Жұмекеннің жұлдызы неге биік?..
Жұбан Молдағалиевті білмейтін қазақ жоқ. Қазақтың тілі мен ділі туралы сөз болғанда Жұбағаңа міндетті түрде бір айналып соғатынымыз бар. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың мұң-зарын, іштегі шер-шеменін Жұбаннан асырып айтқан тағы ешкім жоқ.
Әңгімені әріден бастасақ, Жұбан Молдағалиев әкеден алты айлығында қалыпты. Анасы Зеріп қып-қызыл коммунист болғанға ұқсайды, ауылдық советті басқарыпты. Адуынды мінезі бар, абыройы да бір басына жеткілікті анасын Жұбағаң қатты құрметтепті. Алматыға келгенінде анасын ауылына тастап кетпей, бірге алып келгені де содан болса керек. Өмірлік серігін таңдау кезінде де шешесінің бір ауыз сөзін жерге тастамағаны ой саларлық іс екен. Жұбағаңның жан серігі Софья апай да осал емес. 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде «халық жауы» атанған Сейітқали Меңдешевтің туған жиені. Өз әкесі екінші дүниежүзілік соғыста мерт болған. Жұбан ағамыз бен Софья апайдың Қуаныш, Қуандық, Азамат есімді ұлдары мен Гүлмира есімді қызы бар. Екі ұлы архитектор, бір ұлы энергетика саласының маманы. Қызы ағылшын тілінің білгірі. Бірақ…
Қазақтың тілі туралы сөз болғанда, қазақтың болмыс-бітімі туралы сөз болғанда Қадыр Мырза Әлиге де бір айналып соғатынымыз бар.
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте», – деген өлең жолдары бала күннен құлағымызға сіңген.
«…Қазақ осы құда бол деп қинайтын,
Құдаларын Құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын», – деген де Қадыр Мырза Әли.
Ал Қадағаңның «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегені, тіпті, қанатты сөзге айналып кетті. Еңбек жолын балаларға арналған «Балдырған» журналынан бастаған Қадыр Мырза Әлидің өлеңдері бір емес, бірнеше буынды тәрбиеледі. Тәрбиелеп те келе жатыр. Бірақ…
Қадыр ағамыздың құрдасы, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап балалар әдебиетінде тең-қатар жүрген үзеңгілесі Тұманбай Молдағалиев те өзінің шығармаларымен, сыршыл лирикасымен, балдай тәтті балаларға арналған балғын жырларымен бір емес, бірнеше буынды тәрбиеледі. Әлі күнге дейін мектеп оқулықтарынан түспей келе жатуы да тегін емес. Балаларға арналған шығармаларды іздегенде алдымен Қадыр Мырза Әли мен Тұманбай Молдағалиевке жүгінетініміз де бекер болмаса керек. Қадағаң мен Тұмағаңның ұстазы Мұзафар Әлімбаев та солай. Жасы тоқсаннан асса да, ақсақал әлі қаламын тастаған жоқ. Бірақ…
Шығармалары арқылы шыңдаған, жазуыменен тәрбиелеген қаламгердің бірі – Шерхан Мұртаза. Өздерің мектеп бағдарламасында оқыған «Интернат наны» бар ғой, сол шағын шығарманың өзі ерлік пен өрліктің, адалдық пен арамдықтың ара-жігін ашып беріп тұрған жоқ па?! «Қызыл жебесі» ше?! Нысанаға дөп тиген шығарма емес пе?! «Ай мен Айшасы» қандай?! Тіпті, қартайып, қайраты қайтқанда түрте салған «Бір кем дүниесінің» өзін талай адам іздеп жүріп оқыды десек, ешкім дауласа қоймас. Бірақ…
Бірақ, Жұбағаң мен Мұзағаңның да, Тұмағаң мен Қадағаңның да, жаңа ғана сөз қылған Шерағаңның да ұрпағы, ауыр да болса айтайық, қазақтілді емес көрінеді. Бір сұхбатында Софья апай: «Жұбанның ұрпағын орыстілді деп кінәламаңдар», – деп, әңгіменің ашығын айтты. «Орыс мектебінде оқыды. Саясаттың қыспағы… Заман солай болды ғой», – деген әз-ана. Қуаныш пен Қуандық та, Гүлмира мен Азамат та, аналарының айтуына қарағанда, Жұбан ақынның шығармашылығымен жақсы таныс. Бірақ…
Қадыр атамыздың балаларын қойып, немерелері де орыстілді деседі. Шерағаңның жалғыз қызы Алма ағылшын тілін шемішкеше шағады. Бірақ, қазақшаға шорқақ. Тұмағаңның жалғыз ұлы Дәурен де қазақшадан гөрі орысшаға жүйрік. Жалпы, қазақ жазушыларының, зиялы қауым өкілдерінің дені балаларын орысша оқытты. «Саясаттың қыспағы» деп ақталды. Кінәні қазақ мектебінің болмауына жапты. Сәбит Мұқанов пен Тахауи Ахтановтың балалары да орысқолды болып өсіп, орыстілді болып қала бере ме енді?! Тіпті, сонау кеңестік кезеңнің өзінде «Мен – қазақ» деп өлең жазған, қазақ десе ішкен асын жерге қойған Қуан аға Шаңғытбаев та балаларын орысша оқытты (Бірақ, Қуандық Шаңғытбаевтың қызы Гауһар әкесінің өлеңдерін жатқа оқиды. Өлеңдерін талдағанын көріп, риза болғанымыз бар. Бүгінде әкесінің жоқшысы болып жүрген де сол Гауһар апай. Мемлекеттік тапсырысқа қол жаймай, өзінің қаржысына бес томдығын шығарғаны да біраз жайттан хабар берсе керек). Бүгінде ел алдында жүрген Сейітжан Омаров, Сапар Байжановтың балалары да мемлекеттік тілден гөрі, ресми тілде көбірек білім алған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде талай жыл шәкірт тәрбиелеген Әбілфайыз Ыдырысовтың ұлы Ерланның қазақшасы қай деңгейде екені бәрімізге мәлім. Әке жолын қуып, қағаз-қалам арқалаған Ғафу Қайырбековтің баласы Бақыт та, Сәуірбек Бақбергеновтің ұлы Қайрат та қазақша жазбайды. Орысшасы осы күнге дейін мәз емес Әбеңнің – Әбдіжәмил Нұрпейісовтің қызы Шұға да орысша жазатындардың қатарында. Бүкіл жан-тәнімен, болмыс-бітімімен қазаққа қызмет еткен Сейдахмет Бердіқұловтың да балалары орыстілді секілді ме-ау. Ғабиден Мұстафин мен Қасым Аманжоловтан тартып, Ақселеу Сейдімбек пен Сайын Мұратбековке дейінгі біраз ақын-жазушылар өздері қазақша жазып, қазаққа қызмет қылса да, ұрпақтарын орысша оқытқаны парадокс сияқты, бір қарасаң. Әзілхан Нұршайықовтың қыздары «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Ақиқат пен аңызды» түпнұсқадан оқи алмаса, мұны қаламгер үшін трагедия емей, не дерсіз?! «Заман солай болды» деп ақталу жеткіліксіз сияқты. Жарайды, Қабдеш Жұмаділов Қытайдан келген шығар, оның балалары сондықтан да қазақша оқып, қазақшаға жүйрік болған шығар, ал ит арқасы қияннан келіп те, пәтерден-пәтерге көшіп жүріп те балаларын қазақ мектебінде оқытып, қазақы тәрбие берген Үмбетбай Уайдин қатарлы қаламгерлерді ешкім мәжбүрлеген жоқ еді ғой! Білмейтіндер біле жүрсін, Қабдеш ағамыздың ұлдары да, жалғыз қызы Ерке де қазақшаны қойып, ағылшыншаңызды да шемішкеше шағады. Екі ұлы Еуропаның екі елінде қызмет етті. Қызы да еуропалық ұйымда қызмет етеді. Бірақ, бүкіл болмыс-бітімімен қазақ. Мұхтар Мағауин мен Төлеген Айбергенов осы қалада тұрып та балаларын қазақша оқытып, қазақы тәрбие бере алады да, Сырбай Мәуленов пен Тельман Жанұзақовтың балалары орыстілді, орысқолды болып шығады. Неге? Біз білетін Төлен Әбдік пен Баққожа Мұқайдың балалары қазақшаға судай. Жақсылық Түменбай, Молдахмет Қаназ, Сағат Әшімбаев, Кәдірбек Сегізбаев, Балғабек Қыдырбекұлы бастаған, одан берідегі Серік Әбдірайымұлы, Жақау Дәуренбеков, Дидахмет Әшімхан қостаған жазушылардың балаларына табылған қазақ мектебі басқалардың балаларына табылмай қалғаны, біртүрлі, «қызық». Соған қарағанда, мәселе мектепте де емес-ау деген ойға қалдық. Бала – адамның айнасы. Кез келген адамның шынайы болмыс-бітімін баласынан көруге болады. Егер кімде-кімнің баласы қазақша оқып, қазақы тәрбие алса, онда ол баланың әкесінің де бар арман-мұраты қазаққа қызмет ету болғаны. Ал егер елдің алдында «қазақ, қазақ!» деп кеуде соғуды шебер меңгеріп алып, үйінде балаларымен «доча, сына» деп сөйлесіп жүргендер болса, оны қалай түсінеміз? Біраз ғұмырын Бейімбет Майлинді зерттеуге арнаған жазушы Тоқтар Бейісқұловтың кәдімгідей ересек болып қалған ұлы редакциямызға келген еді. Әкесінің асына шақыра келіпті. Бірақ, жөн сілтеген екі ауыз қазақшаның өзін «қақпай» тұрғанын көріп, қайран қалыстық. Кезінде президент «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенде оны сан-саққа жүгіртушілер көп болған еді. Оның да мәнін енді түсінгендейміз. Жазушылардың балалары туралы әркім-әркімнен сұрастырып жүргенде небір қызықты жайттарға да кез болдық. Оның бәрін тізе берсек, талаймен жау болармыз. «Олардың қазақша білмегені де ештеңе емес. Арасында қазаққа қарсы шығып, қарсы сөйлеп жүргендері де бар ғой. Міне, қауіп солардан!» – деп күйіп-пісті бір ағамыз.
