Солтүстік өңірлерді жандандыру шаралары жалғасын табуда
Солтүстік Қазақстан облысының халқы жылдан жылға азайып барады. Мұндағы халық санының азаюына өңірдегі көші-қон мәселесі де әсер етіп отыр. Бүгінде еліміздің солтүстік өңірін жандандырып, мұндағы халық санын көбейтіп, әлеуетін күшейту мақсатында біршама істер атқарылуда. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, мемлекет халықтың жұмыс қолы көп өңірлерден еңбек ресурстарына сұраныс жоғары өңірлерге қоныс аударуын реттеуді көздеп отыр. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірге көшіп келушілерге барынша жағдай жасауда.
СҚО Статистика департаментінің жетекшісі Марал Нұржаупованың айтуынша, облыста 1 маусымдағы жағдай бойынша, 552 мың адам тіркелген. 2019 жылдың қаңтары мен мамыр айы аралығында облыстан 2,1 мың адам басқа өңірге көшіп кеткен. Ал облысқа көшіп келгендер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 19,6 пайызға өскен, ал көшіп кеткендер саны 24,5 пайызға көбейген. Алдағы уақытта солтүстікке қоныс аударушылар санын көбейте түсу үшін облыс әкімі көшіп келушілерді ең алдымен баспамен қамтамасыз ететінін алға тартады. Ол 2019-2021 жылдар аралығында облыста 3000-дай жаңа үйлер салынатынын айтқан еді. Қазір үйлердің құрылысы инфрақұрылымы дамыған елді мекендерде қарқынды жүріп жатыр. Бұл үйлерге кемінде 3-4 баласы бар отбасылар ала алады, сондай-ақ басқа облыстардан көшірп келушілер арасында дәрігер, агроном, тракторшы, комбайншы секілді мамандар бірден тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Балалар мектеп пен балабақшаға еш кедергісіз қабылданады.
Жалпы облысқа тұрақты тұруға келген әр адамға қаржылай жердем беру қарастырылған. Мысалы, 5 адамнан тұратын отбасыға 450 мың теңге төленеді.
Дер кезінде қабылданған, Мемлекеттік бағдарламаның іске асқандығының арқасында кейінгі үш жылда оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысына үш мыңнан астам азамат, 700 отбасы көшіп келіп, әлеуметтік қолдауларға ие болған. Қазір олар ауылшаруашылық, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жемісті еңбек етіп, кәсібін дөңгелетуде. Биыл да кемі 1,5 мың адам көшіп келеді деп жоспарлануда.
Жалпы мемлекеттік саясаттағы басты басымдықтың бірі – шекаралы өңірлерді дамыту, әлеуметтік жақтан қолдау, көші-қон мәселесін реттеу. Тұрғындар саны аз аймақтарда іс алға баспайды, жұмыс қолының тапшылығы бұған әсер етеді. Өйткені қашан да адамның еңбек күші, мамандардардың мықтылығы әлеуметтік-экономикалық салалардың өркендеуіне әсер етеді.
Мемлекеттік деңгейде тиімділігі жоғары бағдарламалар қабылданғанымен, оларды жүзеге асыратын мамандар болмаса, ешқандай даму болмайды. Шекараға жақын аймақтарға халықтың көптеп қоныстануы – ел іргесін бүтін әрі берік ете түсудің бірден-бір жолы.
Тәуелсіздік жылдарында небір экономикалық қиындықтардан өтуге тура келгендіктен өңірлерді, ауыл-аймақтарды өркендетуге мүмкіндік болмай қалды. Күн-көріс нашарлаған аймақтардан халық орталықтарға, қалаларға, шетелдерге көше бастады. Оңтайландыру мақсатымен аудандар біріктірілді. Бала санының аздығынан орта мектептер жабылды. Бір сөзбен айтқанда, шекаралық аймақтардың тұрғынсыз қалуы оның әлеуетін айтарлықтай төмендетіп жіберді. Ал оңтүстік өңірлерде тиісінше халықтың көптеп шоғырланатыны белгілі. Табиғаты өмір сүруге барынша қолайлы болған соң мұндай үрдіс әлем елдерінде де бар. Әйтсе де, бұл аймақтағы негізгі түйткілдің бірі – жұмыссыздық мәселесі. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қарасы мол. Себеп түсінікті: еңбек нарығында сұраныс аз.
Демографиялық болжам бойын-ша, 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі тіпті күрделене түсуі мүмкін. Түркістан облысының аудандарындағы халық санына солтүстіктегі аудандармен салыстырғанда ел-жұрт әлдеқайда тығыз орналасқаны байқалады. Мысалы, Түлкбас ауданында – 100,6 мың адам, Шардара ауданында – 76,8, Ордабасыда – 107,9, Мақтаралыда – 291,1, Сарыағаш ауданында – 287,2 мың. Облыстағы экономикалық тұрғыда белсенді халықтың ішінде 62,7 мың адам жұмыссыздар қатарында. Керісінше, солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі үлкен түйткілге айналуда.
Осыдан біраз жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бұл мәселені шешуге ерекше көңіл бөліп, еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тарту жайын күн тәртібіне қойған болатын. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына бұл жөнінде арнайы тармақ та енгізілді. Ондағы мақсат – жұмыссыздығы басым оңтүстiк тұрғындарын жұмыс күшi тапшы өңiрлерге көшіріп, экономикалық тұрғыдан қолайлы етiп орналастыру. Арнайы бағдарламалар бекітілген соң солтүстік пен оңтүстік облыстары арасында алтын көпір орнады десе де болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2018 жылы аймақтық квота бойынша оңтүстіктен солтүстікке 1858 отбасы (6766 адам) қоныс аударыпты. Олардың 31 пайызы – Павлодар, 27-сі – Шығыс Қазақстан, 22-сі – Солтүстік Қазақстан, 16-сы – Қостанай облыстарына барған. Солтүстікке көшкендердің 36 пайызы – Түркістан, 28-і – Алматы, 15-і – Жамбыл, 13,5 пайызы – Қызылорда өңірлерінен келген. Солтүстікке көшкен отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге субсидия берілген. Баспана жалдау және коммуналдық қызмет түрлерінің шығынын өтеуге 12 ай бойы 39 мыңнан 76 мың теңгеге дейін қаржылай көмек қарастырылған.
Соңғы жылдарда солтүстік облыстардың оңтүстікте өткізетін еңбек жәрмеңкелері жап-жақсы жеміс беруде. Айталық, өткен жылы Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары ұйымдастырған жәрмеңкеде – 1785 бос жұмыс орнындары ұсынылды. Өндірістік салаға – 664 (37,1 ¬пайыз), білім саласына – 551 (31 пайыз), денсаулық сақтау саласына – 373 (21 пайыз), мемлекеттік басқару ісіне – 108 (6 пайыз), ауылшаруашылығына – 64 (3,6 пайыз) маман қажет екені айтылды. Сұраныстың нақты мамандарға бағытталып отыр.
Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2020 жылдары еліміздің солтүстігіне 60 мыңға жуық отбасы қоныс аударатынын хабарлаған еді. Құзырлы ведомстводағы мамандардың болжауына қарағанда, алдағы 5 жылда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының халқы 167 мың адамға көбейеді. Екіншіден, бұл бағдарламаның тағы бір мақсаты – солтүстікті қазақыландыру.
Жасыратын жоқ, Кеңес Одағы тұсындағы осы аймақтарға бағытталған миграциялық үдерістердің қарқын алуы, өзге ұлт өкілдерінің көптеп қоныстануы, қазақтардың дәстүрлі шаруашылықта қалып қоюы, өндіріске негізделген қалалалар мен кенттердің бой көтеруі, зауыт-фабрикалардың салынуы, әлеуметтік салалардың дамуы, т.б. себептер өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Бұл орайда түрлі этнос өкілдерімен қатар тіршілік кешу ұлттың салт-санасына, дәстүрі мен дүниетанымына, тілі мен діліне әсер етті. Мұның бір ғана көрінісін – солтүстік өңірдегі қазақтардың отбасындағы балалар санынан байқалады. Егер де оңтүстік өңірлердегі бала саны орта есеппен әр отбасыға 5-6 және одан да көп баладан келсе, солтүстік өңірлердегі отбасыларда бала туу санын белгілі бір шектен асырмауға тырысады. Сондықтан бұл аймақтардағы қазақтар саны едәуір аз. Қазақ мектептері күрт азайтылып, барлары жабылды немесе орыс мектептеріне айналды. Өзінің туған жерінде, ауыл-аймағында автохонды ұлттың азшылықта қалып қоюы әлем елдерінде көп кездесе бермейді. Асылында, бұл – ұлттық сананың тәркіленуіне, тіл мен салт-дәстүрдің ұмытылуына, тек-тамырдан қол үзуге әкеп соғады.
Сонымен, мемлекеттің, жалпы қоғамның негізгі мақсаты солтүстік өңірлерді қаймағы бұзылмаған нағыз қазақ ауылдарына айналдыру, тұрғындарының санын арттыру, ұлттық санасы терең, елім деген ер азаматтар тәрбиелеу. Сондықтан халық санының өсімін көңіл көншітерлік күйге жеткізуіміз керек. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақтардың саны 37,73 пайыз болса, Павлодар облысында қазақтардың үлесі 51,77 пайыз, Ақмолада – 50,99, Шығыс Қазақстанда – 60,04, Қостанайда – 40,27 пайызды құрап отыр. Осы орайда алдағы жылдар бағдарында облыстарды қазақыландыру жайыне әлі де жандандыра түскен жөн. Солтүстікте қаракөздеріміздің қатары көбейсе, тіл және руханият мәселелері де шешімін табады. Күрделі түйінді тарқатудың бірден-бір жолы – аталған аймақтарға бағытталған ішкі көші-қон көлемін арттыра түсу. Сондай-ақ қ«Жастар жылы» аясында да жоғары оқу орнын тамамдаған түлектерді осы аймақтарға тартудң маңздлығы зор..
Алаш айнасы