Жат жерде қалған жауынгер

Жат жерде қалған жауынгер

Мен үнсіз қалың терең ой құшағындамын… Ұлы Отан соғысына қатысқан әкем мен атамның өмірлері туралы бір сәт ойлансам, сай сүйегім сырқырайды… Еріксіз көздің жасына ерік беремін… Олай дейтінім, екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың азабы мен зардабын тартқан миллиондаған адамдардың басына түскен қайғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы Көмешбұлақ елді мекенінің тұрғындары Омарбек әулетінің де сүйегіне өшпестей таңба салған еді. 1941-1945 жыл аралығындағы Ұлы Отан соғысы туралы әңгіме қозғала қалса, мен оймауыт ойдың тұңғиығын толқытып, әкем мен атамның басынан өткен асулы қия кезеңдерін ой-електен өткізіп, сезім пернелерімен ерекше мұңды күйге енемін. Соғыс – адамзат басына келген нәубет. Нәубетке, амал жоқ, көппен бірге көнуі керек. 1925 жылы туылған әкем – Мейманхан әкесі Өтебаймен қатар көкөрім шағында не бары 18 жасында 1943 жылы соғысқа аттанып, Отан үшін қан майданда ерлікпен от кешеді. Әкем Мейманхан 1945 жылы оқ пен оттың өтінен, өмір мен өлім айқасынан аман қалып қан майданнан қалың жауынгерлермен бірге жеңіспен елге оралады. Бұл қатал тағдыр, әкемнің жастық шағын осылай ұрлап ерте есейткен еді.

Биыл Ұлы Отан соғысының жеңісіне 70 жыл толады. Асқар таудай болған әкем-Мейманхан тірі болғанында 90 жасқа толған болар еді-ау. Әкеме “тәуелсіздікті” көруді жазбапты. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін ұлы жеңіс күндеріне орай бірнеше рет медальдармен марапатталған. Әкемнен соғыс туралы сұрасам айтқысы келмейтін (соғысқа қатысқаны туралы дерек сұрап алмағаныма өкінемін). Тек еміс-еміс есімде қалғаны, қанды қырғында жаралы жауынгерлерді соғыс айлағынан әкету үшін, бірінші кезекте аққұлақтарды (орыстарды) алып кететін дейтін. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” дегендей, әйтеуір сол соғыстан өзінің аман қалғанын, бірақ әкесінің хабар-ошарсыз соғыстан оралмағанын шерлі жүрекпен мұңая айтып отырушы еді, жарықтық. Өмірін ұстаздықпен өткізген әкем Мейманхан 1976 жылы 51жасында соғыс салған жаралары асқынып, дерті меңдеп ауруханада көз жұмды.

Мен 1976 жылы 8-ші сыныпты аяқтаған болатынмын. Ең соңғы рет әпкелерім Сакида, Фарида үшеуміз әкемнің хал-жағдайын білуге ауруханаға барғанымызда, әкемнің көзі нұрланып, қуанып, (өлім алдында бір жасаған-ау шамасы) бізге: “аналарыңа айтыңдар, “көлбаржыланды” ұстап әкелсін, маған сол жылан шипа болады екен” деген еді. “Көкем жазылады екен” деп, анамыз-Нышанды үміттендіріп, әкемнің сәлемін қуанышпен айтып келген болатынбыз. Ертеңіне таңсәріден анам “көлбаржыланды” табу үшін, Шымқаланың жанында орналасқан 41 алқа көлі мен жағасы көкқұрақ майсалы, мөлдіреп аққан бұлақтары бар Көмешбұлақ мекенінің сардаласын кезіп кетеді. Сол күні мен өзімнен-өзім қатты күйзеле өкси булығып, жүрегім әлденеге алаңдап, бойымды қорқыныш- үрей билеп, жүрек қағысым өзгеше болып соғылды. Не деген түйсік десеңізші…Ойпырмай, жүрек құрғыр алдамапты. Сол күні әкемнің інісі Әмзе сұм ажал құрығына ілінген ағасының мәйітін ауруханадан түс ауған шақта үйге әкелді. Ал, бейшара анам болса, мидай қайнаған ыстық күнде жапан түз даланы кезіп, аузы кезеріп, кемсеңдеп жылап, бір Алладан сұрап жалбарынып, жан жарының емі үшін, жылан іздеп, іздегенін таппай күңіреніп, түннің бір уағында келеді. 29 тамыз күні біз үшін қайғылы да қаралы күн болған еді.

Сұрапыл Ұлы Отан соғысына қатысқан атам – Омарбеков Өтебай қан майданнан оралмаған. Атам Өтебай өкінішке орай, сұм соғыстан белгісіз себептермен хабар-ошарсыз кеткен. Қара қағаз келсе бір сәрі, өмірден өткенін білер еді ғой ел, ол да келмеген. Өмір бойы алаңдап, соғысқа аттанған Өтебай атамнан бір хабар келе ме деген оймен сарғая күткен Омарбек әулеті қаралы күндерді жаралы жүрекпен өткізеді. Омарбеков Өтебайдың сүйегі ”белгісіз жауынгер болып” қайда қалғанын білмегеннен ауыр өкініш жоқ шығар бұл өмірде. Бұл соғыс–атам Өтебайдың сүйегін, тым болмаса, туған жерге бұйыртпай, Омарбек әулетін аяусыз шарпып өтті. Өтебай атамның сүйегі “жат жерде қалған белгісіз жауынгер” болып қай өңірде жатыр екен? Бұл азапты, зарлы сұрақтардан Омарбек әулеті өмір бойы құтылмады… Іздеуден, сарғая күтуден тауы шағылса да марқұм Өтебай атамның есімі мен тегі тізімнен көрініп, қабірі Ресей жерінен табылып қала ма деген үмітпен әлі де келеміз. Өйткені, жеңіске 70 жыл толса да табылған Қазақстандық жауынгерлердің тізімі мен қабірін бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп қалып жүрміз. Осындай ғажап күн туса игі еді.

Шымкент қаласындағы Абай саябағындағы аллеяда Ұлы Отан соғысына қатысушылар тізімі жазылған тақтада тасқа қашалып жазылған әкем – Мейманхан Өтебаевтың есімін медет тұтып, дұға бағыштап, сиынып қайтып жүрмін. Сайрам аудандық “Мәртөбе” газетінде (соғысқа қатысушылар тізімі) жарияланған атам мен әкемнің есімдері бар газетті сақтап жүрмін. Қазақ халқы “Сүйегі менікі, еті сенікі” деп, өз тумасының сүйегін де жатқа қимайтын. Мен – Ұлы Отан соғысында сүйегі белгісіз жат жерде қалған жауынгер Өтебайдың немересі екенімді айтқым келеді. Басқа қолымыздан не келеді? Ақиқатты жазғаным — әкем мен атамның рухына деген құрметім және сағынышым. Соғыстың ащы қасіреті мен салдарын тартқан адамзат баласына Алла сабыр мен төзім берсін. Ұлы Отан соғысында Отан үшін құрбан болған қыршын кеткен боздақтар мен жеңіске қол жеткізіп, соғыстан аман-есен оралып, бейбіт өмір сыйлап кеткен майдангерлерді ешуақытта ұмытпайық.

Суреттерде: Әкем Мейманханның соғыстан кейінгі жылдары, атам Өтебайдың суреті жоқ.

Несіпкүл ӨТЕБАЕВА, Түркістан қаласы.

ult.kz
 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста