Тұрар туралы бір дерек
Қазақ халқының аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімін білмейтін қазақ кемде-кем. Оның өмірі мен қызметі туралы бірқатар зерттеу еңбектері жарық көргенмен, Тұрар Рысқұлұлының өмірінің беймәлім қырлары әлі де жеткілікті. Соның бірі қайраткердің Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болған кезі десек жаңылыспаймыз. Моңғолия конституцияның жобасын жасауға атсалысып, ел астанасына Улан-Батор (Қызыл-Батыр) деген атты ұсынған Тұрардың Моңғолияның мемлекет ретінде қалыптасуына қосқан үлесін зерттеушілер түрлі жиындарда жиі талқыға салып жүр.
Дегенмен, оқта-текте сөз болғанымен, әлі назардан тыс қалып келе жатқан мәселенің бірі Тұрар Рысқұловтың Моңғолияда ұрпағы қалды деген әңгіменің жай-жапсарын анықтау жайы болып отыр. Бұл туралы Моңғолия Ғылым академиясы халықаралық ғылыми-зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Құрметхан Мұқамәдиұлы: «Тұрар Рысқұловтың Моңғолияда бір қызы бар деген сөздің бары ақиқат. Моңғолияның архивтегі азаматтарының өзі оның шет жағасын конференцияға шығарып, бірақ дәл кім екенін, қайда екенін білмейміз дегенді айтты. Одан бұрын бұл туралы естімегенмін», – дейді.
Жалпы, ғалымдардың айтуынша, Т.Рысқұлов Моңғолияда 1924 жылдың жазынан бастап, небәрі 9 ай ғана болған. Сол кезде Коминтернге 1500 беттей есеп пен баяндама жазған. Ол қазір Мәскеу мен Улан-Батор архивтерінен жиналуда. Бұл архив материалдары 2015 жылы Түркі академиясы арқылы кітап болып басылып шығады деп жоспарланған.
Тұрар Рысқұлұлы 1894 жылы бұрынғы Жетісу облысы Верный уезі Шығыс Талғар болысында өмірге келген. 1937 жылы 21 мамырда «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынған. 1938 жылы 10 ақпанда Мәскеу түрмесінде жүрек талмасынан қайтыс болған. Репрессия құрығына әйелі Әзиза Түбекқызы да ілігіп, 18 жыл айдауда жүрген. Ұлы Ескендір түрмеде көз жұмған. Ал Тұрар Рысқұлов КСРО Әскери алқасы Жоғары сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталған.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
egemen.kz