Шеттегі 5 миллион қазақ жұтылса, Атажұрт, саған сын

Шеттегі 5 миллион қазақ жұтылса, Атажұрт, саған сын

Шетелдегі қандастарымыздың ұлттық-рухани, мәдени жағдайына байланысты қордаланған күрделі мәселелер жетерлік. Солардың ішіндегі ең бастысы әрі қауіптісі — болашақта өз ұлтының тарихынан, тілі мен руханиятынан, яғни қазақи болмысынан айырылған, сонымен қатар, өздері тұратын елдердің этникалық ортасына сіңіскен, түрі қазақ болса да, тілі бөтен ұрпақтың пайда болуы, шетелдегі жас жеткіншектеріміздің ассимиляцияға ұшырап кетуі. Бұлай алаңдауымызға себеп те жоқ емес.
Өйткені шеттегі бауырларымыз білім алатын көптеген қазақ мектептері жабылып, қазақ тілінің пән ретінде оқытылуы тоқтатылуда. Бұдан бөлек, қазақ тіліне қатысты шетелде оқытылатын оқулықтар мен басқа да оқу-әдістемелік құралдардың арасында алшақтық басым. Яғни қазақ тілінің грамматикасы мен басқа да шарттары түрліше оқытылуда. Әліпби де түрліше. Бір ғана мысал, қазақ тіліндегі сауатын төте жазумен ашқан Қытайдағы қандастарымыз Отанына оралғанда қазақ жазуын оқудан қиналып қалғандарына куә болып жүрміз. Осы тектес мәселелер кесірінен шартарапқа тарыдай шашылған қазақтардың басқа елдегі бауырларымен ауызша тілдесе алғанымен, жазбаша тілде ұғынысулары өте қиын жағдайда. Қазақ тілінің елдегі қолдану аясын кеңейтіп, мемлекеттік деңгейде талап күшейсе де, шеттегі қандастарымыздың ана тіліне қатысты жоғарыдағыдай мәселесі тасада қалуда. Осыған байланысты халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен еліміздегі тіл жанашырлары қатысқан «Шетелдердегі қазақтардың ана тілін сақтау мен өрісін кеңейту жолдары» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Шетелде қанша қазақ бар?
Әлі күнге шетелдерде мекендеп жатқан қазақтардың саны туралы нақты мәлімет бір ізге түспеген. Кездескен мәліметтерде олардың ұзын саны 3,5 миллион мен 5 миллионның аралығында екендігі айтылады. Шамамен айтқанда, Ресейде 1 млн. 400 мыңға жуық, Өзбекстанда 1 500 млн. жуық, Қырғызстанда 70 мыңға жуық, Түркіменстанда 80 мыңға жуық, Моңғолияда 100 мыңнан астам, Қытайда 2 млн. жуық, Еуропада 30 мыңға жуық, Түркияда 20 мыңнан астам, Ауғанстанда 28 мыңға жуық, Иранда 3 мыңға жуық, Украинада 10 мыңға жуық, Тәжікстанда 10 мыңға жуық, Әзірбайжанда 4 мыңға жуық, Грузияда 3 мың қазақ бар деп есептеледі.

Тіл — ұлттың өркендеуінің кілті
Қастер Сарқытханұлы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы:
— Шетелдегі қазақтардың тілдік мәселесін сөз етпес бұрын, алдымен сол шетелдегі қазақтардың өздерін зерттеу керек. Біз бұған дейін де осы шетелдерде өз орталықтарымызды ашу туралы көптеген бастама көтеріп, ұсыныстар тастаған болатынбыз. Мәселен, ғылыми-зерттеу орталығын халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» қабырғасынан неге ашпасқа?! Алайда осындай бастамаларды айтып тізе берсек, барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Менің ойымша, қаржыны табудың да бірнеше тетігі бар. Біріншіден, мемлекеттік қаржыландыруға иек артып, мемлекеттен қаржы талап етуіміз керек. Екіншіден, Елбасымыз «кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі» деп айтты емес пе? Сол себептен жеке кәсіпкерлерден қаржы алуымызға болады. Өз ұлты үшін ақша шығаруға дайын ұлтжанды азаматтар бар деп есептеймін. Үшіншіден, көптеген ғылыми жобалар дайындауымыз керек. Себебі мемлекет тарапынан ғылыми жобаларға қаржы бөлініп жатыр.
