Қиянат немесе… Соғыста жүріп сотталған қазақтар

Жақында Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағаты «Жазықсыз жазаланғандар» деген жинақ кітап шығарды. Онда аты аңғартып тұрғандай, кешегі кеңестік тоталитарлық заманда солақай әрі асыра сілтеудің салдарынан, 1937-1938 жылдардағы әдейі ұйымдастырылған саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған адамдар жайында көптеген мұрағат деректері келтірілген.


Мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған бұл сүргін Әулиеата өңірін де әрине, айналып өтпеген.
Қазақта «Ұмытшақтық – ұлтқа сор» деген сөз бар. Сол бір қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімін ұмытпау – баршаның борышы. Тарихи сана мен өмірлік тағлым үшін аса қажет.
Біз осы арада қаламгер әріптесіміз Мақұлбек Рысдәулеттің соңғы жылдары мұрағатта шаң басқан, әбден сарғайған, бар сырды ішіне түйген бума-бума қағаздарды көз майын тауыса аударыстырып, мән-мағыналы жинақтарды бірінен соң бірін жарыққа шығарып жүрген еңбегін ерекше атап айтқымыз келеді.
Түйіні сол, қазір қолымызға тиген «Жазықсыз жазаланғандар» кітабын оқысаңыз, солақай саясаттың құрбаны болған азаматтар тағдырының соншалықты аянышты әрі өкінішті болғанын анық аңғарасыз. Олардың арасында есімдері көпке белгілі-белгісіз адамдар аз емес.

 Солардың бірі – Түймебай Әшімбаев. Ол – өте белгілі адам. Жамбыл облыстық мұрағатында сақталған бірсыпыра партиялық құжаттар негізінде «Ол ұлт саясатын сынап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтап, қазақ халқын қырғынға ұшыратқан колхоздастыру құрылымын айыптаған» деген қорытынды жасалған. Жазықсыз жапа шеккен жанды кейінірек ақтау кезінде әзірленген құжаттар ыңғайы осылай болған сияқты.
Ал, шын мәнінде көрнекті академик – ғалым Түймебай Әшімбаевтың тар жол, тайғақ кешу жайы басқалай.
Біз 2005 жылы осы ел ағасы болған кісі туралы, оның 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында жүріп, қандай себептермен жазаға тартылып, кінәсіз сотталғанын және қалай ақталғанын балалары мен туыстарының ұсынған түпкі және айқын мәліметтері бойынша журналистік зерттеу жүргізіп, көлемді мақала жазған болатынбыз.
Бүгін оқырмандар назарына «ойды ой қозғайды» демекші, атақты ғалым, ірі қоғам қайраткері Т.Әшімбаевтың басынан кешкен тағдырлы кезеңін, оның өмірлік, азаматтық ұстанымын ел-жұрты біле жүрсін, әрі ұмытпайтын ұрпаққа керек болар деген ниетпен осы мақаланы ұсынуды жөн көрдік.

 Сұрағы көп соғыс. Біз Ұлы Отан соғысының тарихынан «қаһармандықтың үлгісін көрсетті», «асқан ерлікпен қаза тапты», «хабар-ошарсыз кетті», «жау қолына тұтқынға түсіпті» деген әңгімелерді естіп жүрміз. Ал енді майданда әскери газет шығарып жүріп қайдағы бір «контрреволюцияшыл», «теріс пиғылдағы ұлтшыл» деген саяси айып тағылған, сотталып кеткен қазақ жауынгерлерін білеміз бе?
Бұл жайында қазақ баспасөз беттерінде жазылған ба, жоқ па, сол жағын білмек үшін әскери тарихшы Ким Серікбаевтан көзбе-көз сұрағанымызда: «Естімеппін, апыр-ай, сондай да оқиға болған ба?» деп қайран қалды. Ұлы Отан соғысында өзінің басынан кешкендерін қаншама жылдан бері қопарып жазса да әлі де тауысып үлгере алмай келе жатқан майдангер-қаламгер Әзілхан Нұршайықов: «Бұл сұрапыл соғыс сұрағы көп соғыс болды. Сондықтан да әлі белгісіз, құпия сақталып келе жатқан ақтаңдақтары болуы мүмкін. Ал, сендер айтып отырған мына жайт мені қайран қалдырып отыр. Сол тағдырлы уақыттың бір куәгері күні кешеге дейін біздің арамызда жүрген атақты ғалым адам екені тосын болып шықты» деп өзіне тән мінезімен ұзақ ойға шомған-ды. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан жазушы Қалмұқан Исабаев көпшіліктің есінде жүрген бір шындықтың ұшын қолымызға ұстатқандай болды. «Дихан Әбілев аталарыңның «Майданбек» деген поэма жазып, сотталып кете жаздағаны бар» деп аяғы жеңіл ағамыз ұқыпты қалпынан таймай, Мәлік Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым» деген кітабын редакцияға әкеп те берді. «Мә, оқыңдар, – деді. – Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің естелік кітабының ішінде «Қуанышпен аяқталған қорқыныш» деген әңгіме бар. Сол шығарма ақын Әбілевтің тағдыры тәлкекке түсе жаздаған өмірі мен қыл үстінде тұрған сәтін суреттеп, толық баяндайды».
Солай… 1943 жылдың маусым айы. Калинин майданы. Қазақ жауынгерлері «Аттан, жауға қарсы» майдандық газеттің бетінен Д. Әбілевтің «Майданбек» поэмасын қызыға, құмарта оқиды. Бірақ бұл дастан бәріне бірдей ұнай бермейді. Әсіресе, бастықтарға… Олар шұғыл арада жоғары жаққа хат жазып, саяси айып тағады. «Біз немістерді қыр да жой, өлтір оны! – деп жазсақ, ақын Әбілев өзінің поэмасында басқаша ой айтады, адам адамды қалай өлтіреді, неге өлтіреді, олай етпеу керек дегендей пікір білдіреді. Мұндай ой бізге жат, саяси теріс және ондай пікірді біздің жауды жеңуімізге көмектескісі келген ақын айтпайды, қайта майданда жүрген жауынгерлер арасына іріткі салғысы келетін адам айтады. Әбілев, міне, осындай жат, сенімсіз адам. Сондықтан Әбілевке қатты жаза қолдану керек» депті. Әлгі қазақ газетінің қызметкерлері де қыспаққа түседі. Араларыңа кіріп кеткен адамның сенімсіз екенін, поэмасы жат екенін жасырып келгенсіңдер деп қысымға алады. Бұл мұнымен бітпейді. Әңгіменің үлкені алда дегенді ескертеді.
Бұл сөздер кімнің жанына болсын қатты батады. Әр сөз – атылған оқ сияқты. Қайда барарын, жай-күйін кімге айтарын білмей дал болып отырғанында араша сұрап Мәлік Ғабдуллинге барады. Абыройы асқан батыр, әрбір сөздің мәйегін терең де жақсы білетін азамат әскери бастықтарға Әбілевтің поэмасы құнды және майданда соғысып жатқан жауынгерлерге қажетті шығарма деп түсіндіреді. Соғыста ерлік жасап жүрген қазақ жігіттерінің ерлігін суреттейтін және баспа жүзіне шыққан поэма бізде жоқ. Сондықтан да асығыс қорытынды жасауға болмайды. Әбілев поэмасын өңдеп, баспаға дайындасын деген пәтуамен бұл ушығып тұрған оқиғаға нүкте қояды. Ақынды төніп тұрған пәле-жаладан зор беделінің арқасында аман алып қалады.
Ал, біз сөз еткелі отырған «Бір майдандық газеттің мәселесі» 1945 жылы 6 қарашада мүлдем күтпеген жағдайға тап болады. Ертең бәрімізге бақыт әкелген Қазан төңкерісінің, Ұлы Жеңістің шексіз қуанышымен бірге қарсы аламыз деп жақын адамдарымен, дос-жарандарымен арқа-жарқа болып отырған үш қазақ офицері аяқ астынан тұтқындалады.
