Биыл Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. 90 жылдық ғұмырының 70 жылын қазақтың ән өнеріне арнаған Роза Тәжібайқызының құрметіне 13 сәуір күні сағат 19.00-де Алматы қаласындағы Құрманғазы оркестрінің концерт залында арнайы концерт өтпек.
«Қазақтың қаһарман қызы» атты мерекелік концертте еліміздің бетке ұстар өнер жұлдыздары қатысады деп күтілуде. Атап айтсақ, концерттік бағдарламада Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Алтынбек Қоразбаев, Гүлнәр Сиқымбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова, Игорь Благодарный, Айгуль Иманбаева, Асхат Үрпеков, Шаба, Бауыржан Исаев, Зарина Жакенова сынды әртістер мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі өнер көрсетіп, Роза Бағланованың репертуарындағы кейбір әндер де шырқалмақ.
Әншінің мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған концерт осыған дейін 1 наурыз күні Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақ әуендері» АҚ-ның ұйымдастыруымен Елордамыздағы «Қазақстан» концерт залында бастау алған еді. Елордамызда бастау алған іс-шара Алматыда жалғасын табуда. Нұр-Сұлтан қаласында өткен концертте Роза Тәжібайқызының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын Тұлғалар тізіміне енгені айрықша аталып өткен болатын. Сондықтан қазақ халқының даңқты әншісінің ғасырлық тойы елімізде республика көлеміндегі аталып өтеді деп күтілуде.
Атап өтер жайт, әнші өнер жолына айтарлықтай еңбегін арнаған. Сол еңбегін бағалағандықтан Роза Тәжібайқызының есімі әлемдегі әйелдер туралы «Who is who?» ағылшын-америкалық энциклопедиясының алғашқы басылымына да енген. Яғни әншіні мерейтойына дейін де талай ел мойындағандарын солай жеткізген. Елімізде де әншіге арнап кино түсіріліп көрерменіне жол тартты. Мәселен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Біздің Роза» деректі фильмін арнайы әншіге арнап түсірген. Сондай-ақ 2011 жылы әнші туралы «Ах, Самара-городок» деректі фильмі де жарық көрген болатын. Мұның барлығы халқының ерке қызын ұмытпағанын, қадірлейтінін білдірсе керек.
Жалпы Роза Тәжібайқызы Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығының, «Отан» ордендерінің, 1943 жылы Киевте маршал И. С. Конев табыс еткен «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» деген секілді түрлі марапаттармен марапатталған. Сол кезде-ақ еңбегі еленгенімен әншіні келешек ұрпақтың жадында тұтып, еске алып, үлгі етуінің маңызы зор!
Ерзия Ерсұңқар