Ұлы Отан соғысының ардагері Ыбыраһым Халықбергеновтің жауынгерлік жазбалары...

Ұлы Отан соғысының ардагері Ыбыраһым Халықбергеновтің жауынгерлік жазбалары...

Ұлы Отан соғысының ардагері, білім беру ісінің үздігі ЫБЫРАҺЫМ ХАЛЫҚБЕРГЕНОВ ақсақал бүгінде арамызда жоқ. Қарқаралы ауданының Қаршығалы ауыл советінде туып, 1942 жылы әскер қатарына алынған зеңбірекші жауынгердің ерлік істері жай- лы кезінде баспасез беттерін де аз жазылған жоқ. Алайда зеңбірек көздеушісінің асқан ерлігі кезінде лайықты бағаланбай оның оқтаушысының Кеңес Одағының Батыры атағын алуы тәрізді әділетсіздік арада алпыс жыл өтсе де өктем ұлттың «бұратана» халыққа деген көзқарасының сол шақтағы «өмір шындығы» болып тарих зердесінде таң- баланып қалды. Отан алдындағы азаматтық парызын адал орындаған жауынгер мыңдаған шақырымға созылған сұрапыл жорық жолында жаужүректік қимылдарына орай үшінші дәрежелі «Даңқ», бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен на- градталды. Отан солдаты соғыстан кейін Қарағанды қаласындағы педучилищені, педагогикалық институттың физика-математика факультетін бітіріп, өмірінің соңына дейін білім беру саласында жемісті еңбек етті.

Тамаша ұстаз, Отан солдатының соғыс жылдарында жазған күнделік дәптері мен бір топ өлеңдерін майдангердің ұлы, бүгінде Пришахтинскідегі төтенше жағдайлар жөніндегі әскери бөлімнің инженерлік қызмет бөлімінің бастығы, майор Армияш Халықбергенов бізге әкеліп тапсырған еді. Төменде сол жазбаларды жариялап отырмыз.

ЖАУЫНГЕРДІҢ КҮНДЕЛІК ЖАЗБАЛАРЫ
1942 жылдың 6 қыркүйегінде әскер қатарына алындым. Барар жерге жарты айда жетіп, Түркіменстанның Чарджоу қаласындағы Орлов атындағы жаяу әскер училишесінің курсанты атандым. Арада үш күн өткенде взвод жауынгерлері орналасатын блиндаж қазуға кірістік. Күн сайын Әмударияның жағасынан қамыс орып әкеліп жүрдік. Білекке салмақ салған қара жұмыс әскери қимыл жөніндегі оқулармен жалғасып жатты. Жаңа жылдың қаңтары туысымен жарты ай іссапарында болдым. Сол күндерде Құрмаш Нұрмағамбетов екеуіміз талай-талай арманға толы әңгімелердің басын қайырдық. Қарауыл ғимаратында күзетте тұруға жылы киім сұрағаным үшін гарнизон кезекшісі Метельниковтен ауыр сөздер естіп, жағыма шапалағы тиді, бұл менің сардарға ең бірінші көрсеткен қарсылығым болды.
1942 ж., қыркүйек.

♦ ♦ ♦ Түнгі үштің шамасында дабыл қағылып, жауынгерлік әзірлігіміз тағы бір пысықталды. Ертеңінде кешкілік эшалонға отырып, майданға бет түзедік. Жолда екі жарым ай болдық. Жол үстінде болған оқиғаларды тізіп жазуға мұрша болмады. Барар жерге дейін қасымда Иманбай Әшірбеков, Қошан Тайжанов, Сейсенбай Илияшов, Ебентай, Ақан, Топатай болды. Бастан небір қызықты жайлар өтті.
1943 ж., ақпан.

♦ ♦ ♦ 682 әскери бөлімге келіп, 3- зеңбірекшілер бөлімінің 7-отауына алындым. Мамыр айының алғашқы жұлдызында май- дан даласына бет алып жүрдік. Романовка, Уровня деревнялары маңында тау сағалары, орман-тоғай араларында едәуір аялдап, соғыс қаруларын пайдалану тәсілдерін үйрендік. 1943 ж., мамыр. Шілде айының тоғызыншы жұлдызында Орелға жақын жерден майдан шебіне келіп орналастық. Үш күннен соң шабуылға шығып жауды батысқа қудық. Осында Мұрат досым қаза болды, Иманбай жараланды. Сол күні түс мезгілінде бомба астында қалдым. 7-ші отаудан 6 адам қаза тапты, 17 кісі қатардан шықты. 1943 ж., шілде. Жарты айдан соң майдан даласынан шығып Тула облысының Щокина станция- сынан 7 шақырым жердегі бір колхозда ла- герьде болдық, мен зеңбірек көздеушюі бо- лып тағайындалдым. Он күн - Тула қаласында болып зеңбіректі жөндеу жөнінде сабақ алдым.
1943 ж., шілде.

