Әр қазақ шаңырағында дүниеге келген ұл балаға ұрпағымның жалғасы, қара шаңырақтың иесі, елін жаудан қорғайтын аламаны деп қараған. Қыз бала – үйге қонған бақ, елдің ырыс-құты ретінде ұлдан артық бағаланатын. Әрине, қазақтың ұғымында. Бүгінде осы шаңыраққа ие болар ұлыңыз қылымсыған қызға, Құдай әу бастан нәзік жанды етіп жаратып, артынша «генетикалық жаратылысы қате түзілуіне» байланысты қыздарымыздың еркекшора ұлға (кәдімгі еркекке) айналып жатқан сыңайы бар. Бұл сөзімізге намысыңыз оянып, біреуге өкпелеп, қоғамға кінә арта көрмеңіз. Өйткені бұл – сіз бен біз қастер тұтып, құрметтейтін заңмен бекітілген дүние.
«Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты – ұл ғой, әттең...»
2009 жылғы 18 қыркүйекте қабылданған Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Заңының 88-бабы:
• «Психикасының бұзылушылығы (ауруы) бар адамдардан басқа, жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар».
Психолог мамандар адамдардың физиологиялық-генетикалық түзілісіндегі қателік баланың жатырға пайда болуы кезінде-ақ қалыптасады дейді. Қазақ қашанда өмірге келер сәбиінің ұл болғанын қалайды, бұны жасырудың қажеті жоқ. Себебі де түсінікті.
Әбдуәлі МӘМЕДІЛ, психолог:
– Адам баласының физиологиялық жетілуі кезінде жыныстық идентификациясы қалыптасады. Қыз бала болса, қызға тән қылығымен, дене бітімімен, сыртқы болмысымен ішкі жан дүниесі жарасым тауып жетіледі. Ешқандай патологиясыз дамиды. Ұл бала да осылай. Осы қалыпты жағдай бұзылған жағдайда психика өзгереді. Бұл психикалық ақау, негізінен, жеті жасқа дейін болады. Жатырға бала біткенде анасы оның ұл болғанын қалауы мүмкін. Бұл ақпарат балаға жетіп қояды. Бірақ жарық дүниеге келген нәресте қыз болып шығады. Ата-анасы оны өсе келе ұл сияқты киіндіреді, оған ер бала ретінде қарайды. Осы кезде оның психикасында ауытқушылық пайда болады. Бұл – бір ғана салдары.
«Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе...»
Ел басына күн туып, ер-азамат қолына найза алып, қынабынан қылыш суырғанда шыбын жанын шүберекке түйіп, ерлермен иық тіресе жауға шапқан аяулы қыздарымыз да бар екенін тарихтан жақсы білеміз. Тұмар мен Гауһар, Бопай сынды аруларымыз, берідегі Әлия мен Мәншүк, қазақтың Тәуелсіз ел болуы жолында қанын төгіп, жанын берген Ләззат пен Сәбира да «алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген ұстанымда өскен қыздарымыз еді. Ұмай мен Қызай, бір рулы елді азаматтың ғана дәті жетер шыдамдылықпен басқарған Ұлпан, Домалақ ана сынды ақ жаулықты ардақтыларымыз бүгінгі ұрпағына үлгі-өнеге болуы тиіс-тұғын. Қазақы болмыстан ажырап, әлемнің қызылды-жасылды базарына бет алған тұста бізді де түрлі кесапаттар иектей бастады. Болашақ ана, бауырындағы бесікті ғана емес, әлемді тербетеді дейтін аруларымыз орта жолда жынысын өзгертіп, еркекке айналып жатса, мұны кесапат демей, не дейміз?! Ұлтты ұлт қылатын аруларымыз осындай арсыз әрекетке барып жатса, онда болашағыңыздың бәсін де байыптай беруге болатындай. Қарапайым қазақтың, Тұран топырағына тамырланып, өмір сүру салтымыздың барлық механизмдерімен біте қайнасқан ислам дінінің де бұл әрекетті қош көрмесі анық.
Әбдімутәліп ДӘУРЕНБЕКОВ, ҚМДБ оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі:
– Бұл – исламда харам амал болып саналады. Шариғат рұқсат етпейді. Алла Тағала адамды ер, әйел етіп жаратты ма, оны өзгертуге құқымыз жоқ. Әрине, экологиялық апаттардан, қанның бұзылуынан адам жаратылысында өзгерістер болуы мүмкін. Пайғамбарымыздың тұсында қосжынысты адамдар да болған. Ол кезде мұндай жандарды адамдарға араластырмай, бөлек ұстады. Өйткені бұлар қауіпті еді. Елді аздырады деп бұларды халыққа қоспай, жабық күйде ұстауға мәжбүр болды. «Хунаса» дейді бұларды. Бірақ олардың барлық әлеуметтік жағдайларын жасап беріп отырды.
Ал бүгінгі жынысын өзгертіп жатқан ұл-қыздарымыздың әрекеті шариғатқа қарсы. «Еркек болғысы келген әйелдерге, әйел болғысы келген еркектерге Алланың лағынеті болсын» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі бар. Бұлар – ешқандай да ауру емес, ішкі нәпсінің қалауымен жүрген жандар. Еріккендік десе де болады.
Психолог мамандардың айтуынша, жынысын өзгертіп жатқан жандардың психикасында ауытқушылық бар екен. Жөн, бұған еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ та «олардың генетикалық жаратылысы қате түзілген» дегендерімен келісе алмайтын сияқтымыз. Он сегіз мың ғаламды керемет үйлесімділікпен жаратқан Хақ Тағала әлде ХХІ ғасырда «жаңылысты» ма? Бұл пікірді таратқан мамандар пайымының астарында қандай ой жатыр, нендей мақсат көзделген?
Кімге сенеміз: дәрігерге ме, департамент басшысына ма?
Жалпы, жынысын өзгертуге байланысты ақпарат құпия сақталатын болғандықтан, бұл жерде де қарама-қайшылықтар баршылық. Әуелі еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы мәлімет алуды жөн көрдік. Өйткені жоғарыда аталған заңда «жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын уәкілетті орган белгілейтіндігі» көрсетілген. Осы мақсатпен Денсаулық сақтау министрлігіне жынысын өзгертіп жатқан жандардың санын білмек болып, төмендегіше сауал жолдаған едік:
1. Елімізде жынысын ауыстырған адамдар бар ма? Саны қанша?
2. Медициналық комиссияның тексеруінен қанша адам өтті? Өтініші қаралып жатқаны неше?
3. Қай ұлттың өкілдері?
Арада апта өткенде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева ханымнан мынандай жауап келіп түсті:
1. Жынысын ауыстырған адамдар бойынша денсаулық сақтау жүйесінде ақпарат жоқ.
2. 2010 жылғы ведомстволық статистикалық есеп мәліметтері бойынша ҚР ДСМ «Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы» РМҚК жанындағы медициналық жыныстық сәйкестендірушілік бұзылулары бар адамдарды медициналық куәландыру жөніндегі комиссияға бес адам өтініш беріп өтті, оның ішінде үш кісіге жынысын ауыстыруға рұқсат берілді.
3. Ұлттық белгілері бойынша бөлу: бір қазақ, екі орыс.
Ал біз нақ осы іспен айналысатын Алматы қаласы Б.Жарбосынов атындағы Урологиялық зерттеу институтының директоры, профессор Мырзакәрім Алшынбаев мырзаға қатарынан үш күн хабарласып, орнынан ұстай алмадық. Бірде конференцияда, бірде басқа жақта, хатшы қыздың жауабы осындай болды. Осы институттың бұрынғы дәрігері Ерлан Мұсабеков қана мұндай операциялардың сирек жасалатынын айтып қалды. «Бізде мұндай операция жылына бір рет болатын шығар. Бірақ бұл қазір өзекті емес. Бізде бір профессор бар, сол осы проблемамен айналысады, сізге бәрін айтып бере алады», – деп Б.Жарбосынов атындағы Урологиялық зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Марат Мақажановқа жөн сілтеді.
Марат МАҚАЖАНОВ, Б.Жарбосынов атындағы Урологиялық зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
– Жынысын ауыстырғандар бала сүйе алмайды. Өйткені еркектің жыныс мүшесі, әйелдің жатырын, оған қоса жұмыртқаларын да алып тастаймыз ғой. Әрине, операциядан соң олар қанағаттана алады. Олар кінәратшыл адамдар ғой, одан да жақсы болса екен деп ойлайды. Алайда табиғи қалпындағыдай бола алмайды. Өйткені бұрынғы гармондары сақталады.
Біздегі бейресми деректерге жүгінсек, елімізде мұндай күрделі операция осы уақытқа дейін жасалған. Әр операция құны 35-40 мың доллар көлемінде. Психологиялық һәм физиологиялық тұрғыда өте күрделі операцияның ұзақтығы 6 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін.
Аталмыш тақырыпты көтерудегі мақсатымыз тырнақ астынан кір іздеу емес, заңмен бекітілген істің ақиқатын білу еді. Қарындас қазақтың бабалар түсіне де кірмеген харам жолға түсуіне жол бермеу, соның алдын алу-тұғын. Әрине, мұндай операциялар дәрігерлер үшін өзекті емес шығар, бірақ біз үшін, қазақ үшін бұл істің ақиқатын білу аса маңызды. Осы іске жауапты мекемелер де ақпаратты ашық ұстап, бұл әрекеттің қазақ халқы үшін еш пайдасы жоқтығын, менталитетімізге жат екенін ұғындыра айтып, түсіндіріп отыруы керек сияқты.
P.S.
Жынысын өзгертуге мүдделі жандарға арнайы заң қабылдап, бекітіп бердік. Шарасыздықтан «Бәрекелді!» демеске амалымыз жоқ. Ендігі жерде біртекті жыныс иелерінің (мақұлықтардың емес) заңды түрде некелесуіне рұқсат беру ғана қалған сияқты. Несі бар, оны да көк жәшіктен көріп, тамашалап жүрміз ғой. Таңғалудан да қалғанбыз. Алдағы уақытта мұндай да заң қабылдап жатсақ, таң қалмаңыз. Өйткені бұл да болса, «өркениетті қоғамның» өзгешелігі һәм өз артықшылығы емес пе...