Әйелдер бала табуды емес, табысты болуды көздей ме?
Қазіргі таңда сарапшылар 2050 жылға қарай әйелдер бала табуды кейінге сырып, қарьера қууды бірінші орынға шығарады деп болжап отыр. Олардың ойынша, экономикалық өсім бала тууға кері әсерін тигізбек. Алайда Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында әйел адамның отбасы міндеттерін еңбек қызметімен ұштастыру мүмкіндіктерін жасау мақсатында еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалары бекітілгені анық көрсетілген. Сондай-ақ әйелдердің, жүкті әйелдердің және баласы бар әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар да бар.
Зерттеу және консалтинг орталығы мен Strategy Partners Group компаниясының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде дамыған елдерде нәзік жандылардың басым бөлігі отбасылы болудан гөрі, табысты болуды алдыңғы орынға қоятыны сөз болған еді. Осы жиында Нұр-Сұлтан қаласындағы бала туу көрсеткіші 2050 жылға қарай екі есеге азаятыны айтылды. Мұндай болжам жасауға дамыған өркениетті елдердегі жағдайдан мысалдар келтірілді. Яғни, экономикасы дамыған елдерде демографиялық өсім төмендейді екен. Бұған мысал ретінде Америка мен Еуропаның 9 қаласы алынды.
Әрине, мұндай болжамдардың болуы заңды, дегенмен, қазіргі кезде мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі – халықтың бала туу деңгейін көтеріп, өлім-жітімді атазайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Дәл осы орайда қабылданған Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында негізге алынған бағыттар нәтиже беріп келеді. Мұнда ана мен балаға мемлекет тарапынан жасалатын жағдай анық көрсетілген. Яғни, әйел адам жұмысбасты болып, бала табу, отбасының ұйытқысы болу секілді өзінің негізгі міндетін ұмымпауына мүмкіндік туғызуды мақсат етіп отыр.
«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, отбасының функционалдық беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар моделі елеулі әсер етеді. Гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болады. Осылайша, заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас процесі болып табылатыны айқын. Осыған орай, балалы отбасыларды қолдау бойынша шаралар кешенінде мемлекет әлеуметтік жәрдемақылар мен көрсетілетін қызметтер арқылы қолдау көрсетеді. Әлеуметтік төлемдер ұсыну жүйесінде бала тууына және бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге жәрдемақылар, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, көпбалалы аналар мен отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қамтылған» делінген бағдарламада.
Жоғарыдағы тұжырымдамаға сәйкес төменде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпбалалы отбасылар мен әйелдерге тағадайындаған әлеуметтік көмек түрлері мен жәрдемақыларды ұсынып отырмыз.
Бала туған кезде бір жолғы жәрдемақы: 2019 жылы бірінші, екінші, үшінші балаға арналған жәрдемақы 95 950 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға 159 075 теңге.
Бала бір жасқа толғанша әлеуметтік қолдау Бұл төлем жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға беріледі. Егер баланың анасы жұмыс істемесе, онда бала өмірге келген сәттен бастап бір жасқа толғанға дейін жәрдемақы тағайындалады. Бұл төлем ай сайын беріледі. Жәрдемақы сомасы 14 544-тен 22 473 теңге аралығында. Соңғы үш жылда аталған жәрдемақы көлемі 19 пайызға артты.
Жұмыс істейтін аналар. Әлеуметтік аударым. Әлеуметтік төлем. Егер де баланың анасы жұмыс істеп, сол үшін әлеуметтік аударымдар жасалса, оған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер бөлінеді. Жүктілік пен босану бойынша төлемдердің мөлшері соңғы 12 айдағы әйелдің орташа айлық табысына байланысты. Өткен жылы осындай төлемнің орташа көлемі 391 170 теңгені құрады. Соңғы 2 жылда орташа айлық табыстан 40 пайыз мөлшеріндегі бір жасқа дейін баланы күтіп-бағуға арналған төлем.
Жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары мен кепілдіктері Мысалы, экономикалық себептер бойынша штатты қысқарту, жұмыс көлемін төмендету негізінде еңбек шартын бұзуға жол берілмейді. Бұл тұрғыда жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтама ұсынған аяғы ауыр әйелдерге, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баласы барларға және 14 жасқа дейінгі (18 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар) жеткіншектерді тәрбиелеп отырған жалғыз басты аналарға қатысты.
Көп балалы аналар. Жеңілдіктер. Құқықтары «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы өмір бойы беріледі, яғни зейнетақыға шыққаннан кейін де тоқтамайды. Жәрдемақы оның табысына қарамай тағайындалады. Қазір ол 16 160 теңге (6,4 АЕК) және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстеледі. Бұл жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланбайды. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алған көп балалы аналар көлік және жер салықтарынан босатылады. Тұрғылықты жерін тіркеу кезінде нотариалдық әрі заңнамалық маңызды іс-қимылдарды жасау кезінде, төлқұжат пен жеке куәлікті алу шараларында мемлекеттік баж төлемейді. Төрт және одан артық кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бес баланы дүниеге әкелген аналар және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелегендер 53 жаста мерзімінен бұрын зейнетке шығады.
Аз қамтылған отбасыларға атаулық әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі: Көмек көрсетудің өлшемдері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтылды. Жаңа форматта беріледі және ақшалай төлеммен қатар, әлеуметтік қызметтер ұсынады. Жұмысқа тұру, оқыту, шағын несие беру мен өзге де шаралар қамтылған.
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыны қолдау: Мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді қолдау шаралары 16 жасқа дейін ай сайын 41 578 теңге сомасында жәрдемақы төлеуді қамтиды. 16-дан 18 жасқа дейін мүгедектік тобына қарай: бірінші топқа - 57 021 теңге; екінші топқа - 47 220 теңге; үшінші топқа - 35 638 теңге;
Кәмелет жасына жеткенше дейін мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамға жәрдемақы: 2019 жылы жәрдемақы көлемі 31 183 теңгені құрады. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі үшін жәрдемақы енгізілді. Балалар техникалық қосалқы құралдармен (протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлоқұрал), арнайы қозғалыс жабдықтарымен, шипажайда емделумен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі. Асыраушысынан айырылған отбасыны қолдау: Асыраудағы бір адамға 25 541 теңгеден бастап, алты және одан көп балалар болған кезде 62 663 теңгеге дейін. Егер де асыраушы адам жұмыс істесе, онда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлемдер ескерілген. Жасы 1-ден асқан балаларға жәрдемақы төленуі мүмкін Бала бір жасқа толғаннан кейін де көмек көрсету үшін жас шегін ұзартуға, сонымен қатар жәрдемақы көлемін арттыруға қатысты ұсыныс енгізілмек. Яғни, балалары бар отбасыларға берілетін жердемақының қолданыстағы жүйесіне сәйкес, бала 1 жасқа толғанға дейін жөргекпұл алады. Оның көлемі отбасыдағы бала санына байланысты.
Алаш айнасы