Қызылорда облысында жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады
Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша жұмыстар әр облыста жүргізіліп жатқаны аян. Басқа аймақтармен салыстырғанда өнімді іс тындырып отырған өңірлердің бірі Қызылорда облысы. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жылдан жылға жақсарып келеді. Облыста "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы" іске қосылған, бағдарлама нәтижелі жүзеге асуда.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, соңғы бес жылда, яғни 2013-2017 жылдар аралығында 50 жаңа өнеркәсіп өндірісі іске қосылып, өңір экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 65%-ке артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың өзінде 10,8%-ке көбейді.
– Қызылорда облысында демографиялық көрсеткіште өсу қарқыны байқалады. Соңғы бес жылда қызылордалықтардың саны 55 мыңнан астам адамға артты. Сәйкесінше баспана мәселесі де байыппен шешіліп келеді. Сөзіміздің дәлелі, үйлері құлау алдында тұрған 645 отбасы жаңа пәтерлерге көшіп, 2017 жылы апатты үй мәселесі шешімін тапты. Есепті кезеңде 2 млн-нан астам шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, Қызылорда қаласында 14 жаңа шағын аудан бой көтерді. Бүгінде жергілікті 18 құрылыс компаниясы Сырдарияның сол жағалауын игеруге атсалысып, өз қаражаттары есебінен үйлер салып жатыр. Осының бәрі – туған жерге деген сүйіспеншілік, халқымыздың ауызбірлігі мен биік рухының көрінісі, дейді әкім.
Аймақта жағдайы сын көтермейтін әлеуметтік объектілер бойынша атқарылған жұмыс ауқымы кең. 2013-2017 жылдар аралығында 57 денсаулық сақтау объектісінің 49-ы қайта салынса, қалғанының құрылысы келесі жылдың алғашқы жартысына дейін аяқталмақ. Апатты жағдайдағы 37 мектептің оқушылары бүгінде жаңа, жылы әрі жарық орындарда оқып жүр. Білім саласындағы мақтанарлық жаңалық бұл ғана емес. Қызылорда – 452 түлектің Ресей Үкіметі есебінен осы елдегі мәртебелі жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік жасаған бірден-бір облыс. Одан бөлек, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті биылдан бастап магистратураға жыл сайын 20 грант бөлетін болды. Жылына 20 адамды Татарстанның Иннополис университетінде оқыту жөнінде келісім жасалды.
Аймақ басшысы сұхбат барысында 2018 жылдың еншісіндегі ең ірі жобалар туралы айтып берді. Жоспарға сәйкес биыл шыны, тампонажды цемент, балық зауыттары, үш окись молибден, пластикалық қайық өндірістері іске қосылады. Ал құс фабрикасы, ет комбинаты, күн электр станциясы, кальцийлендірілген сода зауыты және тағы басқа бірқатар өндіріс орнының құрылысын бастау көзделіп отыр.
Қызылорда облысында өткен жылы 37,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Экономиканың түрлі салаларында 13 105 жұмыс орны ашылды, оның 11561-і - тұрақты. Жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша 32210 адам хабарласып, 17034 адам жұмысқа орналасты.
Облыста 1283 жұмыс берушілердің қатысуымен 114 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, 5 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 7 мың жұмыс іздеуші жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне жолдама алды.
Өткен жылдан бастап өнімді жұмыспен қамту арқылы кәсіпкерлік потенциалды дамыту мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» іске қосылды. Оны жүзеге асыруға 4,1 млрд теңге бөлінді.
Бағдарламаға қатысушы ретінде барлығы 30155 адам тартылды, оның ішінде 27810 адам жұмыссыз.
Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып жұмыс берушілердің оқу орталықтарында азаматтарды оқытуды бастады (оқу орталықтары). Осындай 14 оқу орталығында 857 адам оқып, оның 123-і жұмысқа орналасты. Бұл тәжірибе жұмыс берушіге өз талаптарына сәйкес мамандарды оқытуға мүмкіндік береді.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады.