Тимур және оның командасы

Бұдан 50 жыл бұрын одақтық «Футбол» апталығы осындай тақырыппен мақала жариялап еді
Тимур Сегізбаев! Футболға қатысы болсын-болмасын, бұл ойынды ұнатсын-ұнатпасын, мейлі, біздің елімізде оның аты-жөнін білмейтін адам жоқ. Көзінің тірісінде, тіпті сонау жігіттіктің желеңін енді жамыла бастаған шағында-ақ аты аңызға айналған адам. Күллі қазақтың мақтанышы. «Қайраттың» ең бір жұлдызды шағында команданы алаңға бастап шығып тұрған капитаны. Кейін егемен еліміздің алғаш құрылған Футбол одағының президенті, вице-президенті және бас хатшысы болған Тимур Санжарұлы туралы тағы да сөз етудің орайы келіп отыр.
Шын мәнінде, Қазақстан футбол жанкүйерлері үшін «Қайрат» пен Сегізбаев – әсте бір ұғым. Республика футболы мен «Қайрат» құрамында одан бұрынырақ көрінген, жастары да үлкен қазақ нәсілді басқа да футболшылар бар еді. Біз олардың қатарында Болат Ишанов, Өмірбек Бекбосынов, Болат Артықов, Сайлаубек Есімбеков, Әлім Құрымбаев секілді ағаларымыздың болғанын жақсы білеміз. Бірақ олардың бірде-бірі тура Тимур аға секілді қазақ футболының көгінде жарқырап жана алмады. Одан қалды, қандастарымыздың арасында футболдан «КСРО спорт шебері» деген атақты бірінші болып алған да Сегізбаев болды.
Өзінің сол кезде туған құрбы-құрдастары тәрізді Тимурдың шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап балалық шағы қиындыққа толы болды. Оның кіндік қаны жер-көкті жалмайтын сұрапыл соғыстың басталуына бар-жоғы үш апта уақыт қалғанда Семейде тамды. Оның әкесі Санжар Сегізбаев заманына сай білімді адам еді. Білгір заңгер ретінде қызмет сатысымен тез көтеріліп, кезінде Мәскеуде отырып, Қырғыз КСР-і заңнамалық комитетін басқарған. Содан соң қызметін Қырғызстан астанасы Фрунзеде (қазіргі Бішкек) жалғастырып, республика Жоғарғы Сотының төрағасы болады. Кейін Қазақстанға оралып, мансабын Министрлер Кеңесіндегі жауапты қызметпен аяқтады. Ал анасы Жібек сол қиын кезеңдердің өзінде жұмыс та істеп, үйге де қарап, балаларына дұрыс тәрбие беруге үлгеріп жүреді. Бала демекші, бұл отбасында сегіз бала тәрбиеленіп өседі. Жалпы, анасы 14 құрсақ көтерген екен, солардың алтауы сәби кездерінде шетінеп, қалған сегізі азамат болып ер жетеді. Тимур болса, үйдегі ұл балалардың үлкені еді. Балалық шағы Алматы қаласында өткен ол соғыстан кейінгі кезеңдегі жастардың ынтасына еріп, спорттың біраз түрімен шұғылданып көреді. Сол құштарлықпен жүзуге де барды, шаңғыға да жазылды, баскетбол мен хоккейге де аялдады. Бірақ, айналып келгенде, балақай сол кезден-ақ жұрттың бәрін иілдіріп қойған футболдың ауласына қалай біржола кіріп кеткенін сезбей қалды.
– Бізде доп дейтін доп та болған жоқ, – деп еске алады Тимур Санжарұлы қазір сол кездерді. – Шүберектен жентектеліп жасалған жұмыр телпекті жалаң аяғымызбен аямай соққылайтынбыз. Азаннан кешке дейін футбол ойнаудан жалықпаушы едік. Кейінірек әкей қазіргі 28 гвардияшы-панфиловшылар паркі аумағынан жаңа үй алып, сол жаққа көшіп бардық. Парк біздің футбол шайқастары өтетін нағыз аренамызға айналды. Бір жазда әкем мені Талғар шатқалында орналасқан «Артыбұлақ» пионер лагеріне тынығуға жіберді. Үшінші ауысымда кіл жоғары сыныптың балалары жиналып қалған екенбіз, бәрі де шетінен футболшы, команда құрып алып, Алматы маңындағы басқа лагерьлердің жасақтарымен кездесіп тұруды кестеге енгіздік. Ойындарды өткізу үшін М.Горький атындағы мәдениет және демалыс паркіндегі «Спартак» стадионына келетінбіз. Осы жерде мені «Авангард» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Георгий Козелько байқап қалыпты. Біз қысқартып «Гесеич» деп атайтын сол кісі менің бірінші жаттықтырушым да болды…
Тимурдың бұдан кейінгі өмір жолы күрт өзгеріп, спортшылық жолға түсіп кетуіне осы бірінші бапкер қатты әсер етіпті. Әйтпесе, бала жасынан геолог боламын деп армандап жүрген ол футболға біржола бет бұрамын деп тіпті де ойламаған еді. Әсер еткенде, ол қолы-нан ұстап тұрып: «Қалайда футболшы бол» деген жоқ. Бұған ұқсас бір ауыз сөз де айтпаған. Тек Гесеичтің мұны 1957 жылы Ригада өткен КСРО жоғары сынып оқушылары арасындағы спартакиадасына Қазақстан құрамасы сапында алып барғаны болмаса! Бұлар жолай Мәскеу арқылы жүрді, Одақтың ең басты спорт аренасы саналатын «Лужники» стадионын көру үшін осында бір күнге кідірді. Бұдан бір жыл ғана бұрын пайдалануға берілген ғаламат сұлу ғимаратта сол күні КСРО және Чехословакия құрамалары кездесті. Осында отырып, 16 жастағы жасөспірім алып стадионның қазаны қалай бұрқылдайтынын көрді, 20 жастағы Эдуард Стрельцовтың таңғажайып ойынын тамашалады. Осы стадионда көргендері мен талантты футболшы ойынының өзі балаң жігіттің футболға екінші қайтара ғашық болуына жетіп жатты.
Келесі жазда, мектеп бітірген соң Тимур Қазақ дене тәрбиесі институтына оқуға түсті. Әлбетте, әкесі Санжар баласының спортшы болып кететінін қалаған жоқ. «Қайдағы бір денешынықтырушы деген мамандықты таңдадың» деп көпке дейін ұрсып та жүрді. Ол тек баласы институтты бітіріп, «Қайраттың» капитаны атанған кезінен бастап қана оның таңдауының дұрыс болғанын мойындайды. Мойындағаны сол, «Қайраттың» өз алаңындағы барлық ойындарын құр жібермей көріп, ұлы үшін нағыз шыр-пыры шығып отыратын жанкүйерге айналады. Бірақ бұл кезге жету үшін де Тимурға әлі біраз уақыт тер төгу керек еді. Институттың екінші курсында оқып жүрген кезінде оның сол кездегі ректоры, қазақтың тұлғалы азаматтарының бірі Хамза Мұхамеджанов кабинетіне шақырып алып, республи-каның бас командасы – «Қайраттың» мұны өз құрамына алуға ынта білдіріп отырғанын жеткізді. Бұл бір жағы келесі, 1960 жылдан бастап Одақ футбол шаруашылығында үлкен реформалар жасалып, чемпионаттың «А» класының бірінші тобы деген жоғары эшелонның құрылатынына, оған одақтас республикалардың барлығынан дерлік бір-бір команда қатысқалы тұрғанына байланысты жасалып жатқан қозғалыс болса керек. Ендеше, Тимурға үлкен мүмкіндік берілгелі тұр, демек, оны пайдаланып қалған жөн. Ұстаз ойы осылай шықты.