Мені толғандыратын жәйт — шетел қазақтарының ешбірінің бүгінге дейін экономикалық-географиялық тұрғыдан зерттелмеуі. Шетелдегі қазақтар қайда қоныстанған? Қалай барды, не үшін барды? Бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай? Бұлар туралы сөз қозғалмайды. Тек тарихи және этнографиялық жағдайы зерттеліп жатыр. Осындай зерттеулерді көбейтіп, мемлекет тарапынан қаржыландыратын болсақ, жаңағыдай ғылыми жұмыстарды бір деңгейге шығаруға болады. Үшіншіден, сол шетелдегі қазақтар тұратын мемлекеттердің әлеуетіне сүйенуге болады. Баршаңызға белгілі, тілдің дамуы үшін алдымен экономикалық-ғылым, техника, мәдениет даму керек. Басқаны айтпағанның өзінде, Қытай 1975 жылға дейін БҰҰ-ға мүше бола алмады. Себебі экономикасы дамымаған болатын. Ал экономикасы дамығаннан кейін қалай болды? Қытай тілін үйренемін дейтіндер көбейді. Сондықтан, тілдің дамуы үшін, экономика, ғылым, техника даму керек. Одан кейін, мемлекеттік саясат сындарлы болуы тиіс. Біз байсалды халық боп саналғанымызбен, шешім қабылдағанда кейде тым қызбаланып кетеміз. Мысалы, телеарнаға байланысты 50-50 деген бағдарлама жасадық. Ақыры ол жүрмей қалды. Ісқағаздарын 100 пайыз етеміз деп желпіндік, онымыздан да түк шықпады. Неге? Өйткені халықтың бүгінгі жағдайына дайын емес бағдарламалар алып шықтық. Қорыта айтқанда, тіл — ұлттың өркендеуі мен кері кетуінің кілті дер едім, ендігі уақытта ұлт болып жойылып кетуден сақтану үшін бәріміз атсалысуымыз керек.

Қазақ мектептері жабылса, зардабын болашақта тартамыз
Ерден Қажыбек, ф.ғ.д., профессор, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кеңесшісі:
— Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бүгінгі көтеріп отырған мәселесі — елімізде кезек күттірмейтін, маңыздылығы орасан зор мәселе. Меніңше, билік басындағылар бұл мәселенің осыншама маңызды екенін сезінбейтін секілді. Қазақтардың көп шоғырланған жері — Ресейдің де, Қытайдың да сол елдердегі қандастарымызға жасап отырған саясаттары — ассимиляцияға шұғыл айналдыруға бағытталған саясат. Сол елдерде қаншама мектеп болған, бүгінде сол мектептердің барлығы жабылып, сол жүздеген мектептің орнына бір-екеуін ашқандай болып жатыр. Қытайда қазақша оқу бастауыш мектеп деңгейінде ғана қолданылады. Бұны да айтпай кетуге болмайды. Бұның зардабын уақыт өткеннен кейін көретін боламыз. Өйткені кейін өз тілдерін мүлде білмейтін немесе өте нашар білетін бірнеше миллион ұрпағымыз пайда болады. Яғни бұл — үлкен мәдени дағдарысқа апаратын жағдай. Сол себептен қазірден бастап мұның алдын алғанымыз жөн. Оралмандар мәселесін айтқан кезде, елге көшіру мәселесін ғана айтпауымыз керек. Сол шетелдердегі тіл мәселесіне, білім-ғылым мәселесіне бей-жай қарамауды үкіметтен талап етуіміз керек. Кейінгі кезде күрделене бергеннен кейін бұл мәселе біраз жөнге салына бастаған сияқты. Бірақ шетелдегі қазақтың барлығы толығымен елге оралмасы анық. Өйткені өз ата-бабалары жерінде отыр. Бұны сырттағы мемлекеттердің өздері мойындауда. Шыңжаң автономиялы ауданындағы ең құнарлы, ең жайлы, табиғаты тамаша, экологиясы керемет жер қазақтарға тиесілі. Мысалы, Қытайда қазақтар алты аймақта тұрады. Сол алты аймақтың төртеуіне Іле, Баркөл, Ақсай, Моры деп қазақша атау берілген. Ал қалған екі аймақ қазақша атаумен аталмаса да, ол жерлерде қазақтар басым. Яғни қазақтың жері екенін қытайлардың өздері мойындап отыр. Тағы бір мәселе — шеттегі қандастарымызға ақпараттық жәрдем, білім беру мәселелерін қолға алу жөнінде арнайы үкіметтің қаулысын шығару туралы билік өкілдеріне талап қойсақ. Себебі қаржыға басқалай жолмен қолымыз жетпейді. Шетелде орталықтарды ашуды басқа емес, «Қазақ тілі қоғамы» көтеріп, жоғарыдағы шенеуніктерге жол көрсету керек.

Жастарға даңғыл жол ашсақ…
Ертай Айғалиұлы, халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас редакторы:
— Бұл — өте өзекті тақырып. Себебі 5 миллиондай бауырымыз сыртта диаспора деген атты иеленіп, жатқа жалтақтап, өлместің күнін кешіп жатқаны атажұрттағы әрбір қазақтың жүрегін ауыртуы тиіс деп ойлаймын. Иә, сырттағы сол бауырларымыздың жағдайы қазір өте ауыр. Жақында мен бір жігітті кездестірдім, көзінде мұң бар. Сөйлескенде байқағаным — тілі сүріншектеп тұр.
― Қазақ сыныбын бітірдің бе? ― дедім.
― Жоқ.
― Е, е, орысша бітірген екенсің ғой! Бәсе-е!
― Жоқ, орысша да бітірген жоқпын, ― деді ол басын шайқап. Мен таң қалдым.
― Қытай сыныбын бітірдім, аға. Қазір Қытайда балабақша, мектептің бәрі сол елдің тілінде. Әке-шешем: «Атажұртыңа бар. Егер күшің жетіп жатса, мына бауырларыңды да сол жаққа тартарсың. Бізді қойшы. Болашақ атажұртта. Мұнда бізге болашақ жоқ. Қазақ болып қалғың келсе, елге қосыл»,— деді жылап. Міне, бір-екі ай болды. Жұмыс жоқ. Азаматтық алудың ауылы алыс. Енді не істерімізді білмей тұрмын, ― деді ол мұңын шағып.
Біз оны жұбатып, жөн сілтедік. Иә, көріп отырсыздар, енді он шақты жылдан кейін Қытайдағы бауырларымыз қытайға айналады. Өйткені тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Ресейдегі тілдік мәселе одан да жаман. Бір ғана аралас мектеп бар. Ондағы қазақтардың жастары, орта жастағылары орыс болып кеткен. Өзбекстанда да солай. Кеңес өкіметі кезінде Алматыда бір ғана қазақ мектебі болса, Ташкентте 28 қазақ мектебі бар екен. Қазір керісінше. Ташкентте бір-ақ қазақ мектебі бар. Қазір ондағы бауырлар да тек өзбекше гәпірәді. Енді не істеуіміз керек?
Елбасымыз Украинадағы жағдайдан кейін дереу солтүстіктегі облыстарға қазақтарды көбірек тартуға нұсқау берді. Үкіметтің арнаулы қаулысы шықты. Бағдарлама дайындалып жатыр. Білім және ғылым министрлігі қазақ жастарын солтүстіктегі оқу орындарына орналастыруға, оқытуға бағдарлама жасап, ол жүзеге асып та жатыр. Жақында Оңтүстік Қазақстаннан 1000 қыз бен жігітіміз солтүстікке оқуға аттанды. «Қазақ тіл» қоғамы да қарап отырмауымыз қажет. Рас, соңғы жылдары шылбырымызды қолдан босатып алдық. Өмірзақ аға (Айтбаев — Н.Ж.) бастап енді қайтадан атқа мінген. Жаңа әзірде айтылған шетелдегі қазақтардың шоғырланған жерлеріне орталықтар ашсақ… Олардың атажұртқа оралуына мұрындық болсақ… Әсіресе жастарды атажұртқа көбірек тартсақ, нұр үстіне нұр. Сөзімнің басында айтқан 5 миллион сырттағы қазақтан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Оларды біз қорғамағанда, біз іздемегенде кім іздейді, ағайын-ау?

Еуропа қазақ тілі маманына сусап тұр
Айтуған Адамқұлұлы, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы президентінің кеңесшісі:
— Өзім шетелде білім алып, шеттегі қазақ жастарының жай-күйімен етене танысып келгендіктен, сол жайттарды ортаға салмай, үнсіз қалуды жөн санамадым. Еуропадағы қазақ бауырларымыздың басты проблемалары — шеттегі қазақтарға қазақ тілінен дәріс беретін маманның жетіспеушілігі. Осы мәселеге қатысты біз, жастар, бұрын да бастама көтерген болатынбыз, алайда қолдау болмаған соң, аяқсыз қалды. Сондай-ақ, шетелде жүргенде менің байқағаным, қай елдегі қандастарымыз болмасын, тек орта буын өкілдері ғана қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал кейінгі толқындары ауызекі қатынас тіл ретінде көбінесе өздері өмір сүріп отырған елдің тілін қолданады, қазақшаға шорқақ. Мысалы, Германиядағы жастар немісше, Франциядағы жастар французша сөйлейді. Сондай-ақ, шет тілін игергенде бір нәрсеге ерекше зер салу маңызды, ана тілінің негізі мықты болу керек. Қаншама басқа тілді меңгерсе де, сонда ғана өз тілінің жанашыры боп қалады. Сонымен қатар өзге тілді қабылдау да жеңіл болады екен. Себебі басқа тілді игеру аударма арқылы келетін дүние ғой. Екінші мәселе — шетелдегі қазақ балаларының ана тілін меңгерулеріне жағдай жасау, қолдау көрсету. Олардың барлығын көшіріп әкелу мүмкін емес, алайда сол шеттегі қазақ балаларының ана тілдерінен ажырап қалуына жол бермеуіміз керек.
Әлемдік тәжірибе жұтылудан сақтайды
Нұрлан Асқаров, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты:
— Қазақ тілінің шетелдердегі өрісі туралы айтқанда, мынадай үш арнаны бөліп көрсетуге болады. Бірінші өріс – елімізбен іргелес елдердегі қазақтар мен алыс шетелдердегі қазақ диаспорасының тілі. Шетелдегі қазақтарды былайша екіге бөліп қарастыруымыздың мәні бар. Олардың барлығын бірдей диаспораға жатқызуға болмайды. Ресейдегі, Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы қазақтардың басым бөлігі өздерінің байырғы ата-бабасының жерінде мекендеп жатыр. Тарихтың таңдауы, тағдырдың жазуымен қандастарымыздың бір бөлігінің қызыл сызықтың сыртында қалуына тура келген. Сонымен, алыс-жақын шетелдерді тұтастай алғанда, қазіргі таңда шет мемлекеттерде қазақтардың үштен бірі, яғни бес миллионға жуық қазақ мекендеп жатыр. Мұның сыртында шетелге білім қуып, жан бағыс қамымен жұмыс істеуге аттанған қазақ азаматтарының да қарасы көбеюде. Олардың бірқатарының сол елдерде түпкілікті қоныстанып қалып жатқандары да бар. Мұны да назардан тыс қалдыруға болмайды.
