Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, «Шаншар» театрының директоры: Тіл түзелмей сатираның ешкімге керегі жоқ
– Бүгінгі қазақ сатирасы қай деңгейде? Өсті ме, өшті ме?
– Бүгінде сын садағына ілетіндер сатира жазылмай жатыр деп Асан Қайғының зарын қағады. Уытты сатира жазылды, жазылып жатыр, жазылады да. Бірақ оқырман жоқ. Оқырман болмағаннан кейін небір керемет дүниелер ысырылып қалып қоя береді. Жазар едім, оқырманы болмағаннан кейін жетімсіреп тұр. Жалпы әзіл, сатира тілдің дамыған жерінде болады. Тіліңіздің өзі қалай дамып жатыр? Мәселе осында… Өзім 80-ші жылдардың студентімін. Біздің кезімізде бір-бірімізге «қандай кітап оқыдың?» деп сұрайтынбыз. Газеттерде шыққан әрбір мақала студенттердің арасында талданатын. Сол кездері ауыл шаруашылығы институтында, политехникалық институтта оқитын студенттер кездесіп қалғанда арамызда ақын отырса оның беделі өте көтеріңкі болатын. Сөз саптауы керемет олардың беделі тіптен биік еді. Ал қазіргі ақынымыздың, жазушыларымыздың, жақсы сөйлей алатындардың беделі қаншалықты? Міне, тілдің қадірі кеткенінің қарапайым көрінісі осы. Қазақ тілінің қадірі кетті. Сондықтан сатираны қазақ тілімен сабақтастыра отырып бағалау керек. Сатираның өзіндік оқырманы болмаса, талғампаз тыңдарманы болмаса онда бөлек әңгіме қылудың қажеті жоқ… Бүгінде жекеменшік сатира театрлары көп. «Бауыржан шоу», «Терісқақпай», Шымкенттің өзінде республика көлемінде танылып жүрген, тыңдарманын тапқан 3-4 театр бар. Солардың қатарында «Нысана», «Шымкент шоу», «Алдараспан», «Шаншар» бар. Мәселе тағы да тілге келіп тіреледі, айналып келгенде солардың бәрі де тыңдармандардың көңілін табу үшін солардың пайымына қарап жұмыс істейді. Күні кеше Шымкентте «Әлем әзілі» атты фестиваль өтті. Соған Евгений Петросянды шақырдық. Оның мықты юморист, сатирик екені белгілі. Со кісіге «жақсы театрлар болса, алып келсеңіз» деп қолқа салдық. Коркина, Остроуховтар келді. Белоруссиядан мықты театр келді. Солардың қойылымына орыстар ынты-шынтысымен күледі. Ал біздегілер күлмеді соған. Қабылдай алмады. Олардың тілдерінің дамып кеткені соншалықты кез-келген тақырыпты терең түсініп, түйсініп, рахаттана күліп, қол шапалақтап отырады. Оны Петросянның өзі де айтты. Біздің қойылымдарымызға да күліп жатыр. Қазақша болғаннан кейін қазақтар ырза ғой біздікіне. Олардікі сияқты астарлап, тереңнен қозғайық десек онда біздікіне күлмейді. Түсінбейді. Осындайда бізде әлі де болса мәдениетті көтеру керек екен ғой деген ойға табан тірейсің. Менің осы сөзіме кейбір кісілер шамдануы мүмкін. «Мәдениетті қалай көтермей жатырмыз? Қаншама кітаптар жазылды, мәдени шаралар өтіп жатыр, мына Уәлибек не айтып отыр, біз не істеуімізі керек сонда?» деп реніш білдірер. Не істеу керек болғанда… Айтайын… Петросянның әңгімесіне министрден бастап оның бала-шағасы, туған туысы, немере шөбересі қосыла күледі. Ал бізде қазақша әзіл айтылып жатса кез-келген министріміздің өзі, әйелі, бала-шағасы қосылып күле ала ма? Ресейде ақынның шығармалары тыңдалады, мемлекеттік дәрежеде талқыға түсіп, мақтау, марапаттауға ие болады. Шыққан шығармаларын елдің бәрі біледі. Ал біздегі министрлер сондайды біле ме? Біле ме дегеннен бұрын министрлеріміздің өзі қазақша біле ме деп сұраған дұрыстау сияқты. Қазақтың қара сөзін төрт аяғын тең басқан жорғадай тайпалтатын Мұхтар Құл Мұхаммед, Әлихан Бәйменовтерге айтар уәжім жоқ… Өз ана тілін білмейтін, түйсінбейтін, сонысына тіптен ұялмайтын да шенділеріміз бар екені рас. Соларға қарным ашатыны да рас. Сатираның қазанында қайнап жүргенннен кейін мұндай мәселе міндетті түрде айтылып кетеді. Бұл тілге жаным ашығандықтан. Өзімнің жұмысыма жаным ашығандықтан соң ащына айтам. Елімізде 11 миллионнан астам қазақ болса, соның 5 миллионнан асар аспасы ғана қазақша сөйлеп, газет оқиды екен. Біз жылда Қытайға барамыз. Ол жақта 1,5 миллион қазақ тұрады. Соның бәрі қазақша сөйлейді, қазақ ақындарына дейін жатқа біледі. Тіл дамымай сатира дамиды деп айта алмаймын. Сот істерінің бәрі қазақша, банк істерінің бәрі қазақша, компьютердің тілі де қазақша болса онда біздің айтатынымыздың да, жазатынымыздың да ауқымы кеңейе бастайды. Қазір банк қызметкерлері туралы сатира жаза алмаймыз. Өйткені ондағы терминнің бәрі орысша. Тіпті сот процестерінің бәрі орысша жүреді. Ол жердің бәрінде ой орысша. Оны саханаға қалай алып шығасың?
– Өзіңіз күлкіге қызмет етіп жүрсіз, күлкі сізді қаншалықты асырап отыр?
– Өзімнің материалдық жағдайым өте жақсы. Ешуақытта ешкімнен қарыз сұрамай, аман есен жүріп жатырмыз. Бұдан басқа байлықтың маған керегі жоқ. «Шаншар» театрында қызмет ете жүріп, күлкіге қызмет ете жүріп талай қыз жігіттер үйлі баранды болды.
– Қол астыңызда қызмет етіп жүрген әртістеріңіз материалдық жағдайына, сіз төлеген айлыққа риза ма?
– Кетіп қалып жатса онда ырза болмағаны, қалып жатса онда ырза деп бағалау қажет шығар. Рұқсатпен кеткендері бар, рұқсатсыз кетіп қалғандары да жоқ емес. «Ашыққаннан құныққан жаман» дейді, ашыққан адам тамақ берсең тояды, ал құныққан адам ешқашан тоймайды.
– Сахна мәдениеті туралы айтып өтсеңіз…
– Сахна мәдениетін сақтамайтындардың басым бөлігі жекеменшік театрдағылар. Кейбір актерлары сахна тілі, сахна қозғалысы деген арнайы сабақтарды оқымағандықтан оспадарсыздықтарға жол беретіні бар. Осындай театрларға қадағалау жоқ. Кім көрінген театр ашып кетті. Осы мәселені тиісті министрлік қатаң қадағалап отырса. Кезінде Станиславскийдің методымен оқыдық. Театрдың жілігін шағып, майын ішкен Станиславский «Театр – это храм» деп айтып кеткен. Оны қазақшаласақ «Театр – ол мешіт» дегенге саяды. Мешітке ниет етіп, тазаланып, пендеауи ойлардан арылып, мінәжат қылуға барады. Сол сияқты өнерде жүргендер театрға қызмет етемін, халықтың мәдениетін көтеремін деген оймен таза болып келуі керек. Ал көбісі «мен театр ашамын, халыққа көрінемін, күлдіремін, әрмен қарай бәрі мені танитын болады, дүние жинаймын, мыңғырып бай боламын» деп келеді. Содан кейін қандай мәдениет болады? Өзбекстанға, Қытайға гастрольдік сапарға баратын кезде алдын-ала біз қандай интермедия ойнаймыз, қандай ән айтамыз, соның бәрін мәтінін жазып жібереміз. Тиісті басқармалары бәрін тексеріп, қарап шығады. Беталды сөйлеп кете беру деген болмайды. Сахна мәдениетіне келер болсақ расында былапыт сөздер араласып кетті. Кем-кетіктер көп. Кемпірге жас жігіт ғашық бола салады. Сондай да сөздер айтылып кетеді. Бұл біздің менталитетімізге мүлде келмейді. Бұл не? Өнер өлді деген сөз. Өнерді өлтірмес үшін парламентте отырғандар өздеріне қажет заңдарды қабылдай бермей халыққа да қажетті заңдарды қабылдауы керек. Мысалыға біз біреудің қаңсығын таңсық көреміз де жүреміз. Ал нағыз керекті жақсы жақтарын үйренбейміз, қайта жиренеміз. Мәселен, Қытайда, Ресейде, Қырғызстанда фонограммамен ән айтқызбайды. Екі ретке дейін айыппұл төлеткізеді. Егер үшінші рет қолға түссе қылмыскер ретінде соттайды. Халықтың өнерін бұзғаны үшін. Қылмысты деп табады. Театрға да осыны міндеттеу керек. Біз қазір театр қоғамын құрып жатырмыз. Классикалық, мемлекеттік театрлардың одағы емес. Бұл эстрадалық театрлар одағы болады. «Бауыржан шоу», «Шымкент шоу» сияқты театрлардың қоғамы болмақ. Оның ішіне әншілер де кіреді. Осы театрлардың ішінде тек «Бауыржан шоу» ғана кезінде атақ алды. Қалғандарының біреуінде ондай атақ жоқ. Анда-санда концертке шақырғаны болмаса. Осы одақтың күзге қарай тұсаукесері болады. Ертесіне пресс конференция өтеді. Мұндай одақ құру театрда жүргендердің бәрінің ойында бар дүние болатын. Сәбит Әбдіхалықов та, Ұлан да бұрыннан айтып жүретін. Кездескен сайын осылай етейік дегенімізбен айтылған жерінде қалатын. Бұл мәселе пісіп жетілді. Ақырында бәріміз жиылып, басымызды қосып, ақылдаса келе бір шешімге тоқтадық. Ұланның негізгі мамандығы юрист. Сол жан-жақты зерделеп шығады. Заңнамасын жасайды.
– Жақсы шығарма болсын, нашары болсын сүзгіден өткізіп отыратын көркемдік кеңесі болатын шығар?
– Одақтың жарнасы қайда кетіп жатыр, барлық мәселені тексеріп отыратын комиссия болады. 11 адамнан тұрады. Сол комиссия төрағаны тағайындамақ. Жалпы жиналыста комиссия мүшелерін нақтылап аламыз, сосын ол төрағаны тағайындайды.
– Соңғы қойылымдарыңызда КВН-ды қосқаны несі деп ерсі көріп жүргендер бар…
–Жұмыс істеп жатқаннан кейін әлбетте сын болады. Сын шын болса оны қабылдаймыз. Бастапқы кездерде атаңа нәлет деген сөзді көп қолданғанымыз рас. Басқа аймақтағылар ерсі көреді екен. Оны ауызекі тілде көп қолданады ғой. Алматыға барған кезде осы сөзге режиссер Болат Атабаев сын айтқан болатын. Әдеби тілде бұл қарғыс ретінде қолданылады. Осы сыннан қорытынды шығарып, қайталмауға тырыстық. «Тілдеріңізді әдеби нормаға келтіріңіздер. Оңтүстікте «әдемі» сөз болғанымен солтүстікте, шығыста мұны қабылдай алмайды» деді. Әртіс эмоцияға беріліп кеткен кезде еріксіз мұндай сөздердің өзінен-өзі айтылып кететіні рас. Бірақ соны қадағалап айттырмауға тырысамыз. Жақында Ғалымжан деген әртісіміз келді. Жетісайда театрда ойнаған ол мұндай сөздерді спектакльдерде де қолдана береді екен. Демек ол Жетісайда өтеді деген сөз. Сол сөздерді түйдек түйдегімен жібереді. Соған тоқтам салдық…. Кейінгі қойылымдарымызда көрермендеріміз көп түсінбеді бізді. Интернетке шығарып жіберіпті. Сонда жастар жағы «Уәлибек КВН-ды онша жақтырмаушы еді, енді өзі ойнап жүр ме?» деп пікір қалдырыпты. Олай айтпас бұрын қойылымдарымызды қайтадан жақсылап қарап шықса деймін. Онда КВН ойнаймыз деп балалар келеді. Оларға «ей, жастар жеңіл желпі әзілдерің керек емес. Дұрыстап ойнаңдар» деймін. Олар КВН-да ең мықты ойналған өтімді әзілдерді жиып алған. Оны біз шығардық деп ойнап тұрған жоқпыз. Міне жастардың түсінбегендігі. Интернетке «Уәлибек КВН ойнапты, бұрынғы ойнап кеткендерді қайталап шықты» депті. Ол жерде мен ойнап тұрған жоқпын. КВН ойнаған балаларды ойнатып тұрмын. Кейін сынап отырамын. «Мынау ма ойнағаның?…» деп КВН-ды мазақтап тұрмын. Бүйтіп ойнасаңдаршы деп мазақтап кетемін… Өзім онша интернетті қарай бермеймін. Бір ақын жігіттер айтты солай жазыпты деп… Мысалы мен дұрыс сынды қабылдаймын.
– КВН-ның кейбір әзілдеріне жастар жағы санын шапаттап күліп жатады. Сол әзілдерді мен түсінбеймін, түсіне алмаймын, сатираның қазанында қайнап жүрген бәлкім сіз түсінетін шығарсыз?
– Сіз түсінбейсіз. Өйткені сіз журналиссіз. Сіз терең әзілді, астарлы әзілді түсінесіз. Ал бүгінгі жастардың кейбірі әдебиетті оқымайды ғой. Кітап оқымаған, оны тереңдеп зерттеп, талдамаған, білмеген адам қалай астарлы әзілді түсінеді? Олар үшін керемет күлкі сол. Терең әзілге қатты күле алмайды кейбіреулер. Оған деңгейі жетпейді. Ал арзан әзілдерге күлгендерге қарап тұрып солардың бейшара болғанын көремін. Бір мысал. Кезінде Шымкентте Қазақ-араб университеті болған. Қазір таратып жіберді. Онда оқу ақысы арзан еді. Кезінде өзім сонда жұмыс істегенмін. Көбісі ауылдан келген, жағдайы жоқ, оқуға түсу керек болған соң келе салған, оқыды деген аты ғана. Тіпті «ақшасын төлесе болды, кетіп қалмасын, сенің айлығыңды солар төлеп отыр» деген тапсырма да болды жоғары жақтан. Студенттердің бәріне қара күйе жағуға болмайды, әрине. Алайда басым бөлігі кезінде мектепте нашар оқығандар еді. Бұл жаққа келіп те кітаптың бетін ашпай жүргендер-тін. Осы университетке, сосын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-не концерт қойдық. Исраил Сапарбаевтың өте астарлы «Әпкеме жездем сай» деген интермедиясын қойғанбыз. Жүсіп ақын боп келеді ауылға. Мен соны күтіп аламын. Ақын үш күн болады, кетпейді. «Барлық ауыл бұның туған жері, анасы айтып қоймай ма қай жерде туылғанын, барлық жерде туған күнін өткізеді» деймін мен. «Қанымай, кеткенің бе танымай, сен дегенде жүрегім езіліп кеткен сары май, уһ жаным-ай» дейтін өлеңсымағы бар. Соны қазақ-араб университетіне қойғанда олар тыңдаған жоқ. Шулаңқырап отырды. Ал ОҚМУ-не қойғанда ақынның шығысына, өлең оқысына ішек-сілелері қатып тұрып күлді. Ортасында ақын «сен қарап тұршы, сол Қанымай отырған болуы керек, тамағының астында қалы бар еді, сен тауып бер» дейді, сонда мен «орамалдарыңды шешіп, тамақтарыңды көрсетіп отырыңдар» деймін. Бұл астарлы әзіл болатын. ОҚМУ студенттері соны түсініп, күлкіге көмілді, орындарынан тұрып шапалақ ұрды. Ал алдыңғы оқу орнындағылар түсінбеді соны. Осы қойылымды Қытайдағылар әлі күнге дейін «неге қоймай кеттіңіздер?» деп айтады. Ал біздің көрермендер соны онша біле бермейді. Содан-ақ салыстырып біле беруге болады. Жас кезімізде «Тамашаның» әр қойылмына әбден күлетін едік қой. Біз ол кезде кітап оқитынбыз. Газеттен газет жібермейтінбіз. Кездесулер көп өтетін. Қазақы сөздің қаймағын қалқыған қариялардың әңгімелерін естіп өстік. Содан да болар уытты әзілді, сөздің астарын түсініп, түйсініп, миға тоқыдық.
– Танымал тұлғалар кино саласына бет бұрып, сериалға түсіп жатыр, түсіріп жатыр. Киноға түсу сіздің ойыңызда бар ма? Өз өміріңіз жайлы кітап жазу ше?
– Кітап жазу ойымда жоқ. Өйткені мен көркем шығарманың адамы емеспін. Өзімнің жазған шығармаларымды көркем шығарма деп есептемеймін. Өйткені ол эстрада жанрында, сахнаға арналып жазылған дүние. Өзімнің өмірім жайлы жазу ол қазір ешкімге керек емес. Мен өзім туралы ешқашанда жазбаймын. Өзімді соншалықты бір керемет дүние жасадым, халыққа керекті бір тірлікті тындырып тастадым деп ойламаймын. Сондықтан да маған оның керегі жоқ. Бүгінгі тірлігім бүгінгілерге ғана керек болуы мүмкін. Ертеңгі күні естелік үшін керек болуы мүмкін. Эстрада жанры өзгереді. Күлдірудің де мәтіні өзгеріп қалуы мүмкін… Киноға келсек талай ұсыныс түсті. Ол киноларға түсейін десем сценарийі ұнамады. Образы келіңкіремеді. Тіпті орысша ойнасаңыз деді. Орысша судырлап тұрмағаннан кейін, орысша ойламағаннан кейін, орысша түс көрмегеннен кейін таза шықпайды. Сол жігіттер екі жылдай қолқалап жүріп былтыр «Алтын ұя» деген 10 сериялы кино түсірдік. Енді оны телеарналардан көрсетейік десек ауыл мектептеріндегі ащы ақиқат ашықтау көрсетіліп кеткен. Мысалыға мамандығына сай емес мұғалімдер, директор өзінің тума туысын жұмысқа алғандығы, өзінің орынбасары мұғалімдерге «Мэри кэй» бұйымдарын сатып, мектептің беделін түсіріп жібергендігі туралы туынды. Киноның негізгі мақсаты «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бойынша үш мұғалім келіп сол мектепті көтереді. Сол арқылы ауылдың беделі көтеріледі. Соны бұрынғы мұғалімдер көре алмай қудалайды. Тұнып тұрған тартыс. Бүкіл ауыл жабылып, мектептегі патриот мұғалімдер жабылып жүріп жас мұғалімдерді арашалап алып қалады. Сол ауыл ішіндегі келеңсіз оқиғаларды көрсеткен едік.
– Егер телеарналардан, кинотеатрлардан көрсетілмейтін болса, кеткен шығынды ақтап алу мәселесі қалай болады?
– Шығын өзімізден кетті ғой. Жақсылап монтаждаған соң халыққа тегін-ақ таратып беру ойымда бар.
–Тойға өтімдісіз бе?
–Тойға шақырса барамыз. Мені көп шақыра бермейді. Тойға деген ставкам жоқ. Жағдайына қараймын. Бір-екі рет тегін де барғанбыз.
– «Шаншар» театры таланттардың тұсауын кесуде асығы алшы үнемі. Кезінде жарқ етіп Нұржан шықты, Аманғали, Дәркен шықты. Бүгінде осы үрдіс тоқтап қалған сияқты, талант таппай жүрсіздер ме, жоқ әлде…..
– Негізінде өнер саласында байқағаным таланттар шоғыр-шоғыр, буын-буын болып келеді. Қадыр Мырзалиевтың кезінде Мұқағали Мақатаев, Рымғали Нұрғалиев, Зейнолла Қабдолов сияқты түйдек-түйдегімен келді. Сол сияқты толқын толқын болып келеді…. Нұржан келген уақта, Дәркен, Аманғали, Жұлдызай келді. Бұлар бір толқын. Осы толқын өтті. Ендігі толқын келуі керек. Оның алдындағы толқындар біз едік. «Өнер қырандары» енді-енді көрініп келе жатыр. Тұрсынбек те кештеу шықты. Қоянбаевтардың толқыны бір бөлек. Енді бір кішкене үзіліс болып тұр. Дарындылардан кенде емеспіз ғой. Алдағы уақытта әлі де талай таланттың тұсауы кесіліп, жұлдызы жарқырайтынына сенемін.
Гүлжан КӨШЕРОВА dauir-info.kz