Осыдан бастап «Қайрат» пен Тимур Сегізбаевтың өмірі бір-бірімен ешқашан ажырамастай болып жалғанды. Өзімен бірге 8 одақтас республика астаналарының және РСФСР мен Украинаның бұрынғы орталықтары Ленинград пен Харьковтің жасақтарымен, барлығы 10 командамен толыққан жоғары эшелонда «Қайрат» та тіршілігін бастап кетті. Республика спортының басшылары ұжымды чемпионатқа сақадай-сай етіп әзірлеу үшін Мәскеуде Одақ Футбол федерациясында жауапты қызмет атқарып отырған маман Николай Глебовты шақырды. Обалы не керек, бұл жұмысқа Николай Яковлевич жанын сала кірісті. Жаңа аға жаттықтырушы барлық шепті күшейту мақсатында сырттан көптеген ойыншылар әкеліп, нағыз жауынгерлік құрам қалыптастырды. Сол ортада Тимур да біртіндеп шыңдалып жетілді. Ал 1960 жылдың 14 мамыры жалғыз Сегізбаев үшін ғана емес, күллі қазақ футболы және оның нағыз жанашырлары үшін мәңгі есте қалатын күн болды. Осы күні Тимур «Қайраттың» негізгі құрамында тұңғыш рет жасыл алаңға шықты. Чемпионаттың басталғанына бір айдан жаңа асқан. Жетінші турдың ойыны. Минскіде жергілікті «Беларусь» командасына қарсы. Бұл тұста сыртта өткізген төрт ойыны мен өз алаңындағы бір матчын (осының алдында!) түгел жеңіспен аяқтаған минскіліктер кім-кімге де шекесінен қарайды. Оған қарағанда, осы кезге дейінгі алты ойынында бір-ақ рет тең түскен (оның өзі Алматыдағы маусымашар ойында болған), чемпионаттағы бірінші голын да осының алдында Мәскеуде «Локомотивпен» өткен матчында ғана соға алған «Қайраттың» турнир кестесіндегі жағдайы тіптен нашар-тын. Міне, осылай әпі-тәпі болып тұрған шағында команданың құрамында 19 жасар баланың шыға келгені сол кезде талайды таңғалдырғаны анық. Бірақ осыдан екі күн ғана бұрын туған күнін атап өткен бозбала өзін «бала екенмін» демеді, ойын басталғаннан аттары дүрілдеп тұрған алаң иелері қақпасынан саңылау іздеуге кірісті. Тимур бұл матчта сол іздегенін тапты да. Баяғы Ригада Армения құрамасынан 0:5 болып жеңіліп жатқандарында, екінші таймда жауап 5 гол соғып есепті теңестіргені бар еді, сол кездегі мергендігі қайта оянғандай болды. Ол әр таймда бір-бір голдан соғып, бұған дейін жүндері жығылып көрмеген қарсыластарын ту-талақай етіп жеңіп қайтты. Тимурдың екі голы да керемет соғылды. Оның біріншісінде 15 метр жерден қатты ұрды. Шамасы, қақпашы Альберт Денисенко мұны күтпесе керек, допқа кештеу секірді. Екіншісінде жартылай қорғаушы Леонид Остроушко қапталдаса беріп, әдемі доп шығарып берді. Оны да біздің шабуылшы тоқтатпастан тартты. Доп зымыраған қалпы қақпаның алыс бұрышына барып қадала қалды. Есеп – 2:0!
Осы ойыннан кейін Тимурдың аты аңызға айналды. Оның керемет соққысы туралы небір аңызға бергісіз әңгімелер осыдан кейін шықты. Оң аяғының соққысы аса қатты екені, онымен тебуге төрешілер рұқсат етпейтіні, сондықтан бұл аяғын қызыл шүберекпен таңып жүретіні, бұдан әрі қарсыластарының бірі қақпаға маймыл қойғаны сияқты ертегі тектес қауесеттер осы кезде кеңінен тарады. Сол сияқты Қазақ КСР Орталық стадионы алдындағы доп теуіп келе жатқан футболшының прототипі тап осы Тимур Сегізбаев екені жайлы да кейінірек жиі айтыла бастады. Шын мәнінде бұл мүсіннің қойылуына «Қайраттың» 1964 жылдың 26 тамызында Мәскеуде «Спартакты» да 2:0 етіп жеңіп қайтуы, екі допты да Тимурдың соғуы себеп болған сияқты. Күн сәрсенбі еді. Сәрсенбінің сәті біздің қаһарманымыздың жолын ашып берді. Осы дубль «Қайратпен» бірге оның белді ойыншысы Тимур Сегізбаевтың да даңқын бірден аспандатып жіберді. Матч біткеннен кейін «Спартакты» қолдан құрған, оған осы атауды бергізген атақты Николай Старостиннің өзі қайраттықтардың шешінетін бөлмесіне келіп, Тимурдың қолын алды. Ол алматылықтардың бүгінгі ойынынан да, оның белді футболшысы Сегізбаев соққан голдардан да тамаша ләззат алғанын шын көңілден жайып салды. Келесі күні одақтың «Футбол» апталығы осы матч туралы «Тимур және оның командасы» деп аталатын көлемді мақала жариялады. Осыдан бастап мамандар «Қайраттың» мызғымас мығым қорғаныс шебін «темір-бетонмен» шендестіре бастады. Ал Тимур команданың капитаны болып тағайындалды.
Сол жылдары «Қайрат» нағыз халықтық командаға айналды. Оның капитандық штурвалында Сегізбаев тұрған кезде Алматының Орталық стадионында өтетін барлық ойынға жұрт өте-мөте көп жиналатын. Алдын ала билет алып қоймағандар матч алдында сабылып, ішке кіретін жол таппай шауып жүретін. Команданы республиканың жасы мен кәрісі түгел жанындай жақсы көрді. Оның әрбір матчының статистикалық есебін жүргізетін әуесқойларда есеп болмайтын. Әр кездесу сайын оның кіру билеті тұрмақ, бағдарламаларының өзі табылмай қалатын. Былайынша айтқанда, «Қайрат» сол ойында жеңсе де, жеңілсе де, Алматыдағы әрбір матч жанкүйерлер үшін мереке еді. Міне, қазақ жұртына сол мерекені алғаш алып берген, сол ұғымды санасына сіңірген Тимур Сегізбаев болды. Жұрт Сейітжан Байшақовты да, Владимир Асылбаевты да, Юрий Мусинді де, Сейілда Байшақовты да, Құралбек Ордабаевты да кейін көрді.
Алпысыншы жылдардың ортасына қарай «Қайраттың» республикадағы даңқы матчтан матчқа өсті. Футбол Алматы мен күллі республика өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Команда туралы кез келген жерде, кез келген адам сөз ететін болды. Оның өрлеуі мен құлдырауы, жеңісі мен жеңілісі, соққан голдары мен өткізген доптары үй мен көшеде де, қоғамдық көліктер мен кеңселерде де, мектептер мен институттарда да кеңінен талқыланды. Команда 1964 жылдың соңында жоғары топтан түсіп қалғанда да жанкүйерлер одан сырт айналмады. Ал келесі жылы төменгі лигада Ереванның «Араратымен» бірінші орын үшін таласқан ақтық матчқа дейінгі марафоны жұртшылықтың толық назарында өтті.
Бұл Қазақстанда нағыз футболдың дүмпуі салтанат құрып тұрған кезең еді. 1966 жылы «А» класының бірінші тобына (1970 жылға дейін кейінгі «жоғары лига» осылай аталып келді) қайта оралған «Қайратты» жұрт өмірге қайта келгендей қарсы алды. Осы маусымда Тимур қайтадан команда капитаны болып тағайындалды да, оны 1970 жылы ойынмен қоштасқанша ешкімге бермеді.
Жаңа маусымды қайраттықтар жаман өткізген жоқ. Ол чемпионат соңында 19 команданың арасында 12-орынға табан тіреді. Бұған дейін мұндай көрсеткішке жетіп көрмеген алматылық жасаққа бұл да тәуір табыс еді. Ең бастысы, «Қайрат» былтырғы қараша айында ғана өзімен «А» класы екінші тобының кіші алтын медалі үшін Грозный қаласында өзін ұтып кетіп, қапы қалдырған еревандықтардан бір саты болса да мойны озық тұрды. Оған қоса, арараттықтарды олардың алаңында 3:1 есебімен жеңіп қайтты. Тап сондай есеп осы жылы Алматыда Минскінің «Динамосымен» болған ойында да тіркелді. Мұны айтып отырған себебіміз, осы ойынның екінші бөлігінде Тимур сырқаты жанға бататындай жарақат алып қалды. Бірақ орнына ешкім шыға алмайды, алмасулар толық жасалып қойған. Сондықтан команда капитанына алаңнан кетпей ойнауға тура келді.
Ал келесі 1967 жылғы чемпионат «Қайрат» үшін едәуір қиын жағдайда өтті. Былтыр команданы бір көтеріп тастаған Владимир Котляровтың орнына аға жаттықтырушы болып келген мәскеулік Алексей Гринин тактиканы дұрыс түзе алмады ма, әйтеуір ойын жүрмей-ақ қойды. Бұған бірқатар футболшылардың жауапсыздығы да себеп болған сияқты. Міне, шындықты айтудан ешқашан іркілмейтін Тимур осы жағдайды «Советский спорт» газетінде «Кемпірқосақтан кейінгі жаңбыр» деген атпен жарияланған сұхбатында толық баяндап беріп, сәтсіздіктің негізгі себептеріне тоқталды. Ол осындай сын мақаланы «Социалистік Қазақстан» газетінде де жариялады. Бұл кезде бір жағы команданың комсоргі де болып табылатын Сегізбаевтың мұны айтуға толық құқы бар еді.
Осы сыннан кейін командада шынында біршама қозғалыс болды. Ойыншылар қайта серпілді. Нәтижесінде қайтадан жеңіс тойлары көбейе түсті. Бұл маусым соңында жасақтың 19 ұжым арасында 14-орынға тұрақтауына мүмкіндік әперді. Тіпті, мұның алдындағы жылы өзінің ежелгі қарсыласы – «Пахтакордан» үш саты кейін орналасып қалса, бұл жылы оны бір саты артта қалдырып кетудің орайын келтірді. Бірақ Тимур Сегізбаевқа тағдыр тым ұзақ футболшылық ғұмыр сыйлай қоймады. Кейінгі кездері жарақаттан көз аша алмаған ол 1970 жылғы 9 мамырда, 29-ға толуына небәрі 3 күн қалғанда, үлкен футболмен қоштасуға мәжбүр болды.
– Сол кезде денсаулығымның дұрыс болмағаны рас, – дейді Тимур Санжарұлы қазір. – Аяқтағы жарақаттардан бөлек, радикулит деген де әбден мазамды алып болды. Осы бір жазылмайтын сырқат мені футболмен ертерек қоштастырды. Ол болмағанда, әлі де ойнай түскен болар едім.
Танымал футболшыны шығарып салу рәсімі Алматыдағы Орталық стадионда «Қайраттың» Бакудің «Нефтчиімен» КСРО кубогы үшін өткізген матчы алдында жасалды. Осылайша «Қайраттың» сапында 168 матч ойнаған қалпында онымен ойыншы ретінде қоштасты. Команданың аға жаттықтырушысы Александр Севидов бұған: «Қанша уақыт керек болса, сонша емдел. Сосын қайта ораласың. Әзірге менің көмекшім бол», – деді әкелік жанашырлықпен. Бұл оның алаңмен біржола қоштасқаны болып шықты. Бір дәуір осылай аяқталды.
Дегенмен, Тимур бұл жаңа кәсібінде де ұзақ жүре алмады. Оған көп ұзамай футболдың үлкен жанашыры, содан екі жыл ғана бұрын Қызылордада футбол командасын құрғызып, былтыр стадион салдырып берген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Бектұрғанов «құда түсті». Хасан Шаяхметұлы жанындай жақсы көретін футболшысын жаттықтырушылықтан титтей де тәжірибесі жоқ екеніне қарамастан, өзі іргесін көтерген жер-гілікті «Автомобилист» командасының тізгінін ұстауға шақырды. Шақырып тұрып, команданы бірден биікке көтеріп жібер, деген талаптың да қойылмайтынын қадап тұрып айтты. Бұл ұсынысқа бірден келісті. Бірақ «қуана келісті» деп тағы айта алмаймыз. Мынадай күтпеген ұсыныстың оны алдымен жүрексіндіргені рас. Әйткенмен, соңынан қызығушылық туғызғаны тағы бар.
Тіршілігін жаңа бастаушы су жаңа бапкер келгенде былтырғы чемпионатты да кестенің соңғы белесінде аяқтаған «Автомобилист» («Б» класының қазақстандық тобында 21 команданың ішінде 17-орын алған) бұл біріншілікте де мандытпай жүрген еді. Бұл тұста 14-15-орындардан аса алмай келе жатқан ұжым бірінші айналымды аяқтап қалған. Ойыншылық бай тәжірибесіне қоса тәп-тәуір теориялық базасы бар Тимур Сегізбаев футболшы кезінен Петр Зенкин, Николай Глебов, Александр Келлер, Владимир Котляров, Андрей Чен Ир Сон, Александр Севидов сынды әр жылдары «Қайраттың» тізгінін ұстаған басқа да ұстаздарының лекцияларын үнемі жазып алып жүруші еді, енді, міне, солары кәдеге асатын мезгіл туды. Оларды жаттықтырушы Сегізбаев керемет етіп жүзеге асырды. Екінші айналымның бірнеше туры өткеннен кейін-ақ команда турнир кестесі бойымен күрт жоғары өрлей жөнелді. Оның, тіпті, 4-орынға дейін көтерілген кезі де болды. Ал маусымды 6-орынмен аяқтады. Бұл жас жаттықтырушының да, оның жасағының да зор жетістігі еді.
Жарты жылдың өзінде осындай бас айналдырар табысқа қол жеткізген Тимур Сегізбаевты спорт комитетінің басшылығы келесі, 1971 жылы республикадағы екінші команда – Қарағандының «Шахтерін» басқаруға жіберді. Команда бұл кезде Одақ бірін-шілігінің бірінші тобында ойнайтын. Чемпионат барысында Тимур Санжарұлының жігіттері сол жылы бірінші орынға ен салып, жоғары топқа жолдама алатын Днепропетровскінің «Днепрін», сондай-ақ, өзінен жоғары тұрған Куйбышевтің «Крылья Советовін», Магнитогорскінің «Металлургін» ұтты. Бұлардан бөлек, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғыз-стан, Молдова, Латвия және Литва республикаларының бірінші командаларын шаң қаптырып кетті. Команда бұл жылы 22 команданың арасында 9-орын алды.
1973 жылы Тимур Сегізбаев «Қайратқа» қайтып оралды. Қатардағы жаттықтырушы ретінде. Команданың тізгіні бұл кезде Артем Фальянның қолында еді. Осы жылы ойыннан кейінгі пенальтиді тиімді пайдалана білумен бірге, жап-жақсы ойын өрнегін көрсетіп, 9-орынға орналасқан ұжым келесі жылы жеңілістен көз ашпай қойды. Бұл жылы қайраттықтардың өз алаңында тбилисилік динамошыларды 5:0 етіп талқандап жеңгені болмаса, басқалай қадап айтатын табысы болған жоқ. Ақыры жоғары лигамен қоштасып тынды. Сосын Артем Фальянның орнына келген Всеволод Бобров «қайта оралу» проб-лемасын 1975 жылы шеше алмады. Сосын 1976 жылы басшылық бұл мүмкіндікті «Қайраттың» екі бірдей түлегі – Станислав Каминский мен Тимур Сегізбаевқа берді. Екі дос бұл міндетті абыроймен орындап шықты. Кейінірек негізгі басшылық Станислав Францевичке тапсырылғанымен, бұл тандем 1979 жылға дейін тізе қосып, бірге жұмыс жасасты. Бірақ осы жылы Тимур Сегізбаевқа командадан екінші рет кетуге тура келді. Бірінші жолы өз еркімен кетсе, бұл жолы ол өз еркінен тыс орындалды.
– 1979 жылы мен КСРО халықтары спартакиадасында республика құрамасы атынан ойнаған «Қайратты» Мәскеуге бастап алып бардым, – дейді Тимур Санжарұлы сол оқиға туралы сөз қозғалғанда. – Турнирдің соңғы жағына қарай әйелімнің анасы қайтыс болғаны туралы жайсыз хабар келді. Мен осыған орай спорт комитетінің бастығы Аманша Ақпаевтан енемнің намазына қатысып қайтуға жіберуін сұрадым. Бұл кезде енді ештеңені шешпейтін жалғыз ғана ойынымыз қалып еді. Соған қарамастан, Аманша Сейсенұлы рұқсат етпеді. Бұған ренжіген мен қатты түңілдім де, жүктерімді алып жүре бердім… Осы оқиға менің командадан кетуіме себеп болды.