♦♦♦ ♦♦♦ ♦♦♦ Майданға бет алып жүріп 8 күннен соң, яғни қазанның төртінші жұлдызында ұрыс даласынан орын алдық. Екі күннен кейін шабуылға шықтық. Қазанның 11,12 күндері ес жидырмайтын бомба астында қалдық. Екі ретінде де шинелімнен сау-тамтық қалмай, ажалдан анамның ақ тілеуі мен туған жердің киесі сақтады-ау деп ойлаймын.
1943 ж., қыркүйек.

♦ ♦ ♦ Залешное көлінің маңында 2, 5 ай өткіздік. Қонысты жиі өзгертіп, бекіністерді сәт сайын ауыстыру жауынгерлерге қияметтей ауыртпалықтар әкелді. Әсіресе, тоң болып қатып қалған жерді сүймендеп «үй» тұрғызудың қиындығын тілмен суреттеу ешбір мүмкін емес.
1944 ж., қаңтар.

♦♦♦ ♦♦♦ ♦♦♦ Кисель деген елді мекенде бір ай тиянақтап, наурыз айының алғашқы жұлдызында тағы да шабуылға шықтық. Сол күні ауа ызғарлы болып, қар төпей жауып тұрды. Келесі күні үлкен тас жолдың бойында сұрапыл ұрыс болды. Зеңбірегімізде тыным болған жоқ. Жау біздің атқан жерімізді аңдап қалып, артиллериялық қарсы соққы жасады. Дәлдеп тиген снарядтан зеңбірегім істен шықты. Сондағы өзімнің қалай аман қалға- ныма таң қалдым. Аллаға тәубе айтып, сиынып жүрдік. Осы ұрыста Ақылбек Мизамбаев деген жолдасым, Тищенко деген кіші лейтенант жарақат алды, оларға дәрігерлік жәрдем жасалды. Наурыздың 5 күні Төлеу- бек Ақметжанов жараланды. Он бір күн өткенде Мұқыш Бралин де жау оғына тап болды.
1944 ж., наурыз.

♦ ♦ ♦ Наурыз айында мен үшін мәңгілік зер- демде қалған бірнеше оқиға болды. Партия билетін алдым. Бізді майдан шебінен шығарып Городок қаласының түбінде демалысқа қойды. Тыныс сәттерде көл жағалап, су бетінде көлкіген көп өлікті көргенде жанымыз мұздап, жүрегіміз сыздады. Жауынгерлік жорық жолындағы еңбегім лайықты бағаланып сәуір айының 23 жұлдызында «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алдым, оған қоса үш күн демалыс үйінде болдым. Сондағы армансыз ұйықтағаным-ай.
1944 ж., сәуір.

♦ ♦ ♦ Маусым айының 15,16 күндері майдан шебінен орын алдық. 22 күні шабуылға шықтық. Двина өзенінің жағалауында немістердің тастап кеткен техникаларын көрдік. Айнала қираған, бүлінген техникадан, өлген адамның сүйегінен көз сүрінеді. Тамыз айының аяғында Лейлупа аталатын өзен жаға- сына келіп орналастық. Сол арада 7 жерде атыс ұяларын жасадық. Тамыз айының 12 күні полк командирі менің жауынгерлік іс- қимылдарымды жоғары бағалап «Ерлігі үшін» медалін тапсырды. Төрт күннен кейін шешуші шабуылға шығып, жауды Ригаға тықсырдық. Сонда Топатай жеңіл жараланды. Қыркүйек айының басында Шауляй түбіндегі Құршынай станциясы маңында майдан шебін жасап, орналастық. 1944 ж., тамыз.

♦ ♦ ♦ Қыркүйек айының 5 күні шабуылға шығып, ілгері жылжыдық. Үш күннен соң жан досым Нұрғали Мұқанов ауыр жараланып, сұм жауыздардың үйі өртеніп, жанып кетті. Сондағы қайғырып, көңіл-күйдің өзгергені-ай! Неміске бұрынғыдан да кекті болғаным-ай. Осы ұрыста немістің мал-мүлкі, тауықтары жөнінде майын тамызып әңгіме тиегін ағытатын Топатай тағы да жеңіл жарақат алды. Қыркүйек айының соңында теңіз жағалауына келіп тіреліп, бетті Мемел қаласына бұрдық. Шабуыл жалғаса берді.
1944 ж., қыркүйек.