Екінші өріс – шетелдерде қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері. Бұған Түркия, Америка, Ресей, Оңтүстік Корея, Германия, Польша т.б. елдердің университеттері жанынан ашылған қазақ тілі кафедралары мен зерттеу орталықтарында қазақ тілін үйреніп жүрген шетелдік азаматтарды мысалға келтіруге болады. Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарының кеңеюіне, елдің мол табиғи ресурстарын игерудің қарқын алуына байланысты шетелдердің елімізге деген қызығушылықтары артып отыр. Бұл үрдіс бұдан былай тіпті өрістей бермек.
Үшінші өріс – түркі тілдес елдер. Бүгінгі күні түркі әлемі 200 миллионнан аса адамнан асатын, ірі кеңістікті алып отыр. Венгрия қыпшақтары мен Болгария бұлғарлары да өздерінің түп-тамырларын осы түркі әлемінен тартып, болашақтарын бізбен байланыстырғысы келеді. Сондықтан бұл өрісті қазақ тілі мен елінің болашағы үшін келешегі мол бағыт деп есептеуге негіз бар. Бұл орайда елімізде құрылған Түркі академиясының атқарып жатқан істері және осы ұйымға жаңадан басшылыққа келген Дархан Қыдырәлінің қолға алған бастамалары зор үміт күттіреді.
Қазіргі таңда шетелдегі қазақтардың тілдік мәселесін сөз еткенде, Ресейдің тәжірибесін қолдануға болатын секілді. 2008 жылы Ресей Президентінің Жарлығымен Ресейдің шетелдегі орыс диаспорасымен және орыстілді әлеммен жұмыс жүргізуге арналған арнайы ресми ұйымы «Россотрудничество» федералдық агенттігі құрылған. Бұл ұйым әлемнің 80-нен астам елінде өкілдігін ашып, ол жерлерде орыстілді әлемнің күшеюіне қолдау көрсетіп отыр. Бірнеше мемлекеттік бағдарламаны, арнайы жобаларды іске асыруда. Солардың қатарында «Орыс тілі» федералдық бағдарламасы, орыстардың көші-қонына арналған «Отандастар» бағдарламасы, Шетелдіктердің Ресейге қысқа мерзімді таныстыру сапарларын ұйымдастыру бағдарламасы бар.
Бізде де осындай ұйым құрылатын болса, ол шетелдегі қандастарымызға қатысты жұмыс жүргізетін мемлекеттік, қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестірумен, арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысатын еді. Сонда жұмысты жүйелі түрде жүргізуге, мәселені кешенді түрде шешуге мүмкіндік туып, бұл атқарылған жұмыстардың тиімді әрі нәтижелі болуына жол ашар еді. Сондықтан Қазақстан Үкіметіне шетелдердегі отандастарымызбен қарым-қатынас жасайтын, оларға қолдау көрсететін арнайы ресми агенттік құруды ұсынамыз. Осы кезге дейін де Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабай да баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде құзырлы органның қажеттігін алға тартқан еді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қазақтар молырақ қоныстанған шет мемлекеттерде «Абай» үйлерін ашу туралы мәселені тұрақты көтеріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды тиісті мекемелермен бірлесе отырып, алдағы уақытта да жалғастыра беру керек. Қазіргі кезде Моңғолияның Баян Өлгей өңірінде, Қытайдың Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық университеті жанында Абай орталығы жұмыс істейді. Сол секілді Германияның Гумбольд университетінде қазақ тілі кафедрасы, Ереван мемлекеттік университетінде Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы, Баку мемлекеттік университетінде Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы, Ф.Достоевский атындағы Омск мемлекеттік университетінде Қазақ тілі мен мәдениет орталығы жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетте де қазақ тілін үйреніп жүрген поляк студенттері бар.
Осы тектес орталықтар шетелдегі қандастарымыздың бас қосатын, ана тілдерін үйренетін орны болуымен бірге, қазақ тілі мен мәдениетін өзге елдерге де насихаттауға, еліміздің имидждік саясатын жүргізуге, сөйтіп, мүдделес елдерде мәдени, экономикалық өрісін кеңейтуге де ықпал етер еді. Дипломатияның мұндай мәдени бағыттағы түрін әлемнің бірқатар дамыған елдері табысты қолдануда. Қытайдың Конфуций орталықтарын, Германияның «Гете» институтын, АҚШ-тың ЮСАИД ұйымын, Оңтүстік Кореяның, Жапонияның, Ұлыбританияның, Францияның, Испанияның осы тектес ұйымдарын алсақ, олардың қай-қайсысы да өздерінің мүдделерін ілгерілету мақсатында шетелдерде мәдени орталықтар желісін ашқан. Біз де осындай әлемдік тәжірибені тиімді пайдаланудан қашпауымыз керек.

Орталықтарды құру — елдігіміздің белгісі
Татенов Адамбек, физика-математика ғыл. докторы, профессор:
— Көтеріліп отырған мәселе — шетелдерде қазақ орталықтарын құру. Алайда бәрімізге белгілі болғандай, барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Егер тарихта жойылып кететін болса, еврей тілі жойылып кетер еді. Мемлекеті жоқ, ештеңесі жоқ кезде еврей тілі жойылмай-ақ бүгінгі күнге жетті. Аман-есен шыққан себебі, масон ұйымын құрды. Ол да біздегі «Қазақ тілі» қоғамы секілді қоғам еді. Олардың сол ұйымының тарихына көз жіберсек, жүздік, мыңдық деген жарғылары болды. Мысалы, біз қазір «Қазақ тілі» қоғамына жарғы төлемейміз. Ал қоғамға мүше 5 мың қазақ ай сайын 200 теңгеден жарғы жинайтын болсақ, ай сайын 1 миллион теңге түсіп отырар еді, сөйтіп, қаржы мәселесін де шешкен болар едік. Шетелде қазақ орталықтарын ашып, ол жерлерге қазақ тілінің мамандарын жіберу ісіне келер болсақ, Қаржы министрлігіне барып, бәрібір қаржы ала алмайсыз. Жарғы төлеу не үшін керек дейсіз ғой, біріншіден, әрбір қазақ азаматының жүрегінде еліне деген жанашырлық сезімі пайда болады. Ұлтқа деген сезім түзелсе, қоғам да түзеледі.
P.R: Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткізіп, жоғарыдағы пікірлерден шығарар қорытынды — шеттегі бауырларымызды елге түгелдей көшіріп әкелу мүмкіндігі болмаса да, олардың рухани-мәдени өмірлеріне жауапты екендігіміз. «Атамекенге оралыңдар!» — деп жар салып, шақырып алғанымызбен, оларға жәннат орнатып бермесек те, көші-қон, азаматтық беру секілді сан түрлі тосқауыл қойдық. Нәтижесінде, келген іздерімен кері кеткен көңілі күпті бауырларымыз қаншама?! Осы тектес мәселелерден бөлек, тіл жанашырлары бүгінгі дөңгелек үстел барысында билік өкілдеріне төмендегідей бірқатар ұсыныс талаптарын:
• Қазақстан Үкіметіне шетелдердегі отандастарымызбен қарым-қатынас жасайтын, оларға қолдау көрсететін арнайы ресми агенттік құруды;
• Қазақтар молырақ қоныстанған шет мемлекеттерде «Абай» үйлерін ашуды;
• Мемлекет тарапынан шетелдегі қазақтарды экономикалық-географиялық жағынан зерттеуге қолдау көрсетуді;
• Шеттегі қандастарымызға ақпараттық жәрдем көрсету, білім беру, қазақ тілі мамандарымен қамтамасыз ету мәселелерін қолға алу жөнінде арнайы үкіметтің қаулысын шығаруды;
• Шет мемлекеттерде қазақ мектептерінің жабылуы — онсыз да тілі шұбарланған сол елдердегі жас жеткіншектерімізді ана тілдерінен айырудың басты қауіпті көзі. Сол себептен шетелдегі қазақ мектептерінің жабылуына бей-жай қарамай, қандайда бір нақты шара қабылдауды ұсынды.

Суреттер авторы — бес аспап журналист Өркен Кенжебек.
jaqsy.kz сайтынан алынған

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста