялық бағыты – рухани келісім мен татулықты сақтаудың маңыздылығын насихаттау мақсатында өткен мерекелік іс-шараға Шымкент қалаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студент жастар қатысты.
Форумды Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрғасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов ашып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде бүгінгі мерекенің мәні мен маңызына кеңінен тоқтала келіп: «– Халқымызда «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген сөз бар. Дәулеті өскен, сәулеті келіскен бүгінгі Қазақстанның толағай табыстары – ынтымағымыз бен ырысымыздың берген жемісі деп білеміз. Біздің бірлігіміз төзімділікке, адамды сүюге, қайырымдылыққа шақыратын жоғары адамгершілік мұраттарға негізделген. Бүгінде Қазақстанда халықаралық қауымдастық мойындаған татулық пен бейбітшіліктің ерекше үлгісі қалыптасты. Еліміздің өзара келісімге негізделген бағыт-бағдарын әлем жұртшылығы жоғары бағалауда. Міне, осындай сыйластық пен үйлесімділікке негізделген ізгі ниетімізді кейінгі ұрпақ бойына сіңіру ассамблея мүшелері мен конфессия өкілдерінің мерейлі міндеті болуы қажет», – деп атап өтті.
Келелі жиында сөз алған Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы Заңғар Үсіпахметов, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ел бірлігі» депутаттық тобының жетекшісі Әбілқасым Досболов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев, Шымкент қалалық орыс православиелік шіркеуінің қызметкері Александр Могилевский бейбітшілік пен бірліктің, ынтымақ пен татулықтың және елімізде жүргізіліп жатқан сындарлы саясаттың арқасында бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімізге тоқталып, әрдайым еліміздің ортақ мүддесі үшін аянбай еңбек ететіндерін айтып өтті.
Салтанатты шараның соңы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен облыстағы этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Күн сайын өзгеріп, түрленіп жатқан алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау – бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі. Сондықтан бейбітшілік пен бірлік, ынтымақ пен татулық – еліміз үшін қастерлі де қасиетті ұғым.
Нұрлы Еділов