Көші-қон бағдарламасы аясында қоныс аударушыларға мемлекеттен қандай көмек көрсетіледі?
Мемлекеттік маңызы зор, аса өзекті мәселелердің бірі – көші-қон. Елімізде көші-қон саясатына ежелден баса мән беріліп келеді. Себебі, жер аумағы кең мемлекетте халықтың жайлы қоныстануы – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Әрбір азаматтың орнықты жұмысы, баспанасы бар болса, бұл халық өсіміне де оң әсер ететіні анық. Еліміздегі демографиялық ахуалды, жұмыссыздық мәселесін ескере келе мемлекет қандай әрекеттер жасады, қандай бағдарламалар қабылданды, нәтиже бар ма? Міне, осы өзекті тақырыпты қозғап көрейік.
Ұлан-байтақ даласы мен сәулетті қалалары бар қазақ жерінің облыстары бір-бірінен шалғай орналасқан. Сондықтан да болар, әр өңірдегі халық өсімі де, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да әр-алуан. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы он жылдықта ішкі миграцияны терең зерттеп, жұмыс күші артық, халық өсімі қарқынды оңтүстік өңірлерден халықты солтүстікке көшіруді қолға алған болатын. Яғни, Алматы облысы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау аймақтары тұрғындарының біраз бөлігін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарына көшіруге шешім қабылданды. Солтүстікке қоныс аударуға негізінен 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар келіседі. Себебі, осы жастағы азаматтардың көпшілігі белгілі бір салада білімін жетілдіргісі келеді, енді бірі жоғары біліміне сай маман болуды көздейді, енді бірі жеке кәсібін ашуды көздейді. Халық өте тығыз орналасқан Алматы, Астана, Шымкент секілді қалалар мен Оңтүстік өңірлерде қалаған жұмысына орналасу немесе жеке кәсібін дөңгелетіп әкету екінің біріне бұйыра бермейді. Керісінше, жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға білікті мамандар ауадай қажет. Сонымен қатар, солтүстік өңірлердегі ауылдық жерлерде бала саны аз балабақшалар мен мектептер де жетерлік. Осының бәрін ескере келе Қазақстанда 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарламада жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру туралы барынша анық жазылған. Еліміздегі әр облыс осы бағдарламаға сәйкес жоспар құрып, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар саны жылдан жылға арта түсті. Аталған бағдарламаны жасауды тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ең алғаш рет қозғап, еліміздегі жұмыс күші тапшы өңірлерге халқы тығыз орналсқан өңірлердің азаматтарын ұтымдылықпен тарту қажеттігін алға тартқан еді. Халық тығыз орналасқан өңірлерден азаматтарды солтүстікке көшіру үшін ең алдымен оларды жұмыспен қамтамасыз ету қажет екені айдан анық. Ауылдық жерге көшкі келетін жандарға жер беру, кәсібін ашуға қолдау көрсету оларды ынталандыра түседі. Халықты біркелкі жайғастырып, оларға жағдай жасау, халықтың өз еркімен қоныс аударуы, сөйте тұра еңбек ресурсын тиімді ету көші-қонды дұрыс реттеуге байланысты болады. Сонда ғана Оңтүстіктен Солтүстікке көшкен әрбір азамат түрлі салада қызмет етіп, мемлекеттің көркеюіне үлес қосады. Статистикалық мәлеметтерге сәйкес, Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы жергілікті тұрғындар саны 17 пайыз, ал оңтүстікте 38 пайызды құрайды екен. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы солтүстік өңірге 19 мың адам қоныс аударған. Осы уақытқа дейінгі аралықта оларға барлығы 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақханадан бөлме беріліп, еңбекке алаңсыз араласып кетулеріне жағдай жсалады. Жалпы мемлекеттен солтүстік өңірге қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, әрбір отбасының жұмысқа қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға айрықша мән беріліп келеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы аймақтық квота бойынша 6766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған. 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру, 2018-2022 жылдары барлығы 59 мың жанұяны солтүстікке көшіру жоспарланған. Қазақстан Республикасының «Көші-қон туралы» заңына сәйкес Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан қоны аударуға ниетті азаматтарды Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандыру қарастырылған. Өйткені жоғарыда аталған оңтүстік өңірлерде соңғы 10 жылда халық санының жыл сайынғы өсімі – 2 пайызды құрап отыр. Халықтың тығыз орналасуы – бір шаршы шақырымға 6,4 адамнан келеді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында еңбек ресурстарының тұтастығы үшін Үкімет белгілеген аймақтарға өз еркімен қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Солтүстікке көш түзегендерге түрлі жеңілдіктер мен қаржылай жәрдемақы беріледі. Жаңа қонысқа көшушілер тұрғылықты орнына жетіп, мекен-жайына тіркелген соң, олардың жол шығынын жергілікті атқару органдары, жұмыспен қамту орталығы қайтарып береді. Өз өңірлеріне көшіп келген азаматтарды қоныстандыру, жұмыс беру, еңбекке араласуына мемлекеттік қолдау беру, көші-қонына субсидия төлеу, баспана мәселесіне көмек көрсетуге жергілікті атқамінерлер мүдделі. Оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшуге ниетті адамдарды ынталандыру үшін қоныс ауаударғандардың шығындары 35 АЕК көлемінде өтеледі. Жұмыс күші тапшы аймаққа қоныстанған әр отбасының әрбір мүшесіне 88,3 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Олардың бір жыл бойы жалдап тұратын тұрғын үй шығыны субсидияланады. Бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне республикалық бюджеттен бір реттік жәрдемақы төленеді. Қалалық жерге қоныс аударғандарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мүшелерінің саны екеу-ден төртеуге дейін болса – 60 125 теңге, ал 5 немесе одан да көп болса 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 075 теңге беріліп отырады. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса – 50 505 теңге материалдық көмек көрсетіледі. Қоныс аударушылар арасында бірден баспана сатып алғысы келетіндер де бар. Олар мемлекеттен өздеріне бір жыл бойы берілуі тиіс қаражаттың бір жылдық ақысын бірден алып, үй сатып алуына болады. Ол үшін негізігі талап бойынша отбасындағы кемінде бір адам жұмыспен қамтылуы керек. Жұмысқа орналасу үшін көшіп келуші азамат өзі қоныс тепкен ауыл-аймақтағы жұмыспен қамту бөлімдеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып беруін сұрап, өтініш жазғаны жөн. Жергілікті атқарушы билік өзіне артылған міндет бойынша, еңбек жасындағы бір азаматты жұмыспен қамтуы керек. Егер азаматтың ешқандай мамандығы болмаса, оларға орта кәсіби білім беріледі, бұл тегін жүзеге асырылады. Қоныс аударушылардың балалары балабақшаға және мектепке кезексіз қабылданады. Мал және егін шаруашылығы бойынша өз кәсібін ашқысы келетіндерге жер телімі Үкімет тарапынан тегін беріледі. Қолында бизнес жоспары бар азаматтарға 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие беріліп, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтуге жіберіледі. Айта кетерлік тағы бір ұтымды бағдарлама – «Серпін». Бұл бағдарлама бойынша оңтүстіктен келген жастарға солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарынан грант алу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінге дейін бағдарлама аясында 5 627 жас солтүстіктегі оқу орындарында білім алған. «Серпін» бағдарламасымен оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге 79 мың теңге беріледі. Жоғарыда аталған бағдарламаларға соңғы бір жылда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тіркеуде тұрған азаматтар ғана қатыса алады. Бағдарламаға жыл он екі ай қатысуға болады. Отбасын құрмаған жалғыз адам солтүстікке қоныс аударғысы келсе, оған қойлатын талап – белгілі бір мамандық бойынша жоғары білімі болуы. Ал жанұлы адамдар үшін ең болмағанда отбасындағы бір адамның дипломы болуы шарт. Бағдарлама бойынша емес, өз еріктерімен немесе отбасылық жағдайларына байланысты солтүстік өңірлерге көшіп жатқан адамдарға мемлекет тарапынан да, жергілікті биліктен де көмек қарастырылмаған. Егер көшіп барған адам қандай да бір себеппен солтүстікке үйренісе алмаса, өзінің келген жағына кері қайтамын дегендер болса, келісімшарттарының мерзімі (6 ай немесе 1 жыл) аяқталса, жауапкершілікке тартылмайды. Ал бағдарлама бойынша құжаттарын рәсімдегендер келісімшарттың мерзімі бітпейінше, кері қайта алмайды. Келісімшартты бұзғандар жол шығындары мен мемлекеттен алған барлық қаражатты қайтарып беруі керек. Қорыта келгенде айтарымыз, жоғарыда аталған бағдарламалар жұмыссыз жүрген адамдардың бәрін оңтүстіктен солтүстікке көшіруді мақсат етпейді. Негізгі бағыт оңтүстіктегі бос жұмыс күшін мамандықтарына сәйкес солтүстіктегі бос орындарға орналастыру. Мысалы, солтүстік өңірлерге мұғалімдер (орыс және орыс әдебиеті пәні мұғалімі, ағылшын тілі мұғалімі, математика, химия, физика мұғалімі, бастауыш сыныптың мұғалімдері), дәрігерлер (акушер, акушер-гинеколог, маммограф, маммолог, дәрігер-невропатолог, дәрігер-офтальмолог, тіс дәрігері, балалар дәрігері, терапевт, хирург, құлақ-мұрын, тамақ дәрігері, мейірбике), электрші, тракторшы, механизатор, нан пісіруші, құрылысшы, агроном, сатушы, мал дәрігері, көлік жүргізушісі, еден жуушы жетіспейді. Міне, бағдарлама аясында соңғы 4-5 жылда бос тұрған жұмыс орындары осындай мамандармен толықты. Ең маңыздысы, қоныс аударушылар халық аз шоғырланған Солтүстік, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл-аймақтарын сақтап қалуға өз үлестерін қосуда. Оңтүстіктен солтүстікке көш әлі де жалғаса бермек...
Алаш айнасы