Қожанасыр қоржынынан
Қожанасыр құрбандық шалуға жалғыз сиырын соймақшы болып, аяғы байланған малдың үстіне әйелі мен баласын мінгізіп қойып, сиырын асыға-үсіге бауыздап жіберіпті де, өзі сиырдың үстіне отыра кетіпті.Шала бауыздалған сиыр бұлқынып қалғанда, әйелі баласымен бірге ұшып түсіпті.Жығылған орнынан секіріп тұрып «Қыл көпірден о дүниеде алып өткің келмейді ғой, асақы неме!» – деп жүгіріп барып анадай жерде жатқан арқанды ала сала әйелі мен баласын шала-жансар тыпырлап жатқан сиырдың үстіне етпетінен жатқызып қойып, арқанмен таңып тастапты. Ал өзі жалма-жан мойнына мініп алыпты да, екі мүйізінен бар күшімен ұстап: «Айламды асырдым ғой, енді қыл көпірде қалай туласаң да құлап түспеймін», – деп масаттанған екен.
(Қазақ)
***
Насыреддин жақсы танысынан:
– Тегеран мен Казвин арасы қанша? – деп сұрапты.
– Жиырма төрт фарсах (Ирандағы жол мөлшері, бір сағаттық жол) –депті досы.
– Ал Казвин мен Тегеран арасы ше?
– Ол да сол жиырма төрт фарсах.
– Олай болуы мүмкін емес. Құрбан айт пен Ашур (Ашур мейрамы - мұхаррам айының он күні , шейіттердің азап шегушілерге бата оқыр дәстүрі.) мейрамының арасы небәрі бір-ақ ай, ал Ашур мейрамынан Құрбан айтқа дейін он бір ай ғой, – депті Насыреддин.
(Парсы)
***
Қожанасыр кедейліктің кесірінен Құрбан мейрамында құрбандық шала алмапты.
Мейрам намазынан қайтып келе жатса, көшеде бір ешкі жүр екен. Оны дереу ұстап алып, құрбандыққа шалады. Мұны көріп қалған көршісі Қожанасырға:
– Әпендім, қиямет күні ешкі үшін сұраққа алса, онда не істейсіз? – депті.
– Мойындамаймын, – депті Қожанасыр.
– Мойындайсыз. Қиямет күні ешкінің өзі тіріліп кеп куәлік етеді, – депті көршісі.
– Олай болса, тіпті жақсы! – дейді Қожанасыр, – қиямет күні ешкі тіріліп, алдыма кеп жатса, ұстап алам да, иесіне қайтарып беріп, бұл күнәмнен мүлде құтылармын.
(Ұйғыр)