Жұрт осы Жұмаханды біле ме екен?
ЖҰМАХАН КҮДЕРИН
Өткен ғасырдың түрлі саяси оқиғаларының зардабынан қуғын көріп, жазықсыз жазаланған арыс тұлғаларымыз қазірде жаппай ақталып жатыр. Дегенмен осы салауатты істің сыртында қалып қойып жатқан азаматтарымыз да жоқ емес. Келешек ұрпақ оларды танып-білуі парыз. Солардың бірі – Күдерин Жұмахан, оның есімін, еңбектері жөнінде энциклопедиялық анықтамалықтардан оқығаным бар, Алматыда көшесі барын да білуші едім. Таяуда куәсі болдым.
Өткен айдың 11 қыркүйегінде Мәскеудегі Халықаралық «Сахаров орталығы» «Қарлаг» атты ғылыми жобаның тұсаукесерін ұйымдастырған еді. Оған мәскеулік, шетелдік ғалымдардың қатарында Ж.Күдериннің қызы Лариса да қатысты. Лариса Жұмаханқызымен артынан біраз сұхбат құрып, мол мұрағаттық материалдарымен там-тұмдап болсын танысудың сәті түсті. Соның біразымен көпшілік қауымды таныстырғым келеді.
Күдерин Жұмахан Маусымбайұлы (1891 немесе 1893 жылы дүниеге келіп, 1938 жылы көз жұмған) – ағартушы, энциклопедист-ғалым, географ, этнограф, биолог. Жетісудің Орта Аягөз болысында, бақ-дәулетті ортада туған. Күдериндер Жетісуды ежелден қоныс еткен, құрметті әулеттердің бірі болған. Күдері – Жұмаханның атасының құрметіне қойылған жер атауы. Аталған әулет еркектерінің бірнеше буыны жан-жақты, сауатты, рулық бірлестікте би-болыс болып сайланып отырған текті тұқым. Жұмахан белгілі бір себептермен аға буын өкілдерінің жолын жалғастыра алмаған. Жұттың кесірінен әулеттің бар дәулеті ысырап болып, тоз-тозы шығады. Он жасар Жұмахан сөйтіп батырақ болып кетеді. Кейінірек, 1910-1911 жж., Сергиополь қаласындағы мұсылман мектебінде, Уфадағы «Ғалия» медресесінің үлгісінде салынған «Мамания» мектебінде (1912), Көксу ауыл шаруашылығы мектебінде (1914-1917) оқиды.
1918 жылдан РКБ(б) мүшесі болды, түрлі жер қатынастары органдарында жұмыс істеді. 1920 жылы Төтенше комитеттің «Черкасск қорғанысы» деп аталатын, Жетісудің Колчак әскерлеріне қарсылық көрсеткен ауыл тұрғындарына қатысты негізсіз жүргізген қудалау шараларына наразы болғандығы есепке алынып партия қатарынан шығады.
1924-1930 жж. Орта Азия мемлекеттік университетінде (САГУ) оқыды, бір мезгілде курстарда, ликбездерде дәріс оқыды; Түркістан аумағының табиғи ресурстарын зерттеу жөніндегі үш ғылыми-зерттеу экспедициясына қатысты. «Қытайдағы қазақтарды қайтару жөніндегі комиссияның» жұмысына араласты, оның қатысуымен 6000 отбасы Отанына оралды. 1928 жылы ҚазАКСР-дің жер қатынастары комиссары лауазымында болды.
Ж.Күдерин ғалым биолог ретінде де көп іс тындырды. 1930 жылы ол бір модалық қарасораны ойлап тапты. Ол кезде оны тал жіп және май алу үшін өндіретін. Бірақ Күдерин өз жаңалығының нәтижелерін пайдалануға үлгермеді. Өйткені, ғалым тұтқынға алынып, қолжазбалары тәркіленуі себепті, аталмыш еңбектің кейбір бөліктері жартылай ғана жарық көрді. Жұмахан Күдерин 1930 жылдың 1 қыркүйегінде Ташкент жанындағы агростанцияда, «ұлтшыл» деген айыппен ұсталды. Ғалым онда Орта Азия мемлекеттік университетін бітіргеннен соң тәжірибе жұмыстарымен шұғылданып жүрген болатын. Осыдан жарты жыл бұрын, 1930 жылдың ақпанында әкесі мен әулеттің барлық ер-азаматтары да тұтқындалған еді.
