Шекараны шегендеуді кейінге шегеруге болмайды!
• Біріншіден, өздеріңізге белгілі, посткеңестік кеңістікте шекараға қатысты дау-дамай мен кикілжіңдер қырғыз-өзбек, өзбек-тәжіктер арасында жиі көтеріліп отырады. Ал Украина үшін бұл мәселе қазір үлкен бас ауруына айналып отыр. Олар кезінде осы саладағы барлық құжатты көрші мемлекетпен мақұлдаспаған. Негізінен, шекараны делимитациялауды Киев билігі сәтті жүргізгенімен, ал демаркацияға келгенде, олар Мәскеуден үнемі қолдау таба алмаған. Мұндайда айтылған сылтау көп. Соның бірі – бауырлас халыққа шекара бағанасы қосымша кедергі келтіреді деген сөз болған. Шындығында Ресей Украинамен арадағы шекараны бекітуге мүлде құлықсыз еді. Қазір де солай. Сондықтан қайтадан көтерілген бұл мәселеде бүгіндері Мәскеу ақылға сыймайтын түрлі себептер ұсынып, Украинаның қытығына тиюде. Мысалы, жуырда Украинадағы РФ елшісі шекаралық аумақты сол ауданда тұратын халықтың таңдауына қарай белгілеу керектігін ұсынған, яғни, халық Украинамен бе, әлде Ресеймен тұрғысы келе ме, өзі шешсін деп онсыз да мұнда кең қанат жая бастаған тұрақсыздық отын үрлей түскен. Ал өз кезегінде Украина шекарасын, керек болса, Қытай секілді қорғанмен біржақты бекітіп алғысы кеп жатыр. Ресей Думасындағылар болса, біржақты шекараны белгілеу заңсыздық деп тулап бағуда. Осы жағынан алғанда, Украинадағы жағдай шекараға қатысты титтей күпті мәселенің саяси ойынның басты құралына айнала алатындығын көрсетіп беріп отыр.
• Екіншіден, Қырымдағы референдумнан соң осы жағдай Қазақстанда да қайталану ықтималдылығын ескерткен ресейлік саясаткерлердің жиі мәлімдемесі халықтың қатты алаңдаушылығын туғызғаны белгілі. Сандырақтады десек те санасында жүрген теріс ойын айтқандардың бірі Хакасия Жоғары Кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашев Шығыс Қазақстан облысын Ресейге қосып алуға мүмкіндік барын мәлімдеді және оның жолы арада демаркацияланбай жатқан шекаралық аумақ екенін ашықтан ашық меңзеген еді. Кейін сөзінен жалтарып кеткен Штыгашевтің сол кезде айтқанына сөзбе-сөз тоқталсақ: «ТМД елдері аясында демаркация жасауға онша құлық танытылмады. Неге? Өйткені жергілікті халық бұрынғы аумақты жаңғыртқысы келетін уақыты болуы мүмкін деп күтілді...»
Міне, осындай қоғамға үрей туғызатын, тәуелсіздігімізге селкеу түсіретін мәлімдемелер жасалып жатқанда-ақ бізге тез іс-қимылға көшу керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес.
• Үшіншіден, құзіреті қарапайым халық үшін әлі де нақты емес Ресейдің әскери полициясының Қазақстан территориясына енуі де белгілі бір деңгейде қоғамдағы қорқынышты зорайтқан. Ал қауіп күткен жағдайда қос елдің мызғымас достығы туралы мемлекетаралық деңгейдегі кез келген игі шара жоққа шығатындығы белгілі. Бұған да жол бермеу үшін шекараның бағанасына қатысты мәселені дереу қолға алу керек деп ойлаймыз.
• Төртіншіден, қазір Украинадан бас сауғалап қашып жатқан халық көп. Оның басым бөлігін Ресей Федерациясы қабылдап жатыр. Бірақ Ресей арқылы біздің шекарадан украиндықтардың заңсыз өтпекші болғандығы туралы фактілер де бар. Ал бей-берекетсіздік орнап жатқан мемлекеттен қашқандар белгілі бір деңгейде түрлі қауіпті тасымалдаушы боп табылатындығын да ұмытпалық: қару-жарақтан бастап түрлі ауруға дейін. Сондықтан бұл аумаққа шекара бағанын бекітіп, тергеу-тексеру бекеттерін орнату маңызды деп санаймыз.
• Бесіншіден, «Көршіңмен тату бол» деген қағидаға қанша жерден жүгінсек-тағы, барлық саусақ бірдей емес секілді қатар қоныстанған көрші үйлердің, шаруа қожалықтарының арасында қандай да бір келіспеушіліктер туып кету тәуекелі жоғары. Мұндай мәселе шешімінде де шекара бағанының болуы үлкен рөл атқарады деп есептейміз.
Міне, осы аталған себептерді негізге ала отырып, «Алаш айнасы» басылымы жоспарға сай 2015 жылды күтпей, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында құжатпен белгіленіп, халықаралық шартпен мақұлданған сызықтар деңгейіне бағана қою мәселесін бүгін дереу арада қолға алуларыңызды сұрайды.