Тағы бір үш жылдан кейін Т.Сегізбаевқа Йеменге барудың сәті түсті. Мұнда ол 1982-1985 жылдары жаттықтырушы болып қызмет атқарды. Осы үш жылда йемендік футболшылар ғана емес, функционерлердің өзіне көп нәрсе үйретті. Ол барғанда бұл елде, тіпті, көк шөп өсіп тұрған стадион да жоқ екен. Кейін осындай өскіні бар жаңа стадионның салынуына септік жасады. Осында сосын елдің құрама командасы өнер көрсетті. Ал футболы бір аршын биікке көтерілді. Мерзімді уақыты біткен соң йемендіктер Тимур Санжарұлын тіпті де жібергілері келмеді. Бірақ бұл елдің ыстығына шыдай алмаған біздің саңлағымыз өз отанына жеткенше асықты.
Ал 1986 жылғы маусымның барысында Тимур Сегізбаевқа тағы бір бұрынғы командаласы – Леонид Остроушконы алмастыруға тура келді. Бұл жолы ол оның орнын басып, «Қайраттың» тізгінін жеке-дара ұстады. Бұрынғы бапкердің қатаң шаралар қыспағынан құтылған ойыншылар енді еркін ойнай бастады. Мұның ақыры жақсы ойын өрнегін әкелді. Бұл түптің түбінде Тимур Сегізбаевтың жаттықтырушы ретінде тағы бір рекорд жасауына апарып жеткізді. Осы жылы «Қайрат» өзінің тарихындағы ең биік көрсеткішіне қол жеткізіп, тұңғыш рет жетінші орынға түрен салды. Осы көрсеткіш кешегі Одақ тарағанша өзгермеген күйі қалды.
Қазақ футболының көгінде алмас қылыштай жарқылдаған саңлақ спортшы «Қайрат» командасының сапында қаншама талантты футболшылардың бағы ашылуына себепкер болды. Солардың барлығы дерлік ұстаздарының осы еңбегін паш етіп, әрдайым айтып отырады. Мәселен, түрікмен футболының түлегі Құрбан Бердыевтың әуелі Одақ таныған мықты футболшы болуында, сосын талантты жаттықтырушы болып қалыптасуында Тимур Санжарұлының еңбегі орасан зор. Ол осы бір дарынды жігітті әкелу үшін Ашғабатқа екі рет барып қайтты. Сол екінші жолы алып қайтуының өзі шым-шытырық оқиғалы фильмге желі болатындай оқиғамен өрнектелді. Осылайша командаға келген ойыншының тез қалыптасып кетуіне де ол айрықша еңбек сіңірді.
– Мен ойыншы болып та, жаттықтырушы болып та қалыптасқаным үшін Тимур Санжарұлына шексіз ризамын, – дейді қазір Қазанның «Рубинін» көп жылдар табысты басқарған Құрбан Бердыев. – Жалпы, ол кісі сипаты тек жақсы жақтарынан ғана айтылатын адамдардың санатына жатады. Онымен қанша жыл бірге болғанымда, мен бір рет дауыс көтергенін естімеппін. Бұл – қандай бір қиын жағдай болғанда да ешкімге салмағын түсірмей, өзімен-өзі болып қалатын адам. Оның қасында арқаңды тамға тірегендей болып өте сенімді жүресің. Өйткені оның сені ешқашан жолда қалдырып кетпейтініне кәміл сенесің. Ол тазалық, әділдік жағынан келгенде нағыз идеал. Мен, тіпті Санжарычтың әлдекімнің сыртынан сәл де болса ғайбат сөз айтқанын естімеппін. Ол не айтса да бетіңе айтады, тура айтады. Мен өзімнің өмір жолымда осындай адамның жолыққаны үшін Аллаға мың мәрте алғысымды білдіремін…
Түрікмен футболының тағы бір түлегі, «Қайраттың» сапында ең көп ойнаған ойыншы болып тарихта қалған Владимир Никитенконы Қазақстанға жеткізген де Сегізбаев болатын. Бұлардан басқа, Вахид Масудов пен Евстафий Пехлеванидидің жұлдыздары жануына оның қосқан үлесі көп. Жалпы, 1976-1979 жылдар мен 1986 жылдан кейінгі аралықта «Қайрат» сапында ойнаған кез келген футболшы оны өзінің ұстазы санайды.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста