Жақында «Абай» порталында Қостанай қаласының 135 жылдық тойындағы ұлтымызға жат қылықтардың орын алғандығы туралы жазылған еді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен қадір-қасиеттеріміздің аяққа тапталып жатқанын көру бізге үйреншікті жағдай болып қалған сияқты. Сондай жағдай біздің Степногорск қаламызда да орын алып отыр. Қыркүйек айының 12-13 күндері Степногорск қаласының 50 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай қалада қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қаланың көптен бері жөндеу көрмеген жолдары жөнделіп, қаламыздың көркі кіріп қалды.
Алайда көңілге кірбің ұялатып, ұлттық құндылығымызға кері әсерін тигізетін жағы, қала шетіндегі саябақта «этноқалашық» деген атпен үш үй саланып жатыр. Бұл жобаның мәні саясатпен ұштастырылып, Кеден одағы және Еуразиялық одақ негізінде орыс, беларусь және қазақтың үйлерін салу жоспарланған көрінеді. Айтпақшы, мәселе үйлердің салынуында емес, көркінде болып отыр. Орыстың үйі ағаштан әрі зәулім, әрі көрікті етіп. терезелері шыныдан заманауи түрде салынған. Беларусьтікі де әдемі етіп салынып сырты ақталған және қабырғасына әтештің суреті салынып, адамды еріксіз өзіне тартады.
Ал қазақтың үйі төрт бұрышты, аласа етіп тастан қашалған, терезесі кішкене, шыны орнына кленкамен қапталған, төбесі балшықпен сыланып, қыстақтардағы мал қамайтын қысқы қораның дәл өзін жасап қойыпты. Той күні дүйім жұрт сол қалашыққа барып этномәдениетімізді тамашалағанда анау зәулім үйлердің жанындағы мал қораны көріп қандай ойда болады екен.
Қазақ ежелден малдан айырмашылығы жоқ, мәдениеттен кенде қалған халық деп үстімізден күлмей ме? Осыған өресі жетпеген қала әкімшілігі мен ішкі саясат бөліміндегілердің надандығы қаныңды қайнатады. Қарныңның ашқанына емес, қадіріміздің қашқанына өкінесің. Ұлт жанашырларымыз деп жүрген азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер, осы бассыздыққа үн қосуларыңызды сұраймын. Себебі біздің қала әкімшілігіне мұны айтқанмен өзіңді айыптағаннан басқа еш нәтиже шықпасына сенімдімін.
Abai.kz сайтынан алынған