Қалайша солай болған? Оның себебі неде? Сенгің келмейтін сияқты…
«Майдандағы қазақтар» және «Отанды қорғауда» газеті.1941 жылдың күзінде немістер Ленинград қаласына кіруге жанталаса шайқасқаны белгілі. Орыстың ұлы қаласы жау қоршауында қалса да біздің жауынгерлер ақтық демі таусылғанша алпарысып, жан алысып, жан берісіп соғысады. Әсіресе, сол кезеңде қазақстандық жауынгерлер, оның ішінде қазақ солдаттары мен офицерлерінің ерліктері мен өжеттіліктері күн сайын жазылып, күн сайын радиодан беріліп жатады. Ұлы жырау Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атақты өлеңі бүкіл кеңес солдаттарына қуат беретін ұранға айналады. Қазақ жерінен соғысқа аттанған жауынгерлердің көп бөлігі осы қоршауда қалған елді құтқару үшін үсті-үстіне жөнелтіліп жатады. Қалада аштықтың ең ұлғайған кезінде, 1942 жылдың қаңтар айында Қазақстаннан 134 вагон азық-түлік жеткізіледі.
Ел басына күн туғанда осы жақындық пен бауырмалдыққа, қасықтай қаны қалғанша ұлы қаланы қорғауға қатысқан қазақ жауынгерлеріне деген жаңа көзқарас туындайды. Оларға қатысты ойлары мен іс-шаралары қолға алынады. Солардың бірі – қазақ тілінде газет шығару мәселесі. Бұл жөнінде Ленинград әскери майдандық кеңесі Қызыл Армияның Жоғарғы саяси басқармасына ұсыныс жасайды. Қазақтардың Ленинград майданында ерекше ерлікпен соғысып жүргенін, олардың арасында үгіт-насихат жұмысын жақсарту қажеттігін, әсіресе, егде тартқан қазақ жауынгерлерінің орысша білмейтіндігін ескеріп, қазақ тілінде аптасына екі-үш рет жарық көретін газет шығару жөн дегенді айтады. Ол жоғары басшылық тарапынан қолдау табады. Сөйтіп, тарихы сонау 1920 жылдан бастау алатын «На страже Родины» газетінің қазақ тіліндегі сыңарын шығару үшін ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Ең басты қиындық – газет жұмысынан хабардар, қазақ және орыс тілдерінде еркін аударма жасай білетін қызметкерлерді табу еді. Қазақ әрпінің терімдерін жасау да оңайға түспейді. Қол қысқа, уақыт тығыз. Сол арада Ленинград әскери-саяси училищесінде оқып жүрген қазақ курсанттарының ішінде қабілетті жастарын іріктеп, таңдап, шақырады. Сынақтан мүдірмей өткен үш сарбазды қолқалап, редакция жұмысына жегеді. Олар үшін газет шығару өздеріне беймәлім жұмыс, бірақ жазу-сызу қолдарынан келеді. Білмегендерін үйренеді. Ерекше бір құштарлықпен кіріседі. Үш жігіт деп отырғанымыз мыналар еді. Соғысқа дейін Ленинград қаржы-экономикалық институтының 3 курс студенті, 22 жастағы Түймебай Әшімбаев, 1942 жылы ақпан айында әскерге шақырылған ауыл мұғалімі, рота политругінің орынбасары 20 жастағы Бисен Жұмағалиев және сол кездің өзінде-ақ 100 немістің көзін жойған мерген Ақмұқан Сыздықбеков еді. Үшеуі де соғыс аяқталғанға шейін және одан кейін де сол өздері іргесін қалаған газет редакциясында қызмет істейді. Бірақ соғыс бітіп, елге ораламыз деп жүрген кезінде редакция қызметкерлерінің өмірі бір күнде аспаннан жай түскендей астан-кестең болады.
Оқиғаның өрбуін рет-ретімен айтып отырайық.
Бисен Жұмағалиевтің естелігінен:
– Үшеуміз майданның қазақ газетін шығару үшін іріктеліп алыныппыз. Таныстық. Түймебай – аудармашы, Ақмұқан – тілші, мен әдеби қызметкер әрі корректормын. Редакторымыз әлі жоқ. Газетіміздің бірінші нөмерін 1942 жылдың 7 қарашасында шығару тапсырылды. Байқасақ, 5 күн қалыпты.
