Астанада сенбілікке этномәдени бірлестіктер де ат салысты
Еліміздегі Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері елімізде болып жатқан іс-шаралардың ешқайсысынан қалыс қалған емес. Осы орайда өткен аптада Астана қаласында ЭКСПО саябағындағы Бейбітшілік пен келісім аллеясында және Достық үйі аумағында ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарына қаладағы этномәдени бірлестік өкілдері де қалыспай атсалысты.
Тіпті бұл сенбілік Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отырғанын атап өткіміз керек. Сондай-ақ аталмыш шараға Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, этномәдени бірлестіктер және Есіл және Алматы аудандары әкімдіктерінің өкілдері мен студенттер де өз көмегін тигізді. Шара аясында 350 түп тал отырғызылды. Алдағы уақытта Бас қаланың көркіне көрік қосып, экологиялық жағдайдың жақсаруына да өз үлесін қосады деп үміт етіліп отырған мүндай ағаштардың саны алдағы уақытта тіпті көбейе түспек. Өйткені Қазақстан Халқы Ассамблеясы өкілдері алдағы уақытта мұндай шараның әлі де ұйымдастырылатынын жеткізді. Жалпы Елорданың 20 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылған сенбілікте табиғат жанашырлары қарағай, шырша, қайың және сүмбіл терек көшеттерін отырғызды. Айта кетер жайт осыған дейін де Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылған болатын. Тамыз айының аяғында іске қосылып, қыркүйек айының аяғына дейін созылған "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясына да Ассамблея өз үлесін қосты. Тіпті Ассамблеяның бір жұмыс бағыты болып табылатын медиацияны жандандыру үшін де бұл салада бірқатар жұмыстар атқарылып, шешімін тапты. Қазақ қоғамын дамыту үшін мағызы зор мұндай игі шаралар Ассамблея тарапынан жиі ұйымдастырылады. Соның айғағы жаздың күндері Оңтүстік облыста қасиетті жерлерге арнайы экспедиция ұйымдастыру арқылы киелі жерлеріміздің насихатын арттыруға да Ассамблеяның өз қолтаңбасы байқалған болатын. Ел бірлігі мен татулығына ықпал етуден бөлек, қоғам үшін маңызы зор игі шараларға атсалысып жүрген Қазақстан Халқы Ассамблеясы еліміз үшін мақтаныш етерлік институтқа айналып келеді. Еркенұр Ерзия