Шавкат Исмаилов: "Қазақ қырғыз бір туған"
Исмаиловтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 37 мыңға жуық қырғыз өмір сүреді. Олардың барлығы - Қазақстан азаматтары. Сондай-ақ, Қазақстанда жүруге рұқсаты бар 17 мыңға жуық Қырғызстан азаматы тұрады. Ал, 40-60 мыңға жуық адам – рұқсатпен жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттары. Олар негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірі – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен екі елдің шекаралас аймағында тұрады. Ал, Астанада 10 мыңға жуық қырғыз өмір сүреді.
«Қырғыз мигранттары Қазақстанға жылдам үйреніп кетеді. Неліктен? Себебі, тілдеріміздің, салт-дәсүрлеріміздің, өмір сүру салтымыздың ұқсастығы мен тарихи жақындығымыз да бар. Қыз алып, қыз берісуіміз де бұл процеске ықпал етеді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай «миллиондаған тағдырдың тоғысуы» деген осы», - деді тілшіге берген сұхбатында Шавкат Исмаилов.
ҚХА мүшесі қырғыздардың Қазақстанға келу тарихы жайлы да әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қазақ жеріне алғаш рет қырғыздар Абылай ханның тұсында көшіп келген. Қазір Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары аумағында солардың ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Кейіннен қырғыздар Қазалы, Шалқар, Байқоңыр, Қызылорда жақты паналаған. Ол жерлерде қазір 15 мыңға жуық қырғыз тұрады. Олар өздерін Қазалы қырғыздары деп атайды. Бірақ, олар қазір ассимиляцияланып, қазақ болып кеткен. Бұл оқиғалардың барлығы 16-18 ғасырлар арасында болған. Ал, негізгі көші-қон тың игеру кезінде орын алған.
«Сол кездері қырғыздар көп келген. Сондай-ақ, қазақ жеріне әскерге келгендер қалып қойған, отбасы құрып қалып қойғандар да бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың көші-қоны жандана түсті. Содан бері мигранттар ретінде келген қырғыздар саны артып келеді. Егер 1999 жылы санақ бойынша Қазақстанда 10 мың қырғыз болса, бүгін олардың саны 37 мыңға жеткен. Яғни, Қазақстан азаматы атанған қырғыздар саны 3,5 еседен аса көбейген», - деп әңгімеледі ол.
Маманның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 9 мәдени орталық жұмыс істейді. Олар елдің түрлі ауданы мен облысында орналасқан. Әр орталықта өзінің көркемдік ұжымдары жұмыс істейді. Астанада демалыс күндері жұмыс істейтін мектептер мен еңбек мигранттарын қолдап, оқытатын орталық бар.
«Этномәдени бірлестіктердің бағыттарының бірі – мемлекеттік-ұлттық саясатты жүзеге асыру. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында басқа орталықтар сияқты ұлттық бірлігімізді нығайтуға, Қазақстандағы қоғамдық келісімді қалыптастыру бағытында жұмыс жасаймыз. Алдағы уақытта этномәдени бірлестіктердің рөлі артпақ. Менің ойымша, бұл Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға ықпал етеді. Мен барша жұртты 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймы. Қазақ пен қырғыз бір туған деген сөздің жаны бар», - деп түйіндеді Шавкат Исмаилов.
Еркенұр Ерзия