Ең алдымен, газеттің «На страже Родины» деген атын қазақшалаудың өзі оңайға түспеді. Үшеуімізден басқа ақылдасатын айналамызда ешкім жоқ. Орысшаға шорқақ Ақмұқан екеуміз «страже» деген «сторож» емес пе, күзетші десе қалай десек, Түймебай: «Сендер саяз ойлап отырсыңдар, ауылдарыңдағы қойманың күзетшісінен аулақ кете алмадыңдар» деп қойды да, – Шынында да тіке аударсақ «На страже Родины» «Отан күзетінде» болып шыға келеді. Соғыс басталғанға дейін солай атаса дөп болатындай еді. Бірақ қазір соғыс жүріп жатқанда біз Отан күзетіп отырған жоқпыз, Отанды қорғап жүрміз. Сондықтан біздің газеттің аты «Отанды қорғауда» болады деп бірақ айтты. Байқасақ, ол біз сияқты үстіртін емес, тереңірек ойлайды екен».
Күткендей-ақ, жаңа газет 1942 жылы 6 қарашада шығады. Оған редактордың орынбасары Абдолла Мадалиев қол қояды. Жасы қырықтан асқан азамат, Алматы обкомының жауапты қызметкері болған, Ленинградта жоғары партия мектебінде оқып жүргенінде әскер қатарына шақырылған. Өзі қолына қалам алып бір сөз жазбаса да байыпты, салмақты адам екен. Газет жұмысынан бейхабар болса да өз қарамағындағы үш жігіттің елгезектігі мен біліміне арқа сүйеп, қызмет істейді. Ол 1943 жылдың көктемінде кетіп, оның міндетін Т. Әшімбаев атқарады. Жаздың ортасынан бастап Саратовтағы Чернышевский атындағы университетті бітірген, Астрахань облысының тумасы, майор Кәрім Усманов деген жігіт газетке жетекшілік жасайды. Тілшілер қатарына Қазақстанның Совхоздар министрлігінің жоспарлау-экономика басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған Асылхан Тұрғанов деген жігіт келіп қосылады. Басылымның алғашқы нөмірінің бірінші бетіне «Қазақ жауынгерлері, неміс арамдарын аямай жой!» деген тақырып аршынды әріптермен теріліп беріледі. Қызыл әскер Төлеген Махутовтың «Қазақстан маған үлкен күш» деген мақаласындағы түсінік пен мазмұн, сөйлеу стилі барша қазақ жауынгерлеріне тән болып естілген. Ол былай деп хат жазады: «Мені әскерге шығарып салып, ұлым мен әйелімнің «сен бізді ұмытып, есіңнен шығарып, өкпелетпе, Төлеген!» дегені менің әр уақытта есімде. Бірақ мен 5 жастағы Құбайды қолынан алып, көтеріп кеудеме қысып, мынаны айттым: үйде қал, менің батырым, Құбайым, өс, үлкен, күшті бол! Қымбатты әйеліме: сенің ерің еш уақытта қоян жүрек болмайды, сен бұл жөнінде маған сен, – дедім».
Бұл сөз бен ой әрбір солдаттың болаттай берік серті сияқты болып естіледі. Сол Төлеген қазір қайда, тірі ме екен? Баласы Құбай ше? Бар болса, бәрі де осы сарғайған газет бетіндегі арман-тілегіне сағынышпен, қуанышпен ортақтасып жатқан болар.
