Жетісу өңірінде әлеуметтік сала жаңа серпінмен дамуда
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасы жөніндегі Үндеуі Алматы облысының әлеуметтік саланы дамыту бағыттары жөніндегі шараларын уақыт талабына сай тиянақты жүргізуге жаңаша серпін беруде.
Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруды жүйелі атқару мақсатында таяуда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аудан, қала әкімдерін, облыстық мемлекеттік мекемелері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Тұрғын үй жинақтаушы» банк жүйелері, оқу орындарының басшылары, бірқатар қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен келелі кеңес өткізді.
Жиында өңір басшысы терең мазмұнды баяндама жасап, Елбасының әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасына жан-жақты тоқталды.
– Елбасы еліміз үшін өзекті, әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды міндеттеді. Бұл көптен күткен, бәріміздің ойымыздан шыққан бастама болды. Онда халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге, төмен жалақы алатындарды қолдауға, жастардың білім алуына және әр адамның кәсіпкерлікпен айналысуына ауқымды шаралар қарастырылған. Енді сол бастамаларды орындау үшін біздің тарапымыздан атқарылатын жұмыстарымызды нақты айқындап алуымыз қажет, – деді облыс әкімі А. Баталов.
Аталған басқосуда «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» бастамасы бойынша «7-20-25» бағдарламасына сәйкес бүгінгі күні облыста 40 мың адамның тұрғын үй алуға кезекте тұрғандығы айтылып, облыста жылына 1 миллион текше метр тұрғын үй салуды қолға алу қажеттігі мен бұл бағытта ипотека жүйесін пайдалану ұсынылды. Сондай-ақ, «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бастамасына сәйкес, екі мыңға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде әлеуметтік, қызмет көрсету саласында еңбек ететін және техникалық персоналдың жалақысы өсірілмек.
«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға» сәйкес облыста бірқатар ауқымды шаралар атқарылатын болады. Атап айтқанда, бүгінгі күні облыс әкімінің гранты бойынша 438 жас білім алуда. Биылғы жылы тағы да 100 студентке арнайы грант берілмек. Сонымен бірге, тек күндізгі бөлімде 3 мың студент білім алатын І. Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университеті мен Талғар қаласындағы екі колледжге студент-жастар үшін жатақхана салу қарастырылмақ.
Төртінші бастама жөнінде облыс басшысы бұл шараның әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, өзінің орынбасарларына, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларына салалық министрліктермен келісе отырып, қосымша қаражат бөлу мәселесін шешуді, өз ісін ашуға ниет білдірген адамдарға шағын несие бөлу жұмысын жандандыруды тапсырды.
Елбасының «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бастамасына сәйкес, өңір басшысы бүгінгі күнге дейін облыстың 11 ауданында газдандыру жұмыстары жүргізілгендігін атап көрсетіп, оған республикалық және жергілікті бюджеттен 8,5 млрд теңге, бөлінгенін жеткізді. Соның нәтижесінде Талдықорған қаласын газдандырудың бірінші кезеңі аяқталып, екінші және үшінші кезеңі басталды. Қапшағай қаласында абономенттерді газ жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Текелі қаласы, «Бақанас», «Сарыөзек», Үштөбе» сияқты үш автоматты газ тарату станцияларының құрылысы басталады. 2020 жылға дейін шалғайдағы Райымбек және Ұйғыр аудандары газдандырылмақ.
Сонымен бірге, облыс әкімі еліміз үшін аса маңызды бастаманың тұрғындар арасында насихатталуын барынша нәтижелі жүргізілу қажеттілігіне баса назар аударды.
Аталған мәселелер бойынша облыс әкімі өз орынбасарларына, аудан, қала әкімдеріне, облыстық деңгейдегі барлық құзырлы органдар басшыларына тұрғын үй салынатын алаңдарды инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, несиелік тұрғын үй құрылысына жекеше құрылысшыларды тарту, жаңа газдандыру жобаларын жасауға, елдімекендердегі жұмыстарға инвесторларды тарту жөнінде нақты міндеттер жүктеп, оның орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Жетісу өңірінде Елбасының әлеуметтік саланы жаңғыруға бағытталған 5 бастамасы бойынша арнайы жол картасы әзірленбек.