Кейде ән тағдыры да адам тағдырына ұқсап жатады. Бір ән жұрт жүрегіне жылдам жол тауып кетсе, енді бір әннің жұлдызы жанбай, ұзақ жылдардан кейін ғана өз биігіне көтеріледі. Базбір әндер мүлде назардан тыс қалады.
Мәселен, Шәмші Қалдаяқов екеуміз бірлесіп жазған «Өмір-өзен» әні 32 жылдан соң, ал «Арқалықтың ақ таңы» әні 42 жылдан кейін ғана ел жүрегінен орын алды. Ал «Ақсудан ұшқан аққуым» әнін біз 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Төле би ауданындағы «Мәдени» ауылына барғанда жазған болатынбыз. Іргесінен Ақсу өзені сарқырап ағып жататын сол ауылдың бұрынғы, Кеңес Одағы кезіндегі аты «Коммунизм» еді.
«Кеудемде тұрдың жұлдыздай жанып,
Шаттығым болып аңсаған.
Араға талай айларды салып,
Оралдым жаным, мен саған.
Алатау баурайын келемін аралап,
Жасқанбай жаңбырдан.
Ақсудың өзенін көп жүрдім жағалап,
Аққулар ұшады алдымнан...» – деп басталатын бұл әннің мәтіні 1968 жылдың 13 сәуірі күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің №73 санына Шәмші Қалдаяқовтың өз қолымен жазған нотасының суретімен бірге жарияланып еді.
Жуырда, осы жылдың 13 тамызы күні Ш.Қалдаяқовтың туған күніне орай, жыл сайын Шымкент қаласында өтетін «Арыс жағасында» атты ән фестивалінің аясында, жоғарыда айтқан «Мәдени» ауылында «Ақсудан ұшқан аққуым» әніне арналған үлкен жиын өтті. Облыс әкімшілігі Ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі інім қайта-қайта телефон соғып, өтініш жасаған соң, әпкемнің үйінде ауырып жатқаныма қарамай, «Мәдени» ауылына қарай жол тарттық.
Оңтүстік Қазақстан облысының қалаларынан, аудандарынан келген 20-дан астам ансамбль, жеке әншілер әртүрлі мақаммен, өзіндік шеберлікпен «Ақсудан ұшқан аққуым» әнін бірінен соң бірі орындағанда жұрт ерекше ризалық танытты. Өз басым, тек бір әннің төңірегіне топтасқан мұндай ән жарысын бұрын-соңды көрген емес едім. Осы әнді Шәмші Қалдаяқовтың өтінішімен тұңғыш рет Шымкент облыстық радиосында орындаған, қаладағы Технологиялық институттың III курс студенті, қазіргі кезеңдегі белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов болатын. Жиынға сол Сейітжановтың өзі келіп қатысып, әнді түрлендіре орындап бергенде, жұрт дүркірете ұзақ қол соқты. Келесі күні республикамыздың бірнеше телеарнасы «Ақсудан ұшқан аққуым» әнінің төңірегінде өткен жиынды өзгеше жаңалық ретінде көпшілікке жариялады.
Енді осы әннен өрбіген дауға тоқталалық. 27 тамыз күнгі белгілі журналист Бейсен Құранбек жүргізетін «Айтуға оңай...» бағдарламасы түгелдей авторлық құқықтың қазіргі көкейтесті мәселелеріне арналыпты. Кенет экраннан бір жігіт Шәмші екеуміз жазған «Ақсудан ұшқан аққуым» әнін шабыттана орындады. Бірақ әннің атын «Ақсудан ұшқан аққулар» деп өзгертіпті. Іле-шала ән туралы жаңа мәліметті әйгілеген адамның мынадай сөзі берілді:
«Ақсудан ұшқан аққулар» – ғұмырлы ән. Әуеннің де, сөзінің де авторы, өмірден ерте озған белгілі ақын, қарымды қаламгер Құдаш Мұқашев... 39 жасында өмірден озған таланттың тірілерге тастап кеткен аманатына қиянат жасалып отыр... «Ақсудан ұшқан аққулардың» Құдаш Мұқашовқа тиесілі екеніне талас жоқ... Мүмкін, бұл жағдайға көбінесе көзі тірі әнші-күйшілерді тізімдейтін еліміздегі авторлық қоғамдардың назары ауар».
Осы мәліметтің ішінде Құдаш Мұқашевтің жары Ақжолтай Мұқашеваның жылап тұрып айтқан мына сөзі де тыңдарманды селк еткізбей қоймайды: «Жиендік жасасын, жасамасын, Жетісудың жігіттері де, осы уақытқа дейін ауыл да, ол әнсіз той өткізбейді... «Өлдің, Мамай, қор болдың» деген сөз бар ғой...»
«Айтуға оңай» бағдарламасы атымызды атамағанымен, бұл әннің иесі Шәмші Қалдаяқов екеуміз екенін бүкіл халық біледі. Сонда біз аталмыш әннің «әуенінің де, сөзінің де авторы Құдаш Мұқашевтің» туындысын ұрлаған алаяқ екенбіз ғой. Осы күнге дейін Шәмшінің де, менің де жаман атымыз шықпап еді. Ойламаған жерден ұрылардың тізіміне еніппіз. Шәмші баяғыда-ақ о дүниелік болып кетті. Енді мен не істесем екен? Әлде сотқа шағымдануым керек пе?
Бұл арада тағы да мынадай бір мәселеге назар аудару қажет сияқты. Өткен жылы «Абай ақпарат» интернет порталында астаналық жас ақын Ұларбек Дәлейұлының «Шахановты қысқартуға кім тапсырма берді?» деген мақаласы жарияланған-ды. Онда автор баспасөз беттерінде және радио мен теледидарда Шаханов-тың сөздерін, өлеңдері мен әндерін бермеу туралы биліктегі біреулерден жасырын тапсырма түскені жайлы баяндайды. Маған рухтас, тілектес адамдардың ашу-ызасын тудырған және жүздеген жанкүйерлердің мені қолдап, пікір білдіруіне себепкер болған бұл мақала ащы ақиқатты алға шығарды. Бұрын апта сайын, ең кем дегенде бір немесе екі-үш телеарна және әртүрлі ақпарат құралдары елдік, ұлттық мүдде айдынында, өзге тақырыптар аясында әңгіме өрбітіп, пікір сұрап жатушы еді. Міне, қаншама айдың жүзі болды оппозициялық екі басылымнан өзге бірде- бір телеарна, бір газет хабарласқан емес. Байқауымша, тапсырма мықты болған сияқты. Ұлттық мүдде төңірегіндегі шыншыл пікірлеріміз үшін биліктегі кейбіреулерге 1937 жылғыдай «хж»-ға, яғни, «халық жауына» айналып бара жатқан секілдіміз.
Кезінде «Қазақстан» телеарнасының тек қазақ тілінде хабар тарататын арнаға айналуына біз себепкер болғанбыз. Биліктің ол туралы маған жазған хаты да баспасөзде жарияланған. Енді осы телеарнаға 4 жасынан бастап менің 9 поэмам мен 30-40 өлеңімді жатқа оқитын Шаймерден Саятбекұлы атты бес жасар бүлдіршін-феномен шақырылған екен. Тележүргізуші оған: «Шахановтың жырларын біздің арнада оқуға болмайды» десе, «Ендеше, сіздерге менің де мүлде керегім жоқ екен» деп шығып кетіпті.
Жоғарыда айтқан жасырын тапсырманы кезінде Мәдениет министрлігі бергенін, кейіннен маған да бір жанкүйерім жеткізді. Қазір министрліктерге де, олардың атқарар қызметтеріне де үлкен өзгеріс енді. Телеарналар мен баспасөзді сараптайтын министрліктер бұрынғы әріптес-терінің пендешілік істеріне елікпей, маған да азаматтық биіктен қарар деген сенімдемін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне оралар болсақ, «Айтуға оңай...» бағдарламасы Шәмші Қалдаяқов екеумізге орынсыз таққан айыбы үшін, Шәмшінің рухынан және менен кешірім сұрауы керек шығар. Әйтпесе, оқиға күрделенуі мүмкін...
Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғызстанның Халық ақыны, «Түркітілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері
aikyn.kz сайтынан алынған
Қалдаяқов екеуміз ұрымыз ба?
Последние статьи автора