Біздің алдымызда қазір Т.Әшімбаевтың жеке мұрағатынан алынған «Отанды қорғауда» газетінің 1942 жылғы 6 қарашадан 1944 жылдың 30 желтоқсанға дейінгі барлық нөмірі жатыр. Тікпесі өте мұқият жасалған, шашау шықпаған қалпында. Ал, жарияланған жүздеген мақалалар мен фотосуреттерде негізінен қазақ жауынгерлері мен сарбаздарының ерліктері ерекше айтылған. Сол мақалалардан ұшырасқан фотосуреттер мен әңгімеленген жауынгерлердің тағдырын, олардың кімдер екенін анық біле бермейміз. Бірсыпыра жауынгерлердің ерлігі мен есімін еске алу үшін аты-жөнін атап өтсек: аға сержант Сәрсенбай Рүстембеков, 17 жастағы қызыл әскер Болатбек Иткереев, ағайынды үшеу – Құлымбет, Ибрайым және Нұрымбет, офицерлер Кәрібжан Ахметшиев, Ислам Намазбаев, Саид Жылқышиев, барлаушы Ибат Құбашев, құралайды көзге атқан мерген Шыныбеков (170 немістің көзін жойған), Кеңес Одағының Батырлары Сұлтан Баймағанбетов пен Абылай Әлімбетов, пулеметші Мәтіш Бүркітов, Сәңгерей Мұхамедияров, Әмірбек Ілиясов, Зейнолла Көкібаев, Күйкен Смағұлов, Кәрімбай Назаров, Тасым Омаров, Тоқсанбай Сейтенов, Таубай Серғазиев, Қашубай Дабылов және басқалардың көрсеткен ерліктері, әртүрлі жағдайдағы көзсіз батырлығы жазылған. Газет беттерінен «Өлтірмесең жауызды, келтірмейсің жеңісті. Жауынгер, сен үшін ешкім де өлтірмейді немісті» немесе «Жексұрын неміс құзғындарының басына оқ жаудырып, қыра беріңдер» деген сипаттағы тақырып та сол кезеңнің идеясына сай болған. Мына бір мақаланы оқып отырып жүрек тебіренеді екен. Газеттің 1943 жылғы 30 наурыздағы нөмірінде Жамбыл облысындағы Көктерек ауданы, Ақбұлым ауылында тұратын 78 жастағы Әшім Ибраев өзінің 48 немересін соғысқа аттандырып салғаны туралы хабар берілген. Бір әулеттен осыншама адам соғысқа қатысқан! Ал, газеттің 29 маусымдағы санында қызыл әскер Оралбай Шәйбеков өзінің екі ұлы Дүйсебай және Дулатбекпен бір пулемет расчетында соғысып жүргені жазылып, суреттері қоса басылған. Іздей берсең, небір құнды мәліметтерді кездестіресің. Бұл өз алдына бөлек тақырып.
Сонымен соғыс кезінде тоғыз майданда қазақ тілінде әскери газеттер шығып тұрған. Олардың басқалары туралы қайдам, Б. Жұмағалиевтің естелігінде келтіргеніндей, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің шолуында «Отанды қорғауда» газеті туралы оң баға беріледі. «Қаламының желі, сөздерінің уыты, ыстық лебізі бар Т. Әшімбаев, Б. Жұмағалиев, А. Сыздықбеков сияқты қызметкерлері бар» деп жазады. Сол жылдары осы үш офицер тілшінің әрқайсысы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатта-лады. 1944 жылдың күзінде Түймебай Әшімбаев майдандық саяси басқарманың шешімімен Алматыға жол сапармен барып қайтады. Республиканың басшылары А. Скворцев, Ж. Шаяхметов, Ә. Қазақбаев және Н. Оңдасыновтың қабылдауында болады.
Қызу құштарлықпен, үлкен ерік-жігермен және әскери тапсырмаға сәйкес, «Отанды қорғауда» газеті уақытында шығып тұрады. Басылым өз міндетін орындайды. Жауынгерлерді рухтандыратын идеялық ұстанымынан еш танбай қызмет етеді.
Жазықсыз жазаланғандар. Өмірде не болмайды? Адалдықты арамдыққа бұру, әділеттікті теріс пиғылға бағалау, өз ішінен жау іздеген, қиянатқа жуыстау болып жүретін саясат пен сол асыра сілтеуді жүзеге асыратын адамдар соғыс кезінде де болған екен. Бұл қазір айтуға ғана оңай. Ел мен қоғам үшін, Отан қорғау үшін ар-ұятыммен қан кештім, қызмет еттім деп жүрген адамдардың бір-ақ күнде сорын қайнатып, қорлау, зорлау әрекеттері жігер жасытып қоймай, өлімге де қиып жіберетіні белгілі.
Бисен Жұмағалиевтің естелігінен:
– Соғыс та бітті. Жеңіске жетіп, төбеміз көкке көтеріліп, мәре-сәреміз. Газетіміз әлі шығып тұр. Алдымен Ақмұқан елге демалысқа кетті. Ақыраптың ортасында маған да демалыс берілді.
Демалыстан келген кеште редакцияда жалғыз А.Бақабаев қана отыр. Түймебай, Ақмұқан, Кәрім ол кезде пәтер алып, сонда тұратын. Редакция бөлмесінде Асылхан үшеуміз жататынбыз. Аманшылық сұрасты-рам, селқос жауап қайтарады. Ашып ештеңе айтпайды.
Тынышсыздау ұйықтап, ертерек тұрып Ақмұқанға бардым. «Ой, сұмдық болды ғой» деп күрсініп біраз отырып, Кәрім, Түймебай, Асылхан үшеуі тұтқында жатқанын айтты. Көзіне жас іркіліп, тамағын қырнай берді. Мен есімнен танып қалдым. Сөйтіп отырғанда есік қағылды. Таныс капитан Фельд кіріп келді де, амандық-саулық жоқ, Ақмұқанды алып кетті. Жаңағы капитан Фельд А. Бақабаев пайда болғаннан кейін редакциямызға келе беретін болды. Өзін майдан саяси басқармасында істеймін деп таныстырды. Бұрын көрмеген бейтаныс. Өте жылпос, иненің көзінен өтетіннің өзі. Оның жансыз екенін кейін аңғардық.
Осы естелікте айтылғандай, ертеңінде Ақмұқан редакцияға келеді. Өңі күңгірт тартқан, әншейінде ақ жарқын батыр жігіт тығылып, үндемейді. Сұрау да ыңғайсыз. Ақмұқан кеткен соң А. Бақабаев «Отанды қорғауда» газетінің бір нөмірін ашып көрсетіп, «осы үшін» дейді. Мәселен мынада: газеттің 1945 жылғы 31 қазан күнгі нөмерінде БК (б)П Орталық комитетінің КСРО Жер халық комиссары Андрей Андреевич Андреев жолдастың 50 жасқа толуына байланысты құттықтауы беріледі. Сол мәтінде Андрей деген аты «Аднрей» деп жазылып, екі әрпі ауысып кеткен. Бұл техникалық қате. Алайда бұл жайт іздегенге сұраған демекші, сыныққа сылтау ғана болған. Жоқ жерден дау шығады. Саяси қырағылығын әлсіреткен деген айып тағылады. Ол әлдекімдерге аздық еткен бе, бұл саяси қатеге саналып, әскери тілшілер үшін Отанын сатқанмен бірдей болып шығады. Адамдар арасынан жау табады. Халық жауының нақ өзі осылар деп… Арыстай үш жігітті Ленинград әскери округінің әскери трибуналы 1946 жылы 19 қаңтардағы үкімі бойынша әйгілі «58-баппен» соттайды. Редактордың орынбасары Кәрім Усманов 8 жылға, Түймебай Әшімбаев пен Асылхан Тұрғанов 6 жылға жазаға кесіледі.
Әрине, қасаң саясат қалтыратқан уақытта өтірік жала жабылған, саяси айып тағылған, партиядан шығарылып, сотталғалы тұрған адал адам не айтпақ? Т. Әшімбаев өз ғұмырбаянында дәл осы бір жүрек сыздатып, ми шайқатар тұсқа келгенде бәрін де ашық жазып, бірақ «Менің жүрегім де, азаматтық ар-ұятым да мұндай айыпты көтермейді» деп айтқанын еске салады. Бірақ амал бар ма, екі әріптің әуресі ме, әлде жау іздеудің әлегі ме, әйтеуір қиянат бұл үш азаматтың тағдырына қасақана тап келген. Әлгі екі әріптің қатесі өз ішінен жау іздеген әлдекімдердің ойындағы арамдығын тездетіп жіберуге ғана сылтау болған сықылды. Әйтпесе, үрей мен қорқыныш туғызатын баппен соттау, «Совет өкіметінің идеясына қарсы үгіт-насихат жүргізіп, залал келтірген. Қазақ ұлтшылдығын қоздырған» деген сияқты аса қатерлі айып тағу екі әріптің қатесімен туындап отырған жоқ. Ол кезде бірақ, қарсы тұруға қайран бар ма? Жалған куәға жаныңдағы адамдарды жалдайды. Бұл жолы да солай болған. Кеңес өкіметінің заңы қанша жерден әділетті десеңіз де, өз ішінен жау іздеуге келгенде заңды белден басып, үстемдіктің үрейлі әрекетін ақтау үшін адамдарды құрбан ету түкке тұрмайтыны белгілі еді.