«Буржуазияшыл ұлтшылдардың» іс-әрекеттеріндегі қылмыс дәлелденбеді де, іс Москваға жіберілді. Онда да олардың кінәсіне қатысты нақтылы дәлелдер табылмады. Содан келіп барлығын үйлеріне босату туралы ұсыныс болды. Дегенмен Қазақстандағы ОГПУ өкілі бұған қарсы шығып, олар ОГПУ-дың бет-беделіне нұқсан келтіреді деген сылтаумен барлығын Ресейге айдауға жіберуді ұсынды. Сөйтіп, ғалым ОГПУ жанындағы Үштіктің 1932 жылдың 20 сәуіріндегі қаулысымен 5 жылға сотталды.
ОГПУ жанындағы Үштіктің №111/К хаттамасында былай деп жазылған: ҚАУЛЫ ЕТТІ: 1) Тынышпаев Мұхамеджан, 2) Досмұхамедов Халел, 3) Досмұхамедов Жаһанша, 4) Үмбетбаев Алдаберген, 5) Мурзин Мұхтар, 6) Мұңайтпасов Абдрахман, 7) Кемеңгеров Көшмұхамед, 8) Бұралқиев Мұстафа, 9) Күдерин Жұмахан, 10) Қожамқұлов Нәшір, 11) Ақпаев Абдулхамид, 12) Ақпаев Жақып, 13) Қадырбаев Сейітғазым, 14) Омаров Әшім, 15) Тілеулин Жұмағали – бес жыл мерзімге концлагерьге отырғызылуға үкім етіледі... (Аталған мерзім бірқатар жазалыларға қатысты айдаумен ауыстырылған, оның ішінде Ж.Күдерин де бар (авт.).
16) Ермеков Әлімхан, 17) Әуезов Мұхтар – үш жыл мерзімге концлагерьде отырғызылуға үкім етіледі. Ермеков пен Әуезовке қатысты үкім шартты болып есептелсін.
18) Омаров Уәлихан, 19) Сүлеев Біләл, 20 Ысқақов Даниял – алдын ала қамауда болуы есебінен тұтқыннан босатылсын.
Айдау орны Орталық Қаражер облысы (Воронеж және Льгов) болып белгіленді. 1932 жылы Жұмахан Күдерин Льгов қаласына 5 жылға әкімшілік айдауға жіберілді, кейіннен сырқатына байланысты, дәрігерлердің бақылауымен, Воронеж қаласындағы ауруханаға ауыстырылады. Диагноз анықталмайды, бірақ айдау мерзімі бір жылға қысқартылады. 1934 жылы айдау мерзімі бітеді. Жұмахан жаза мерзімінде агроном болып еңбек етеді.
1935 жылы отбасымен Алматы қаласына қайтып оралып, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер болып қызметке тұрады. 1936 жылы Ж.Күдерин соттылығы бар тұлға ретінде жұмыстан босатылады. Содан соң «Качуконос» трестіне инспектор болып жұмысқа орналасады.
Ж.Күдерин екінші рет 1937 жылдың 21 мамырында ұсталып, түрмеге отырғызылды. Оны антикеңестік, ұлтшыл, аумақтық көтерілісшілер және диверсиялық-шпиондық ұйымның жетекшісі ретінде тұтқындайды. Күдеринге қатысты дербес іс қозғалады. Ол РСФСР ҚК 58-2, 7, 8, 11 баптары бойынша айыпталды. Тергеуді Алматы облыстық НКВД-нің жедел уәкілетті тергеушісі В.Я. Якупов жүргізді. Оның тұтқындар арасында «өлім періштесі» деген жасырын аты болған, себебі ол жүргізетін істердің барлығы өлім жазасына келіп тірелетін. Жұмахан Күдерин 1938 жылдың 7 наурызында сотталды. КСРО Жоғарғы Сотының көшпелі сессиясының қаулысымен ең жоғары жазаға кесілді. Сол күні атылды.
Ғалымның бірқатар еңбектерімен жақын танысқан едік. Солардың бірқатары жөнінде қысқаша ой-пікір білдірсек пе дейміз.
Ж.М.Күдериннің 1992 жылы Алматыдағы «Рауан» баспасынан жарық көрген «Өсімдіктану» кітабы, сонау 1927 және 1930 жылдары араб және латын әріптерімен тұңғыш рет қазақ тілінде басылып шыққан, өсімдіктер тіршілігін тартымды баяндайтын оқу құралының қайта басылымы.
Бір айта кетерлігі, «Өсімдіктану» деп аталатын соңғы аталған екі кітап – екі бөлек дүние. Еңбектердің негізгі мақсаты ортақ болғанмен де, әр кітаптың өзіндік ерекшеліктері бар, ой-тұжырымдары да басқа-басқа. Автордың сөз қолданысы, сөйлем құрылымы мол ізденгенін, тақырыпты жан-жақты меңгергенін көрсетеді. Өз заманында қоғамда кең қолданыста болған сөйлеу тәсілі анық та айқын байқалады. Бірегей оқулықтың сөйлемдері қысқа, анықтама және тұжырымдары нақты да айқын болғандықтан айтайын деген ойы да шәкірт ұғымына, олардың ой-жетесіне сай келіп, тартымды оқылады.
Ғалымның әсіресе тәжірибе жасауға ерекше назар аударуы, өсімдіктердің шаруашылыққа, денсаулық сақтауға пайда-зиянын баяндауы, Қазақстанда өсетін және күнделікті бақылауға мүмкіндігі бар өсімдіктерді мысалға алуы, ғылыми терминдердің қазақша баламасын табуға талпыныс жасауы еріксіз қызықтырады. Көптеген сөздердің ана тілінде сөйлеуі көңіл тұщынтады.
Қысқартып айтқанда, оқулықтың алғашқы нұсқасы осыдан 80 жылдан астам уақыт басылып шыққанына қарамастан, құнын әлі де жоғалтқан жоқ, өсімдіктер әлемімен шұғылданатын, өсімдіктер тіршілігінің құпиясын ашуға құмар оқырмандарға әлі де пайда беретін қажетті құрал.
Мен осы мақаланы жазу барысында ботаника, биология бойынша соңғы жылдары жарық көрген бірқатар еңбектерді қарап шықтым. Жұмекеңнің еңбегі дәлдігі, сөз мәйегі, қысқалығы, нұсқалығы жөнінен үйренетін нәрсе екен.
Суретте: Сахаров орталығындағы оқырмын конференциясы
Ғалымның еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген және бір еңбегі «Қуғын-сүргінде аман қалған еңбектер» деп аталады (Алматы: Демеу, 1995). Ж.Күдерин тұтқынға алынып, ақырында атылып кеткен соң тәркіге түскен еңбектерінің біршамасы НКВД-ның құрығынан аман қалады. Оны зайыбы Татьяна Григорьевна жасырып үлгереді. Бір жарым жасар ұлы Сырымның жергөгіне, қызы Ларисаның төсегінің ішіне тігіп тастайды. Ол материалдар сол тығулы қалпы сақтала береді. Жолдасы атылғаннан кейін пәтерден пәтер ауыстырып, балалармен бірге көшіп жүріп, заманның беті ептеп түзелген соң жарияланады. Бұл ретте Татьяна Григорьевнаның іс-әрекетін ерлік деп бағалауға әбден болады.
Жинақ бірнеше бөлімнен тұрады. Бірінші, салмақты бөлімі «Қой мен оның жүні» деп аталады. Оның өзі ішінара бірнеше тараушаларға бөлінген. Сөйтіп, қазақ ұлт болып қалыптасқалы бері бірге жасасып келе жатқан қоңыр түлік қойдың шығу тарихынан тамыр тартып, оның тұқымдары, әр мүшесінің сыны, жүні, оның айырмалары, ерекшеліктері, қойдың аурулары, терісі, т.б. бір әдіппен, бір жүйемен зерттеу нысанына айналып, баян етіліп шыққан. Еңбектің тілі жеңіл, еліктіріп, жетелеп отырады. Жинақта қант қызылшасына қатысты, шаруашылықта кеңінен қолданылатын кенеп, кендір туралы жан-жақты мәліметтер берілген.
Кітаптың соңғы бөлімінде ауыл шаруашылығы мәшинелері жөнінде сөз болады. Кәдімгі қол соқадан бастап, кейінгі жетілген үлгілер культиватор, тұқым сепкіш, шөп шабатын, егін оратын мәшинелердің түр-түрі тізбектеліп, бәріне дерлік жан-жақты сипаттама берілген. Әр техниканың еңбек өнімділігі, оларды күтіп ұстау, сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылған.
Бір сөзбен, ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы енді ғана жанданып келе жатқан аумалы кезеңде жазылған еңбек өзінің терең пайымымен, ғылыми негізділігімен еріксіз тәнті етеді. Әлі де болса, назар аударып, айналысқа енгізетін ұсыныс-тілектері, ой-пайымдары да баршылық деген тұжырымға келдік.
Cондай-ақ, ғалым қызы Лариса Жұмаханқызының, жұбайы Татьяна Григорьевна Наносваның айтуына қарағанда, мектептердің қазақ тіліндегі оқулықтармен толық қамтамасыз етілмегенін жақсы сезіне отырып, төмендегідей кітаптар жазған:
1. Әліппе (букварь) – 1919 ж. Жарық көрмеген. Дегенмен қолжазба күйінде бірқатар мектептерде пайдаланылған.
2. Оқудың 5-жылы үшін «ҰЖЫМДЫҚ ЕҢБЕК» хрестоматиясы. 1929 жылы жарық көрген.
3. «ОН ХАЛЫҚ» жинағы. 10 түрлі ауыл шаруашылығы балаларға арналған кітаптар сериясы. 1928 жылы Қазбаспада (Казиздат) басылған.
4. Н.И. Баранскийдің экономикалық географиясы (аударма). 1-бөлімі 1927 жылы, 2-бөлімі 1929 жылы жарық көрді.
5. Қазақстанның физикалық географисы. Қолжазба. Жарияланбаған. 1929 ж.
6. Физикалық география. П.Ф. Лезгарт. Аударма. Қолжазба. Жарияланбаған. 1929 ж.
7. Халық әдебиеті жинағы. Жекелеген бөлімдері жарық көрген (1921-1930 жж.).
Ауыл шаруашылығы әдебиеттерінің тапшылығын ескере отырып, мынадай еңбектер жазған:
1. Ботаника оқулығы (араб қарпімен). Москва: Госиздат, 1927.
2. Өсімдіктер өмірі. Қазбаспа, 1930.
3. Қойлар және оның жүні. Қазбаспа, 1930.
4. КЕНАФ. Қызылорда, 1930.
5. КЕНДІР (аударма). Москва: Госиздат, 1931.
6. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің зиянкестері және ауруларымен күрес (аударма). Жарияланбаған. 1935 ж.
7. Жан-жақты өнімді, өнікті бұршақ тұқымдас өсімдіктер. Покровский (аударма). Жарияланбаған. 1932 ж.
8. Қазақстанның мал шаруашылығы. Жарияланбаған. 1930 ж.
9. Техникалық мәдениеттер бойынша энциклопедия. Жарияланбаған.
10. Техникалық мәдениет ретіндегі көктарақ (ворсянка). Газетте жарияланған материал. Қызылорда, 1926.
11. Қуаңшылыққа төзімді дақылдар – тары, жүгері және т.б. Қызылорда, 1926.
12. Итсигек – улы өсімдік. Газетте жарияланған. Қызылорда, 1926-27 жж.
13. Майлы өсімдіктердің алуан түрлілігі. 1926 ж.
14. Көкпек – жылқылар үшін улы өсімдік.
15. Татран жемшөп ретінде. Оны қызылшамен будандастыру. 1927 ж.
16. Құмаршық – Батыс Қазақстанның нандық өнімі. 1929 ж.
17. Қаратұт ағашы табиғи жібек мата береді. Алматы газеті.
Сонымен қатар ол әр жылдары мынадай еңбектер жазған:
1. Қазақтардың ата-тек шежіресіне қатысты материалдар. Қолжазба жоғалып кеткен, Ғ.Мүсіреповке тапсырылған.
2. Орта Азиядағы жыландардың түрлері. Қызылорда, 1925.
3. Жыландарды қалай қолға үйретуге болады және көз байлаушылығы.
Жұмақан Күдерин сатиралық және әзіл-ысқақ өлеңдер де жазып тұрған, олардың бірқатары 20-30 жылдары мерзімді басылымдарда жарық көрген.
Сәкен Сейфуллин өзінің «Көкшетау» поэмасының бірінші басылымына жазған алғысөзінде оның есімін Қазақстанның алғашқы он жеті пролетариат жазушылары қатарында атайды:
«АРНАЙМЫН. Пролетариат перзенттері – жазушылар: Сәбит, Хамза, Әлкей, Елжас, Қайып, Мәжит, Ғабит, Құсайын, Мұсапар, Сабыр, Қалмақан, Рахметжан, Бейімбет, Жұмахан, Жұмабай, Өтебай, СӘКЕН».
Орта Азия мемлекеттік университетінің студенті бола жүріп, Жұмахан жыландардың тіршілігімен қатты айналысады. Ол бұл мәселе жөнінде көп оқыды, олардың табиғаттағы тіршілігін қадағалады, аса қызғылықты түрлері үшін террариум жасады, оларға жүйелі түрде бақылау жүргізу үшін тіпті үйінде ұстады және барлық жазбаларды ҚАРА ДӘПТЕР атты тор дәптеріне жазып отырды.
Дінге қарсы курстарда жұмыс істей жүріп, оған түрлі діни ағымдардың түп төркінімен танысуға тура келді. Содан соң әуестікпен ислам, христианство, конфуцианство, буддизм және т.б. діндерді негіздеп оқып алды. Бұл мәселе жөніндегі барлық тәмсілдерді, ескертулер мен көшірмелерді де ол ҚАРА ДӘПТЕРГЕ енгізіп отырған. Осыдан шығып бір демалыс сәтінде, ҚАРА ДӘПТЕРДІ парақтай отырып, бөлек бір ойға беріліп, мынадай тұжырым жасайды: негізгі кейіпкерлері жыландар болып келетін және олар жекелеген діни ағымдардың идеялары мен өзіндік өзгешеліктерін таратушы болып табылатын әдеби-көркем туынды жазса қалай болар еді.
Сәкен Сейфуллин мен Мағжан Жұмабаев, бұл жөнінде естіп біліп, идеяны қызу қуаттаған екен.
Жұмахан сирек кездесетін, кәсіптік қазақ сөздерін – «терминдерін» ерекше ілтипатпен жинаған, оларды орыс тіліне аударып, түрлі сөздіктер жасауға дайындық жасаған. 1936 жылы КАЗФАН-мен келісім-шартқа отырып, Академиялық сөздікке деп, «А» қарпінен басталатын жануарлар мен өсімдіктердің алғашқы 200 сөзінің ЛАТЫН, ОРЫС және ҚАЗАҚ тілдеріндегі баламаларын тапсырған.
Суретте: Лариса Жұмаханқызы Күдерина
Міне, өткен ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялы қауымының бел ортасында жүріп, өз саласы бойынша бірегей ғылыми-зерттеу еңбектер жазып, ғалым, қайраткер дәрежесіне көтерілген тағы бір қазақ оқығанының талайлы тағдыры осы. Біз, әлбетте, танымдық тұрғыда ғана сөз еттік. Зерттеу аумағынан тыс, тасада қалып келе жатқан ғалымның өмірі мен ғылымдағы жолына көпшілік назарын аударуды ғана мақсат тұттық. Тектеп келгенде, ғалымның әрбір еңбегі жеке-жеке зерттеуге лайық. Ол болашақтың үлесінде деп білеміз.
Abai.kz сайтынан алынған
(Тақырып өзгертілді. Түпнұсқадағы тақырып: ЖҰМАХАН КҮДЕРИН)