Тырнақтағы тылсым таңба
Серік Сәдуақасұлы фото
«Әлемде талай қызық бар» дегендей, бір жылдары кәдімгі тауықтың жұмыртқасында, енді бірде жас туған қозының қабырға тұсындағы жүнінде, тіпті, дүниеге енді келген нәрестенің арқасында арабша «Алла» деген жазудың байқалғандығы жайында таралған хабарлар ел ішін елең еткізгені бар. Қайсыбір отандық телеарналардың жедел түсірілім тобы айтылған дүниелерді халыққа «сенсация» етіп көрсеткен кездері де болған.
Жақында редакцияға Өскемен қаласының тұрғыны, «Моңғолияның құрметті ардагері» белгісінің иегері Мұхаммет Зейнешұлы ақсақал келді. Ата жұртына арғы беттен оралған ағамыз келе сала әлдебір жазбалары мен фотосуреттерін шығарып, әңгімесін бастап кетті.
- Мен халыққа жаңалық ашайын деп жүргенім жоқ. Дегенмен, осы жасқа келгенше бұрын-соңды өз басымда болып көрмеген мына бір адам таңғаларлық қызғылықты жәйт ішіме сыймады. Мүмкін осыған ұқсас оқиға менен басқа да біреулердің басында болған шығар. Соны «Дидардың» оқырмандарымен бөліссем деп едім, - дейді пайғамбар жасынан әлдеқашан асқан қария.
«Бұл неғылған жәйт екен?» деп біз де елеңдесе қалдық. Сөйтсек, өткен жылдың қараша айының ортасында Мұқаң ақсақал сол қолының сұқ саусағындағы тырнағының түбі көгеріп келе жатқанын байқайды. Әуелде «Болмашы нәрсе ғой, қайтер дейсің» деп аса көңіл бөлмегенімен, он-он бес күннің шамасында тырнақ астындағы көгерген дүние әлдебір кескінге айналып келе жатқандай болыпты.
- Бажайлап қарасам, тырнағымдағы көгілдір дақ кәдуілгі мұнаралары бар мешіттің сұлбасына келіңкірейтін секілді, – дейді таңданысын жасыра алмаған ақсақал.
- Содан «маған солай боп көрініп тұрған шығар» деп, өз көзіме өзім сенбей, неше қайтара зер салып, тағы қарадым. Ақыры алғашқы әсерімнен арыла алмадым ба, үйдегілерге көрсеттім. Көрсеткенім бар болсын, олар: «Қызық екенсіз ғой, қайдағы мешіт? Байқамай саусағыңызды балғамен ұрып немесе бір жерге жаншып алған боларсыз» деп өзімді әзіл-шыны аралас келемеждеп, біраз жерге апарып тастады.
Енді бірі: «Өй, бұл екінің бірінің тырнағына түсетін кәдімгі күбірткі емес пе» деп шықты. Сонымен дауды қоздырмайын дедім де, «Жарайды, сендердікі-ақ жөн болсын» деп қоя салғам. Арада төрт-бес өткенде елдің көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары, түркітанушы ғалым Н.Халел, айтыскер ақын Т.Нұртай, генерал-майор Қ.Сауытқан, Өскеменнің жаңа мешітінің имамы Мақсұт қатарлы азаматтардың басы қосылған жерде «Не дер екен?» деген оймен әлгілерге саусағымды көрсеттім. Бірақ, «Өзіме осылай болып көрінді» деп ешқайсысына тіс жарғам жоқ.
Енді мына қызықты қараңыз. Әлгілердің бәрі ақылдасып алғандай: «Ой, Мұқа, мынау кәдімгі мешіттің кескіні ғой. Бұл қалай пайда болып жүр?» десіп, таңданыстарын жасыра алмай, сол жерде «сиқырлы саусақ» иесін сұрақтың астына алыпты. Ақсақал оларға ештеңені алып-қоспай, болған жайды қысқаша баяндап берген көрінеді.
Содан арада екі жарым айдай уақыт өткенде тырнақтың түбінде қою қара түсті тағы бір бейнелер пайда болыпты. Ақсақалдың айтуына қарағанда, бұл жолы оның бірі қыран құстың басына, екіншісі қазақтың домбырасына ұқсап бейнеленіпті. Сенер-сенбесімізді білмедік.
Осы жасқа келгенше мұндай ғажайыпты көрмеген қария саусағындағы тырнағы әлдеқашан түсіп қалса да, әлі күнге дейін қайран қалып жүрген секілді. Ақыры ішіне сыймағасын редакцияға келіп, басынан кешкен қызғылықты жәйтпен бөлісуді жөн санаған көрінеді.
Бұл туралы жоғарыда аты аталған Өскемендегі орталық мешіттің діни қызметкері Мақсұт молла бүй дейді: - Ол кісі саусағын әлденемен ұрып немесе жаншып алған болса әңгіме басқа. Сондықтан табиғаттың мұндай ғажайыптары арагідік ұшырасып тұрады. Жаратқан Алланың шеберлігінде шек жоқ қой. Кім білсін, бәлкім бұл да бір Жаратқан иеміздің пендесіне беймәлім белгілерінің бірі болар.