Ұлы ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы бастауышта баланы тек қана өзінің туған тілінде оқыту керектігін айтып, «Қазақ» газетінде бірнеше рет дабыл көтерген екен. Өзге тілдерді меңгеруіне де қарсы емес, қабілеті бар бала кез келген тілді үйреніп кете алатынын Ахаң да айтады. Бірақ, өзінің тілін білмей тұрып, өзге тілмен сусындаған баланың қайырылуы қиын екенін аңғартады. Ұлы ұстаз қателеспепті…
«Әкем өмірден өткенде мен он үш жаста едім. Есімде қалғаны, әкем өте балажан еді. Күнұзақ жұмыста. Үйге келген соң тамағын ішіп алып, жұмыс бөлмесіне кіретін. Бұл кезде бәріміз аяғымыздың ұшымен жүретінбіз. Тіпті, кабинетіне кіріп кететін менің өзімді әкем мейірлене иіскеп, маңдайымнан сүйіп мәз болатын. Әппақ әрі түр-әлпетім жағынан әкеме қатты ұқсайтын мен үйдің сүт кенжесі болғандықтан, әкеме еркелеуші едім. Мені бір елі жанынан тастамайтын. Қонаққа барса да қасынан қалдырмайды… Бесеумізді бөліп-жармай, жанындай жақсы көретін. Әсіресе, әкем үшін ағам, жанұямыздағы жалғыз ұл Мағжанның орны бөлек-тін. 1965 жылы туған ағама ол кезде ел есімін баласына қоймақ түгілі, атын айтуға қорқатын, «халық жауы» атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған Алаштың айтулы ақыны Мағжан Жұмабаевтың атын қойыпты. Мағжанның жырларына, ақындық тұлғасына деген әкемнің махаббатына ақынның талайлы тағдыры да тосқауыл бола алмаса керек. Әкемнен кейін Мұхтар Мағауин, кейін Кеңшілік Мырзабеков те ұлдарының атын Мағжан деп қойды».
Бұл – ақын Жұмекен Нәжімеденовтің қызы Саиданың әкесі туралы естелігінен үзінді. Саида Нұрлан Оразалин, Қайырбек Асанов, Мұхтар Мағауин, Қаршыға Ахмедьяров, Нұрғали Нүсіпжанов, Уақап Қыдырханов, Ибрагим Исалардың ұл-қызымен бір мектепте, бір сыныпта оқыған екен. Мектепті алтын медальмен бітіріпті. Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, «Жұмекен Нәжімеденовтің поэмалары» деген тақырыпта диплом жұмысын жазып, қорғапты. Жұмекен Нәжімеденовтің прозалық шығармаларын ғылыми жұмысына арқау етіпті. Саиданың әкесі туралы естелігін оқып болғаннан кейін «Жұмекеннің жұлдызы биік екен!» деген ой түйдік. Әйтпесе, бір ауыз сөзімен, бірді-екілі ісімен әкесінің өмір бойғы еңбегін жуып-шайып жіберіп жүргендер де бар ғой арамызда. Бүгінде бір-екі шетелді көріп келіп, «қазақшамен ұзаққа бармайсың» дегенді құлағына құйып жүрген замандастарымыз да жоқ емес. «Орыс мектебінде білім жоғары, қазақ мектептерінің деңгейі төмен» деп, «төркінін танымай» жүргендер де жеткілікті. Әрине, біз адам құқықтарын аяққа таптамаймыз, әркімнің қалауы, әркім өзі шешеді. Бірақ, әйтеуір ертең ұл-қызыңыз жерге қаратып жүрмесін деңіз.