Мұрат АХМАДИЕВ, Қазақстанның халық артисі, «Астана опера» театры директорының шығармашылық ұжымдар жөніндегі орынбасары:Менің ең сүйікті мерекем
– Елбасы Жарлығымен бекітілген 1 наурыз – Алғыс айту күні дәстүрімізге ресми түрде жаңадан енген игілікті іс болды. Елге серпіліс әкелді. Бұдан былай жүйелі жалғасын тауып, кең түрде қанат жая беруі керек. Біз кімге алғыс айтуымыз керек? Алдымен, әрине, бізді адам ғып жаратқан Жаратушы көкейімізде тұруы қажет. Одан кейін жарық дүниеге біздерді әкелген, аялап өсіріп, қанаттандырған ата-анамызға алғыс айтуға тиіспіз. Одан кейінгі орында ұлтымыз, Отанымыз тұрады. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген қаншама ұлыс өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен, барымен бөлісті. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының жүрек жылуын, ыстық ықыласын ешқашан ұмытпауы тиіс. Мәселен, өзім қазақтармен біте-қайнасып өсіп, атақты Шәкен Аймановтың өкіл баласы атанғанмын. Аймановтың үйінде 3-4 жыл бірге тұрғанмын. Батасын алғанмын. Қазақ «Батамен ер көгереді», «Алғыс алған арымас» дейді. Сол аталарымыздың берген батасының арқасында көгеріп, көктеп келе жатырмын.
Алғыс айту тұрақтылық пен татулықты, береке мен бірлікті нығайтады. Құдайға шүкір, елімізде әлемге үлгі етуге болатын бірлік зор, 140 этнос тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз бұған қуана білуге тиіспіз. Бұл – біздің аса қымбат құндылығымыз. Әрбір қазақстандық оны одан әрі сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуі тиіс. Бұл – бәрімізге артылған маңызды міндет, зор жауапкершілікті жүк. Бірлігіміз күшейсе, тірлігіміз гүлденеді. Тірлігіміз гүлденсе, ірілігіміз күшейеді. Сол кезде елдің де, ердің де алдынан даңғыл жол ашылады. Қазір жер бетінде күн сайын қаншама қан төгіліп, босқындардың бас сауғалап қашып жатқанын теледидардан күнде көріп жүрміз. Діни соғыстың кесірінен қаншама жас жетім, қаншама әйел жесір қалып жатыр. Сондықтан бірлікке, ынтымаққа ештеңе жетпейді. Бірлік, ынтымақ болса, жетістік те, жарқын болашақ та болады. Сондықтан бір-бірімізге, көршілерімізге, айналамыздағы жандарға алғыс айтсақ, бұл – біздің бір-бірімізді бағалағанымыз, сыйластығымыз.
Ынтымақ пен бірліктің айы. Самарқанның көк тасы еритін күн. Көк тастың өзі еріп жатса, біз неге ерімейміз? Өкпеміз болса, ренішіміз болса, бір-бірімізді кеше білейік. Кешірімді болайық. Бір-біріміздің бойымыздан тек жақсылық іздейік. Жақсылық іздеген жақсылыққа жолығады. Барымызды бағалайық. Алғыс айтайық.
Елбасы айтқандай, Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына жан-жүрегіммен сенемін.
Еркенұр Ерзия