Еңбек етуге ештеңе кедергі емес

Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығының мамандары Алматы қаласы Медеу ауданы Наркологиялық диспансерінің Бейімдеу орталығында ұзақ мерзімге емделуші адамдар арасында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл бағдарлама еңбек нарығында кәсіптік дағдысы мен біліктілігі талап етілген, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобын қолдаумен қатар, халықтың әлеуметтік еңбек делдалдығының тиімді моделін құрудың тиімді жүйесін құруға бағытталған.
Осы мақсатта Алматы қаласында келесі бағыттар іске асырылады:
– Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету;
– жаппай кәсіпкерлікті дамыту;
– халықты жұмыспен қамтуға әсер ету мен еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту.
Осы мақсатта жұмыспен қамту орталығы мамандары тарапынан жұмыс іздеушілерге, жұмыссыздар мен Жұмыспен қамту орталығына келген, басқа да тұлғаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кеңес беру қызметтері көрсетіледі. Сонымен бірге, мамандық таңдауда, лайықты бос жұмыс орындар іздеуде көмектер көрсетіледі және жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Лайықты жұмыс таппаған тұлғаларға әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға бағыттар беріледі.
Азаматтарды жұмыспен қамтуда жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету мәселелеріне – кәсіптік оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Осыған орай, орталықта ұзақ уақыт емделіп жатқан азаматтардың Жұмыспен қамту орталығының мамандарына қояр сауалдары аз болған жоқ.
Кездесу барысында емделу курстарынан өткеннен кейін, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша Жұмыспен қамту орталығына келу үшін, орталықтың байланыстары көрсетілген кітапшалар мен жадынамалар таратылды.
Күлзинат МЕЙІРБЕКОВА,
Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының маманы