♦ ♦ ♦ Қазан айында атыс шебін бірнеше рет ауыстырдық. Бекінген жерлерге жау жасағын жақындатқан жоқпыз. Қарашаның 8-жұлдызында тура көздеу қамалына шығып Фридрихгнеяда деген жерде өмір сүріп жатырмыз. Неміс анда-санда, бірер күнде снаряд тастап тұрады. Мен де бір Аллаға сыйынып жүріп жаттым.
1944 ж., қараша.

♦ ♦ ♦ Желтоқсанның 3 күні дивизия командирі үшінші дәрежелі Даңқ орденімен наградтап отыр. Осы айдың 6-11 аралығында демалыс үйінде болып, біраз демалып рахаттанғаным- ай.
1944 ж., желтоқсан.

♦ ♦ ♦ 1944 жылдың 20 желтоқсанында М. қаласын біздің шабуылдаушы ұшақтар ес жидырмай соққылады. Қорғану қамалындағы неміс қосаяқтарының бастарын көтере алмай, бізге қарсы оқ ата алмағандығы өте қызықты болды. Батальон командирінен анама (56) нағашы шешеме (79), ініме (13) деп көмек сұрадым.
1944 ж., желтоқсан.

♦ ♦ ♦ 1945 жылдың қаңтары туысымен бірнеше жойқан ұрыстарды бастан өткердім. Айдың жиырмасыншы жұлдызы күні қайнаған ұрыста жан досым Топатай ішінен жараланып МСБ қайтыс болды. Оның қазасы үшін кек алуды көздеп жауды құшырлана аттық. 23 күні тура көздеу нысанасына (жау алдына) шығып жаудың 2 танкісін, 1 дүндугін қиратып 15 фашисті жайраттым. Екі күннен кейін тағы да үлкен жол үстінде тізбектеліп қашып бара жатқан жау көліктерІн қырғынға ұшыраттық. Бірнеше фрицті жер жастандырдым. Айдың 28 жұлдызында жауды қуып шықтық. Олардың соңында ондаған өліктері қалды.
1945 жыл, қаңтар.

♦ ♦ ♦ Ақпанның бірінші күні алдыңғы шепте төбенің үстінде тұрдым. Сондағы өкпені қапқан сыз, денені тітіреткен суық есімнен кетпейді. Үшінші ақпан күні алғы шепте шабуылға дайындалып, көрінген нысананы зеңбірек көздеушісі ретінде есептеп, атыс басталғанда мен де қаһарлы қаруды іске қостым. 1 орудие, 1 дүндүкті жойып, үш шақырым алға жылжыдым. Елді мекенді алып, ымырт жабылғанда бас ғимараттағы комбатта болып, есіктен шыға бергенде қаңғыған снаряд жарықшағынан жарақат алдым. Бұл түнгі 10-11 шамасы болатын. Жараланғанда Идаят, Рымжан, Егінбай, Қошан сияқты достарым көмек берді. Олар менің көңілімді аулап Қошан мен Рымжан қол сағат, Идаят сия, қарындаш, қағаз және ескерткішке автоматты қаламсабын сыйлады. Сол түнде олар мені санротаға, одан санитарлық бөлімге жеткізді, сонда операция жасалған- нан кейін госпитальға жіберді. Бұл госпитальдан тағы да басқа жерге аттандырады деп тосып жатырмыз. Осындағы Лиза, Тоня сияқты сестралардың ақжарқын мінездері көңілімізді едәуір серпілтіп тастады. Ақпанның 16 күні автобуспен Райхвалзе қаласындағы госпитальға жеткізді. Наурыздың алғашқы күні бізді тылдағы әскери ауруханаға жөнелтті.
1945 жыл ақпан.

♦ ♦ ♦ Наурыз айының 10 жұлдызында таңертеңгі астан кейін жарамды таңған медсестралар енді үйіңе қайтасың деп қалжыңдады. Сонымен осы күні түс мезгілінде көкжасыл түсті қызыл крестің санитарлық поезына мініп күннің шығысына жол тарттым. Сондағы жүректің секіріп. қуанышқа бастағандай, көңіл толып, ата-ана, жолдастарым кездескендей болып, жарық сәуле нұрына сенгендей болдым. Осы күні 4-вагонға мініп, орын іздеп келе жатқанда Костя досымды кездестірдім. Әр жайдан әңгіме шертіп, сағынышымызды бастық. Двинск қаласынан сол күні шығып. Польск, Невель, Рыбинск, Ярославль қалаларынан басып өттік. Наурыздың 17 күні түнде Молотов вокзалынан түсіріп. онан соң автобусқа мінгізіп 1017 эвуакуациялық госпитальға тапсырды. Осында Тұрсынбай Рахин деген Шет ауданының колхозшысына кез болдым. Бөлімде қалған құжаттарымды госпиталь бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары гвардия майоры Поляков арқылы сұрау салдым. Сәуір-мамыр айында келуге тиісті. Наурыздың 29 жұлдызында қолға таяқ ұстап жүретін болдым. Оң аяғымның ұшымен ғана басамын.
1945 жыл, наурыз.

♦ ♦ ♦ Сәуір туғанда оң жамбасымның жұмсақ жеріндегі оқ жарықшағы сыздап ауырып, жанымды қоярға жер таппадым. Александр Васильевна деген әскери дәрігер медпунктке алып барып, шиқан тәрізді күлтілдеп тұрған жараны тіліп, пе- ревязка жасап, қозғалмай жатуды тапсырды. Сәуірдің 15 күні тілген жердегі оқ жарықшағын алып тастады. Сондағы жа- нымның жай тауып, қуанғаным-ай! Айдың соңында Манаштың жазған хатын алып бір жасап қалдым. Бірақ ағатайымның хабарын естіп қайранда болып жатырмын. Қайтейін қолдан келер ештеңе жоқ.
1945 жыл, сәуір.

♦ ♦ ♦ Мамырдың алғашқы аптасында Шәмелден, Есентайдан хат алып қуанып қалдым. Елдің, қызмет еткен жердің халін біліп қуанышты болдым. 9 мамыр күні ха- лықтың көптен күтіп жүрген «соғыс аяқталды» деген сөзді радиодан естіп жас жүрегім жарылмаса да соған шақ қалды. Келесі күні Күлшаттан, Клавдия деген мәскеулік қыздан, жаңа досым Мишадан хат алып көңілім көтеріліп қалды. 28/ \/ күні үйден Рымжаннан хат алып өте қуандым. 1945 жыл, мамыр. Молотов қаласындағы кіші базарда жан досым Өміртай Елеусізовті кездестіріп, қуанышымда шек болмады. Маусымның 7 куні взвод командирі Мевшадан хат алып бірінші дәрежелі Отан соғысы, үшінші дәрежелі Даңқ орденімен наградталғанымды естідім. Маусымның 20 күні комиссияға түстім. Дәрігер Зоя Евгеньевна Агапонова тағы да 2-3 жеті емделуге қалдырды. Көңілім біртүрлі пәс болып қалды. Өйткені жадыраған жаз күндерінде сарғайып жату өте ауыр ғой. Арада тоғыз күн өткенде комиссия тағы да аяқ астынан шақырды. Дәрігерлер қарап біткенде олардан: - Шешей мен інім нағашымның қарамағында қалып еді. Ал қазір нағашым түрмеде дейді. Сондықтан үй-ішімнің қандай жағдайда екенін білмеймін. Тым болмаса бір айға демалыс беріңіздер, - деп сұрадым да бөлмеден шығып кеттім. Бірнеше минуттан кейін қайта айналып барып сұрап едім, дәрігер 6 айға босайтын болдың деді. Осы сөзді естіп қуансам да, сеніңкіремей жүрмін.
1945 жыл, маусым.

♦ ♦ ♦ Шілденің бірінші күні жексенбіге дәл келді. Үлкен базарға барып 700 сомға бір пар етік, 100 сомға мауыты қалпақ сатып алдым. Сонымен қашан қайтамын деп ойға түсіп жатырмын. 3 күні осы қойын дәптерімді жоғалтып, қатты ренжідім. Әйтеуір, Антропов деген дос жігіт жәрдемдесіп қолды қылған адамнан алып берді. Шілде айының 12 күні дәрігерлік сараптама бекіп, үйге қайтаты- ным белгілі болды. Үйге жеделхат жол- дап, бөлімде қалған достарыма хат жаз- дым. 13/VII күні таңертеңгі 7.30-да поезға отырып елге бет алдым. Поезд үстінде жүрегім лүпілдеп, жаным жай тапқандай бір рахат сезімге бөлендім. Шілденің 14 күні Свердлов қаласына.келіп түстік. Кешкіліктегі 66-поезға отыратын болып базар аралап шықтық. Осында жерлесім Аманбай Абдуллинді және Қайдарды жо- лықтырып, қатты шаттандым. Келесі күні таңғы 8-де Челябинскіге келдік. Күндіз қаланы аралап көңіл көтеріп қайттық. Шілденің 16 күні таңертең Қаратал қала- сына келдік. Қала сызды, сүреңсіз көрінді. Арзаншылық байқалмайды. Ақмолаға ке- лер күні жетіп, базарды аралап, қазақ үйлеріне барып шай ішіп, тамақтандық. Қарағандыға қарай поезд 19-ы күні 6.25- те жүреді екен. Әр жерде болып. түнгі екіде Қарағандыға ат басын тіредік.
1945 жыл, шілде.

Баспаға әзірлеген Ғаббас СМАҒҰЛОВ

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста