Қазақстан көшбасшысының «Қазақстандықтар болашағы біртұтас ұлт, Қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек. Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік» деуі шынайылықтың белгісі болып табылады. Мұнда жалпыадамзаттық құндылықтар шеңберінде барлық қазақстандықтарға ортақ «Мәңгілік Ел» идеясына ерекше мән берілген.
Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік — баға жетпес байлық, ал тұрақтылық тұғыр. Қазақ елі бүгінгі берекелі күнге бірліктің арқасында жетіп отыр. Елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші халықтардың өзара татулығы негізінде дами түсетіні түсінікті. Ел басқарған парасатты басшылар қашан да бірлік пен татулыққа аса мән берген. Тәуелсіздік жылдарында көңілі дархан, қолтығы кең қазақ даласын мекен еткен бірде-бір ұлыстың өкілі өзінің туған тілін жоғалтпауы өзгелерге үлгі болуы тиіс. Саны ең аз саналатын этнос өкілдеріне дейін тілі мен ділін сақтап, қал-қадерінше дамытуына барлық жағдай жасалып келеді екен. Демек, мемлекеттің қасиетті қазақ жерінде өсіп-өнген кез-келген ұлыс өкілінен қазақ тілін барынша меңгеруін, мемлекеттік тілді құрметтеп, сыйлауын талап етуге құқығы бар.
Бүгінде жер жаһандағы күрделі жағдайлар этностардың түсініспеушілігінен туындап отыр. Оған әсте жол беруге болмайды. Қазақстанда этностық топтардың бейбіт өмір сүруі қалыптасқан дәстүр. Тәуелсіздік алғаннан бастап, Қазақстан Президентінің қолдауымен бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Оны әлем көріп отыр.
Қазақстандағы халықтардың полиэтностық құрылымы жағдайында тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікті сақтау үшін ұлттық саясат пен діни сенімдері әр түрлі адамдардың арасындағы толеранттылық мәселелері елеулі маңызға ие. Бұл тұрақтылықты сақтаудағы басты фактор. Президенттің ұлтаралық келісім басты құндылық екенін үнемі айтып отыруы жақсылыққа бастайтын жол. Тәуелсіздік жылдарында теңгерімді және сарабдал ұлттық саясат жүргізудің арқасында Қазақстанда ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың орнығуына, ұлттық-рухани жаңғыру мен елдегі барлық этностардың тең құқылы дамуына жол ашып отыр.
«Біздің еліміз өзінің табысты даму моделімен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті», деп атап өтіпті Президент өзінің «Ұлт Жоспары қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында. Қазақстан халқы осы жолдан айнымауы керек.
Бүгінде Қазақстанның барлық аймақтарында Достық үйлері жұмыс істеп тұрғанын байқаймыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттар бірегей мәдениетін сақтап қалу мүмкіндіктеріне ие болуы керек» деген пікірі осында тұратын халықты бір тудың астына жиналуға үндеп отыр. Достық үйлері – қоғамдық келісім бағытындағы жұмыстарды үйлестіруші орталық. Қазіргі таңда Қазақстанда жалпы саны 33 Достық үйі бар екен. Алматыдағы республикалық Достық үйінде болған мәдени-көпшілік шараларға қатысып, одан өзіме рухани азық алғаныма ризамын.
Еркенұр Ерзия