Наталья Түймебайқызы Әшімбаеваның естелігінен (1944 жылы туған, Санкт-Петербургтің тұрғыны):
– Менің әкем Т. Әшімбаевтың тағдыры өзі өмір сүрген уақытпен тығыз байланысты болды. Ұлы Отан соғысына қатысты сіңірген еңбегі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен атап өтілді. Бұл мәліметтер барлық жерде жазылып жүр. Оның мыңдаған замандастары секілді сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 6 жыл өмірін лагерьде өткізгені одан де бетер шындық. Алайда, Әшімбаевтың өмірбаяны туралы жазылған басылымдарда бұл жөнінде ешнәрсе айтылмайды. 60 жылдардың соңында, одан кейін 70-80 жылдары қоғамның ресми өмірінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы айтуды партиялық жүйе қаламайтын болды. Т. Әшімбаевтың тағдырына сол кезде барлық халыққа тән жалпы қиындықтар мен ауыртпалықтар тән. Менің әкем бір түнде ұсталып, қып-қызыл жаламен сотталып кетті. 1946 жылы 19 қаңтарда ауыр үкімді естіп тұрып, досы Ақмұқаннан анама беріп жіберген хатында. «Менің ешқандай кінәм жоқ. Бір жылдан соң бостандыққа шығатыныма сенемін», деп жазған екен. Жоқ, ол түрмеде 6 жыл отырып шықты. Азапты да, тозақты да көрді. Әкемнің одан кейінгі өмірі нағыз ер, төзімді, алғыр, белсенді ғалым азаматтың өнегесі болып көрінгенін мақтан етемін».
Лагерьдің азабына шыдай алмай, жадап-жүдеп жүріп Кәрім мен Асылханның өмірі қыршыннан қиылады. Жойқын соғыстан аман шыққан ол екеуінің обалы кімге қалады? Тергеу материалдарында қазақтың әскери тілшілерін «ұлтшыл» деп, Қазақстанды, соғысып жүрген қазақтарды асыра мақтайсыңдар деп жала жауып, сірә, азаптауға бола ма? Қазақ тілінде шыққан газет қазақтар, қазақ жауынгерлерінің ерлігі туралы жазбағанда, басқа кімді жазбақ? Қазақстандағы колхоз құрылысын сынайсыңдар, республиканы неге басқа ұлт адамы басқарады деп айтасыңдар, қуғын-сүргінге ұшыраған халық жауларын, оның ішінде Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Исаевты және басқаларды мақтап әңгіме жүргізесіңдер деген сияқты ойдан құрастырылған айыптаулардың бәрі де «ұлтшылдыққа» телініп, саяси астармен соттауға жалған дәлелдер жүрген. Т. Әшімбаевтың 1956 жылы КСРО Бас прокурорына жазған өтініш хатында: «Бір майдангер қазақтың Сталинге Қазақстанда ұлтшылдықтың ұясы бар, соны талқандау керек» деп аты-жөнін көрсетпей жазған арыз-шағымының бар ауыртпалығын өздеріне әдейі, қасақана жүктеген әрекеттерінің шындыққа сай келмейтінін барынша, жеріне жеткізе жазыпты. Бұл саяси қуғын-сүргін «На страже Родины» газетінің редакторы, полковник М. И. Гордонды да айналып өтпей, іздеп тауыпты. 1951 жылы атышулы «Ленинград ісі» пайда болып, кезінде Ленинградтың басшылары болған адамдарды соттап, ату жазасына кесіп жібергені белгілі. Олардың сыбайластары деп көп адам ұсталады. КОКП Орталық комитетінің хатшысы А. Кузнецовқа жақындау болдың деп М. И. Гордонды 10 жылға соттайды. Ол түрмеде 3 жылдан астам уақыт отырып, тек 1954 жылы ақталады. Бұл соғыстың лаңы емес, турасында саясаттың лаңы демеске лажың жоқ. Осы тұста тағы бір аса қиын сын кезеңде адамдардың азаматтығының жарқырап көрінетін бір сәтін айтқымыз келеді. 1956 жылы Бисен Жұмағалиев Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бола жүріп Т. Әшімбаевтың партиялығын қайтып алу үшін өзінің үлкен лауазымын қызғыштай қорғамай, досын қорғап, жоғары жаққа хат жазады. Аққа кір жұқпайды, саясаттың жылымық кезінде, 1957 жылы Т. Әшімбаев толық ақталып, өзінің партбилетін қайтып алады.
Бірақ жүректе зіл қалды. 1918 жылы 20 мамырда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жаңақоғам ауылында дүниеге келіп, жастайынан білім қуған Түймебай Әшімбаевтың осы көрген қиянаты өз жеке ғұмырының бір ауыр кезеңі. Қаншама қорлық көрсе де соны көзі тірісінде пұлдап, алға тартып, тізе бүккен кезі жоқ. Іші әлем-жәлем, өзек өртер өкініш, еңсегей иығын уайым басып тұрса да, қайрат жинап, титтей сыр ашпаған. Қан майданды басынан кешкен ол тоталитарлық жүйенің тепкісін көрсе де, ол заманға ренжіп тас лақтырған жоқ. Түрмеден қаншама қасірет шегіп, жүйкесіне тисе де шексіз күш-қабілетінің, ерекше ерік-жігерінің, талантының арқасында академик дәрежесіне дейін көтерілгені аңызға бергісіз әңгіме. Адамды қиындық шыңдайды деген сөз рас болар. Оны біз Түймебай ағаның өмірінен көреміз. Мінезі қорғасындай орнықты, өзі қалап алған кәсіпке шынайы берілген оның Қазақстан ғалымдарының шоғырында алар орны биік, құрметі де мол болды. Қырық жылға жуық Ұлттық ғылым академиясының Экономика институтында қызмет істеп, оның 15 жылында осы ғылыми мекемені басқарды. Күрделі экономикалық тақырыптарда тың да іргелі зерттеулер жүргізіп, экономика ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, республикамызға еңбек сіңірген қайраткер атанды. Бала-шағасы, өсірген ұрпағы, отбасының бақытына кенелді.
Жүрекке түскен ауыртпалықтан 1995 жылы 77 жасында дүние салған бұл абыройлы да тұлғалы азаматтың сонау 1945 жылдары жалған айыптаулар мен түрменің тар қапасында азап шеккенін тұстастары мен замандастары да көп біле бермейтін. Адал досы Бисен Жұмағалиев болса, обком хатшысы қызметіне дейін көтерілді. Ақмұқан да өзі туған Баянауыл өңірінде абыройлы қызмет атқарды.
Иә, бір өмір, бір оқиға, бір тағдыр солай болған…
* * *
Асылы, артына өшпес із қалдырған адамның ісі ел есінде сақталады. Ұрпақтары қадір-қасиетіне жете алса, ондай жандарды өздеріне үлгі тұтып, мақтан етеді. Себебі, барды бағалай білген де елдіктің белгісі. Бұл күндері Шу ауданы, Далақайнар ауылындағы білім ордасы – орта мектеп академик Түймебай Әшімбаевтың есімімен аталады. Ағайынды қоңыр қаздай қанат қаққан оның туған бауыры Тұтқабай Әшімбаев та республикамызға кеңінен танылған қайраткер болды. Ол кісі кезінде обкомның бірінші хатшысы қызметін атқарып, Қазақ республикалық кәсіподақтар ұйымын басқарды.
 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның
еңбек сіңірген
қайраткері


akjolgazet.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста