Жырақта жүрген жастар

Қазақстанды ойламайды деген түсінік қате, – дейді Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

«Қытайда оқып жүрген қазақ студенттері азып бітті» – интернеттегі бір материал тап осылай аталады. Оған қосылған мас қыздың фотосы сол ойдың дәлелі ретінде берілген. Ол қыздың қазақ қызы екендігін дәлелдейтін ештеңе де жоқ. Қазір Аспанасты елінде 9 мыңнан астам қазақстандық жас білім алып жатыр. Тіпті дәл сол сурет дәл нақты қазақ студент қызының суреті болғанда да осыған қарап Қытайда оқып жүрген жастарымыздың бәрі азғындап кеткен деп айту неткен жантүршігерлік жала десеңізші! Жамандайын деген адамға бір ауылдың жаман атын шығаруға бір ақымақ та жетеді. Сөйте тұра, осындай ғайбат материал ғаламтор төрін бермей тұр. Қысқасы, соңғы кезде әлеуметтік желілерде шетелдерде білім алып жүрген қазақ студенттері азғындаған, ұлтымызға жат қылықтармен айналысады деген теріс пиғылды ақпараттар қайта-қайта қылаң беріп жүр. Мәселен, жаңағы мақаланы әлеуметтік желілер желдей естіруде. Нақты деректерге негізделмеген мұндай материалдардың көздегені не? Балалары Қытайда оқып жүрген ата-аналардың осы мәселеге байланысты орынды алаңдаушылығын ескеріп, жақында сол елде болып қайтқан тілшіміздің мақаласын жедел жариялап отырмыз.

Судың қадірін әбден қаталап шөлдегенде білетінің сықылды, Отанның қадірін жырақта жүрген жастар жақсы білетініне көзіміз сол шетелдік сапарда болғанда тағы да анық жетті. Өткен жылы Аспанасты еліне бастаған «Astana ballet» би ансамблінің алғашқы гастролінде екі апта Қытай Халық Республикасында тұрақтаудың сәті түскен еді. Бейжің мен Шанхайға тең бөліп берген уақытымызда ұдайы бізге қазақ студенттері жолбасшы болып жүрді. Осы аралықта біздер өз жастарымызбен етене араласып, сырт мемлекеттерде білім алудың сырына қанығып, көп жәйттен мағлұм болғанбыз.

Қалай десек те, миллиард жарымға жуық халқы, қай салада болсын үлкен бәсекесі бар елде өмір сүру де, жоғары білім алу да – айтуға оңай. Бөлек мәдениет, түсінігімізге мүлде қарама-қайшы әлемде ең күрделі тілдің бірін меңгеріп, Қытай университетінде көшбасшы болу – кез келген қазақтың баласына бұйырмаған бақ. Ал біздің кейіпкеріміз – Олжас Сүлейменов Шанхайдағы Тонгжи университеті халықаралық студенттер ұйымының төрағасы болса, бұл ұйымда 5 мыңға тарта шетелдік жастар бар екен.

Бірден айта кеткен жөн, өткен жылдың соңында Қытайда 9 мыңға тарта қазақ жастары білім алып жүрген болатын. Оның 3,5 мыңы – Бейжіңде, 700-ге жуығы – Шанхайда. Дегенмен, шанхайлық қазақ студенттері Бейжіңдегілерге қарағанда белсендірек болып шықты. Бұлардың негізгі көшбасшылары – Тілектес Адамбеков деген жігіт. Ал Тілектесті білмейтін студент мұнда сирек. Тілектес пен Олжас – бір әке-шешеден туған ағайындылар. Екеуінің тегі екі түрлі жазылуының қысқа болса да қызықты тарихы бар.

Сүлейменнің әулетінде дүниеге ұл келерде үйлерінде қонақ болып жүретін қазақ жазушылары ақын Олжас Сүлейменовке хабарласып, есімін беруге келісімін алады. Кіші Олжас Сүлейменов дүние есігін ашқанда, ақын Олжастан қазақ тілінде: «Олжастың бауы берік болсын!» деген жеделхат келеді. Және бұл жәдігер хат әлі де сақ­таулы екен. Кіші Олжас ақын Олжаспен есейгенде кездесіп, батасын алыпты. Ақын Олжас өзі аттас жақсы азаматтың өсіп келе жатқанына қуанып, ақжолтай тілектерін кітабына да жазып береді.

Шындап келгенде, Шанхайда қазақ студенттерінің 50 шақтысы қоғамдық жұмыстарға үйір әрі басқосулардан қалмайтын болып шықты. Олар міндетті түрде Наурыз бен Тәуелсіздік күнін атап өтеді және осы шараға шетелдік достарының да көптеп араласуына күш салады. Өздерінің елден апарған ұлттық нақыштағы кәде-сыйлары да бар.

Қазақ студенттері көбінесе бас­қо­суларда шахмат, футбол турнирлерін өткізеді екен. Ал бізге өз өрендерімізбен боулинг турнирінде сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қазақ күресінен жарыс өткізіп жүр­міз. Бірақ, қыздар үшін де қызықты болсын деп кейде боулинг жарыстарын ұйымдастырамыз. Біздің Ливиядан келген Әли Кантаутс деген курстасымыз бар. Ол қазақ күресінен екінші орын алған. Бұрын Әли дзюдо, джиу-джитсумен айналысқан. Ол қазақ күресінің техникасы жапонның дзюдосынан бір кем еместігін айтып, бізде мұндай күрес болмаған, ал сендер осыны неге дүниежүзіне насихаттамайсыңдар дегенді айтып жүр, – деген еді Олжас.

Біз өз студенттерімізбен басқа мемлекеттерде оқып жүрген қазақ жастарымен немесе Қазақ студенттері ұйымдарымен байланысы бар-жоқтығын сұраған едік, олар осы мәселе өздері үшін де кө­кейкесті екендігін айтып, қазіргі күн­дері басқа мемлекеттерде «Болашақ» бағ­дарламасымен және басқа да білім гранттарымен білім алып жатқан қазақ жастарын біріктіруді ойласып жүргенін жеткізді.

– Қазақстанда жүзеге асырылып жат­қан жастар саясатынан шетелдегі қазақ студенттері беймағлұм қалмауы үшін де белсенді қадамдар қажет. Елден тысқары жүрген жастар Қазақстанды ойламайды, үйренген жерлерінде қалғысы келеді деген түсінік қате. Осында келіп, қазақша үйренген жастар бар. Туған еліміздің ауасы таза, жері кең, береке-молшылығы бар екендігін осы жақта ұғындық, – дейді студент О.Сүлейменов.

Олжас 11 жыл бойы орыс мектебінде білім алған. Оқуды аяқтауға жақындағанда қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін мұғалімі: «Олжас, сен қандай адамның атын жамылып жүргеніңді білесің бе?! Мыналардың алдында өз әдебиетіңді өзің сыйламасаң, өзгелер де сыйламайды», дегенде осы сабаққа салғырт қарап жүрген мен қатты намыстандым. Қытайдың Сиань қаласына келе салып, қазақша кітапты көп оқитын анама кітаптар беріп жіберуін өтіндім. Оның үстіне мен елдің ауасын да, тамағын да, тілін де сағынып жүр едім. Алдымен Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын оқып шықтым. Осы кезде өз ұлтымның әдебиетіне деген қарабайыр түсінігім өзгерді. Қыздың сұлулығын Оқжетпестің сұлулығымен салыстырған жазушының шеберлігіне тәнті болдым, – дейді студентіміз.

Сұрақ қойғызбай-ақ, көкейдегі сауалды өзі тауып отырған қазақ студенті Елбасының Жолдауына қатысты қызықты әңгіме қозғады.

– Біз, мысалы, Елбасының Жолдауын интернет арқылы тыңдаймыз. Жоғары білім алып жүрген соң, саясаттан құралақан қалғымыз келмейді. ЭКСПО-ны да Қазақстан ұтып алғанша түнімен көз ілмей, түпкілікті шешім біздің елдің пайдасына шешілгенде елдегі достарымызға хабарласып, сүйінші сұрадық. Біз бұл оқиғаның маңызын өте жақсы түсінеміз. Шанхайда ЭКСПО өткен. Оның ғаламатын көргенбіз, – дейді Олжас.

Мәселен, Олжас өткен жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Ас­танада өткен шетелдегі Қазақ сту­дент­тері ұйымдарының слетіне қатысқан. «Жырақта жүрген жастардан руын сұрасаң – «қазақпын», қай қаладансың деп сұрасаң – «Қазақстаннанмын» деп жауап береді. Орысша сөйлесең, қазақ­ша тіл қатады», дейді ол.

– Қытайдың таңғалдыратын бір қасиеті – тарихын сыйлайды. Тарихты кі­таптардан оқығысы келмейтін жастарына түрлі жолдармен оны білгізеді. Кино мен әдеби шығармаларында да тарихта жіберген қателіктерін көрсетіп, түсіндіріп отырады. Тележобалармен, әрқилы ақпарат тетіктерімен тарихын насихаттаудан жалықпайды, – дейді әңгімеге араласқан жастарымыз.

Шанхайда оқып жүрген қазақ сту­дент­терінің бір жетістігі – әр қаладағы Қазақ студенттері ұйымдарын бірік­тірген. Былтыр мамырда өткізілген Қ­азақ­стан жастары құрылтайында бар­лық мемлекеттердегі қазақ студенттері ұйымдарына бір ат қойып, бір мақсатқа жұмылдырамыз деп шешім қабылдапты.

Қысқасы, Қытайдағы қазақ сту­денттері Дүниежүзілік қазақ студенттері ұйымдарын біріктіруге ұйытқы болмақ. Әйтпесе, әр елдегі қазақ студенттері өздеріне ағылшынша, немесе ұлтымызға үйлеспейтін басқалай аттар қойып алған. Әрі бір ұйымға біріксек, оның жұмысын Қазақстаннан бақылауға мүмкіндік туатын еді, дейді жастарымыз. Қазірдің өзінде бұл идеяны іске асыруға құлшынып отырған әр елде өкілдер бар көрінеді. Интернеттің бір игілігі де осы.

Осы арада ұйымдағы ересек сту­денттердің қатарларына кейін келіп қосылған қазақ жастарына тигізіп жатқан жақсы ықпалы бар екенін айтуға тиіспіз. Ата-ананың бақылауынан шығып, тілі мен ділін, тіпті, заңын білмейтін бөтен елге келіп, түрлі қиыншылықтарға тап болып жататын уақиғалар да кездеседі. Бастапқыда бұл елдің өмір сүру салтына, тамағына, басқасына үйренісе алмаған кей студенттеріміз оқуын тастап, елге қайтуды қарастырады екен.

– Кейде олар тілді тиісінше мең­гергенше сабақты үлгере алмай қалады. Сондайда біз қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз. Балаларын бөгде елдерге аттандырғалы отырған ата-аналар біздің веб-сайтқа кіріп, өкілдіктерге шығады. Біз жаңадан келген студенттерді күтіп алып, орналас­тырып, бастапқыда көп бағыт-бағдар береміз. Өзге ел, өзге жерге келгенде, шынында да, қатты қиналасың. Кейінгі келген студенттер біздің көргенімізді көрмесін, біз жасаған қателіктерге ұрынбасын деп жұмыс жасап жүрміз, – дейді студент О.Сүлейменов.

Ал шетелде оқитын студенттер сол елдерде қалуға тырысады деген түсінік қайдан шыққан? – деген сауалымызға олар былай жауап берді:

– Кейбір жастарымыз елге қайтудың қажеттілігін сезінбейтін болса, оларды жастар саясатынан тыс қалып қалғандар деп қабылдау қажет. Расында, шет мемлекеттерде жылы-жұмсаққа, дайынға үйренісіп қалған жастарымыз елге барған соң көтеріле алмаймыз деп ойлайды. Кейбір жағдайлар патриоттық сезімді әлсіретеді. Біз «Алмас қылыш су түбінде жатпайды» деп ойлаймыз, – дейді студенттер.

Ақиқатында, «Болашақ» бағ­дар­ламасы – Алаш жастарына берілген үлкен мүмкіндік. Бұл бағдарлама – өзге елдердің терезесімен біздің жастарды теңестірген бағдарлама. Егер қытай жастарына бізге жасағандай мүмкіндік жасалса, олар қалай қуанар еді. Олар біздің мемлекет қаражатына тегін білім алып жатқанымызға аң-таң болады. Олар өздері үшін білім алады. Ал осы мүмкіндікті тудырған елімізді ұмытқан жоқпыз. Қазақстанға оралып, борышымызды өтейтін күнді асыға күтудеміз, дейді жастарымыз.

«Егемен Қазақстан».

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста