Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде Еуропаны тамсандырған қазақ туралы бір үзік сыр

Көне көз қариялар айтады екен: «Халық деген - қазына, одан сұңқар да шығады, тұлпар да туады» деп. Оның ішінде талай дарынды дүниеге әкелген қазақ деген халықтың аяулы перзенттері ұлттың ғана емес, адамзаттың мақтанышы дерліктей. Бірақ, олардың сан қилы өмірі, сүрлеу соқпақтар мен қатерлі өткелдерден тұратын тағдыры кімді болсын, қамықтырмай қоймас. Қамытта мойыны қор болып, азаттыққа қолы жетпей сор болған талай жүйріктің шашасынан қан кешкені бүгін біздер үшін тарих болса, кешегі күні бейнетті өмір еді. Өнердің биігінінен көрінген сондай аяулы перзенттің бірі Әміре Қашаубаев та халықтың алтын қазынасы, аңсаған арманы болды. Бұл мақалада біз, атақты әншінің Париж сапарымен қатар, жоқтаушысы халық болып, іздеушісі ел болған ерекше бір хикая туралы сөз етпекпіз...
Ұлтының аяулы перзенті
1925 жылы Парижде өтетін ЭКСПО Халықаралық көрмесіне дайындықты Иосиф Сталин Ағарту ісінің комиссары Анатолий Луначарскийге тапсырыпты. Онда Кеңес Үкіметін жақсы жағынан көрсетуге қатты мән беріліп, идеологиялық жұмыстарды комиссар өз қолына алған. Одақтас елдердегі дарынды адамдарды жинау үшін хатты да өз атынан жолдап, өнерпаздардың келуін жіті бақылапты. Семейдегі Әміре Қашаубаевқа бір емес, шақыртуды екі қайыра жіберген деседі. Оның себебі, біріншісінде Семейде сол кезде билік басындағылар шақырту хатты емес, Әмірені менсінбеген. Луначарский жіберген телеграммада: «Просим срочно разузнать и сообщить, согласен ли проживающий по адресу: город Семипалатинск, улица Восточная, квартал №78, Амре Кашаубаев на участие в этнографическом концерте Всемирной выставки в Париже? Народный комиссар просвещения РСФСР Луначарский» деп жазылған екен. Өнер зерттеушісі, «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкірімнің «Экспресс К» газетіне 2014 жылғы 31 шілдеде берген сұхбатында Әміренің Париж сапары туралы бұдан өзге бірқатар деректер айтады.


Әмре ҚашаубаевОрыстың атақты ақыны Владимир Маяковский сценарийін дайындаған Париждегі концертте Әміре «Балқадиша», «Бесқарагер», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз Арша», «Үш дос», «Қараторғай», «Қызыл бидай» әндерін шырқайды. Сол сапарда ақын мен әншінің арасында сыйластық қатынас орнаса керек. «Париж апталығы» деген басылымда оның өнері туралы жазылып, ерекше дауыс иесі Әміре Қашаубаев ұлттық аспап домбырамен адам жанын тербеткен өз ұлтының әнін шырқады, деп жазады.
Жарқын Шәкәрімнің айтуынша, Әміре Қазақстаннан Парижге барған барған жалғыз қазақ. Парижде жүрген Мұстафа Шоқай делегацияны көріп қатты қуанған. Барлығын қонаққа шақырғанда, тек Әміре ғана барыпты. Кейбір деректерде ол Ахмет Байтұрсынұлына Әміреден хат беріп жіберген, Жарқын Шәкәрім Мұстафа Шоқай әншіге шапан жапқанын, нақтырақ айтқанда қымбат костюм сыйлағанын айтады.
Әміре елге келгесін, КГБ-ның қармағына қалай ілінгені туралы әртүрлі дерек бар. Негізінен, әншінің өзі М.Шоқаймен кездескенін әркімге айтып, соңынан «жансыз» ерткен деседі. Қалай болғанда да ұлттың бетіне шыққан қаймағы - Алаш зиялылары қан-қасапқа ілінер тұста Әміре қалай болғанда да ол «науқаннан» бәрібір де аман қалмас еді деп ойлаймыз. Әміре Қашаубаев 1934 жылдың қараша айының 5-інен 6-на қараған түнде 47 жасында Алматы көшелерінің бірінде қайтыс болды.

Әмре Қашаубаев әйелімен Қызылорда 1929ж.

Әншінің қазасына бүкіл халық ортақтасты. Республикалық газетте Сәкен Сейфуллинің көлемді мақаласы жарық көреді. Онда: «Ромен Роллан, Анри Барбюс сынды майталмандарын ерекше дарынымен таңқалдырған, өнер иесі Әміре дүниеден өтті», деп жазады ақын. Әміре туралы Ромен Роллан, Анатолий Луначарский, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Қалибек Қуанышбаев, Мұхтар Әуезов естеліктер жазған.
Әмірені көзі тірісінде үкімет алақанына салып әлдиледі ме? Әміре өмірін зерттеушілер оның өмірі жоқшылықта, қиындықта, тіпті жеке басында, отбасында қиындықтар болғанын жазады. Ал, Әміренің замандасы, Парижге бірге барған көрші өзбек елінің Тамара ханумы үріп ішіп, елдің алдында өткен. «Қызыл империя» Қашаубаевті тіпті де аямады. Ізіне түсіп, өмірінің соңғы он жылын адам төзгісіз азапқа айналдырды. Көзі тірісінде қоғамға «жат элемент» болған Қашаубаевтан үкімет ол қайтыс болғаннан кейін де сескеніп, тіпті атын ел жадынан ұмыттыруға тырысты. Бірақ, оның артында іздеушісі, сұраушысы, қалың қазағы бар еді...
«Әмірені аңсау» - айтылмаған әңгіме...
1960 жылдардың аяғында ел ішінде ояныс пайда болып, Әміреге мектеп атын беру, ескерткіш орнату секілді шаралар қолға алына бастады. Бірақ қанша уақыт өтсе де кекшіл билік, тас бұғау таным оған тағы да қарсылық танытты. Тіпті, 1970 жылы Дінмұхамед Қонаевтың өзі мол қаржысын бөлдіріп, мүсінші Андрющенкоға жасатқан, биіктігі 7 метрлік ескерткіш орнатылмай жатып-ақ, із-түзсіз жоқ болып кеткен. Осыдан-ақ, әншіге деген қарсылық пәрменділігін байқауға болатындай. Соншама ат үркіп, адам сескенетіндей Әміре не жазды?


фотоның жоғарғы қатарында Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов төменгі қатарында Әмре Қашаубаев, Дәлила ОңғарбаеваБіз бұл мақаламызда, әлем таныған әншінің Париж сапарында Мұстафа Шоқаймен кездесуінен кейінгі қиын тағдыры туралы емес, қылышынан қан тамып тұрған қызыл үкіметтің ызғарына қарамай, оған мектеп атын бергізіп, мүсінін орнатқан қазақтың әншіге, өнерге деген құрметі мен ыстық ықыласын, елдігін танытқан ел ішіндегі бір хикая туралы сөз етпекпіз.
Абай жерінің асқар таудай ақсақалы, этнограф зерттеуші Бекен Исабаевтың «Ертіс өңірі» газетінің 2008 жылғы 16 шілдедегі санында «Аңсау» деген мақаласы жарық көрді. Онда автор Абай ауданындағы Ақбұлақ кеңшарының сегіз жылдық мектебіне 1969 жылы директор болып келгеннен кейін білім ордасына Әміре атын бермек болғанда тап болған қарсылығы туралы, кейін, мектеп атын ғана емес, әнші мүсінін орната білгені туралы жазады. Мақаладан үзінді келтірген жөн болар.
«1969 жылдың 31 тамызы 151 оқушы, 12 мұғаліммен Ақбұлақ ауылында сегіз жылдық мектептің алғашқы қоңырауы соғылды, мектеп ресми түрде ашылды. Жұмыстарын қалыптастырып алған соң, мектеп атын осы өңірде дүние есігін ашқан, әлемге аты мәлім ұлы әнші Әміре Қашаубаевқа берген жөн деп білдім. Бұл пікірімді кеңшардың қос басшысы (кеңшар директоры Тілеш Жарқынбаев, партком хатшысы Мансұр Ғалымбаев) қуана қолдады. Осы ұсыныспен аудандық партия комитетіне келдім. Бірақ, алдымен Абыралы-Қайнар атырабында туып өскен аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Әбдин Қанаштың қарсылығына кезіктім. Ол сөз жүзінде ұлы әнші аталғанымен, өлгеніне отыз жылдан асса да бірде бір мемлекеттік ұжымға Әміре есімі ресми берілмегенін дәлел етіп, ары қарай ізденбеуіме кеңес етті. Тіпті, талап етті десем де болады.
Біз, Мансұр мен Тілеш үшеуіміз осымен тоқтамауға бекіндік те, өз бетімізше мыналарды істемек болдық. Кеңшар директоры Алматыда Әміре мүсінін жасатпақ, мен мүсінге лайық сурет-фотосын табуға міндеттендім. Ол кезде Әміренің тымақ киген фотосын білетінбіз», - дей келе Бекен Исабаев әнші мүсіні ауылда қалай орнап, халықтың шат-шажыман болғанын жазады:
«Әншінің тымақ киіп түскен ескерткіш мүсіні (мүсінші Нұржымаев жасаған) сәуір айында жеткізілді. Әміре ескерткішінің тұғыры мектеп пен кеңшар кеңсесінің ортасына тұрғызылды. Жұрт ескерткіштің ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. Басшылар кеңесе келіп, «Бұл шараны салтанатпен кішігірім ауыл мерекесі қылып өткізейік. Әншінің туыстары не істемек болса да тежеу жасамайық» десті. Тұғырға әнші бейнесі орнады. Мүсін-ескерткіш әншінің еңсесі биік, денесі де мол болып көрінетіндей жасалған екен. Ұнады. Ескерткіш ашатын күн жаңылмасам, 1970 жылдың 11-і, не 12-ші маусымы. Күн жексенбі. Таңертең не директор, не парткомды таба алмадық. Үйлерінде де жоқ. Бір топ кісі бұл қалай деп дағдарып тұрғанымызда Абай ауданының атқару комитетінің төрағасы Рахымхан Ғабдуллин марқұм келе қалды. Ол кісі есті-басты дейтіндей 4-5 кісіні ертіп, партком кеңесіне келіп, ескерткішті салтанатты жиынсыз-ақ, жай ашуды ұсынды. Біз ары-бері сөйлей кеп, кеңшар басшыларын тосу керек дестік. Төраға: «Ол екеуі келмейді!» деп бір-ақ кесті! Ақыры екі тарап өз пікірімізден шегіністік. Ескерткішті салтанатпен ашамыз, төраға жиынға қатысып, ауылымызға қонатын болды. Жиын басталды мен сөйлеп болдым. Сол-ақ екен бүкіл ғұмырын ұсталықпен өткізген, алып денелі, жасы тоқсанды алқымдаған Түсіпұлы Мәдиян ақсақал мінбеге ұмтылсын ба! Қария шыға сала сөзін Әміреге арнады.
-Бір көрпені жамылып, құлын тайдай тебісіп, қазір ғана бұртиып, соңынан қайта өбісіп, қанымыз жанымыз бір дескен ей, Әміре келдің бе?! Аңсап едім-ау, аңсап еді-ау туған ел мен жұртың! - Қарттың көз жасы сақалынан тамшылап тұр. Ол тағы да: - Анаң Тойған тап осы жерге үйін тіккізіп, алғашқы әйелің Гүлжамиләні алып қашып келгенде қасыңдағы күйеу жолдасың мен едім-ау! Жалған дүние-ай, топырағың Алатаудан болды, атың туған жеріңде аз айтылды. Шет жұртты таңырқатқан қоңыр үнің өз жеріңде жоқ! Өз жер, өз еліңде жоқ!.. Естілмейді! Не қылған ит тірлік!..
Бұған да шүкір көзім жұмылғанша қасыңа кеп тұрмын. Мына жастар бейнеңді аялар, құрмет тұтар. Бейнеңнің осы орнаған мәңгілік дейік. Риза бол, жан досым. Ел иесі, өнерлі ері келді бүгін өз жеріне. Қарақтарым, тойлаңдар, шаттаныңдар!»
Қарт мінбеден түскенде бағанадан мұң басып тұрған жиын гуілдеп жөнелді. Шапалақ жаңғырығы әуелеп кетті. Мен алғашқы сөзді осы кісіге бермегеніме өкіндім. Ендігі ресмилік артық еді. Біліп отырмыз, ауыл тойлы ауылға айналып жүре берді.
«Бұл ауыл бойына таза қан жүгіре бастаған ауылға айналыпты. Бюроға да солай баяндаймын. Бұл жұрттың мұндай қопарыла қуанғанын көргеміз жоқ» деп басшылық ризашылық білдіріп кетті», - деп жазады Б.Исабаев. Неткен сағыныш десеңізші...
Сөз басында айтқанымыздай, әміршіл-әкімшіл жүйе үшін бір әншінің көзін құрту қиын болмағанымен, оның халқының өнерге, өнер иесіне деген махаббатын өшіру қиын еді. Қызыл үкімет Әміреден сол үшін қорықты. Енді міне, азаттыққа қол жетіп, ол күндердің бәрі ұмыт қалғанда сол Әміре атамыз барып ән салған Париждегі ЭКСПО көрмесін өз елімізге алып келгелі отырмыз. Елдік деген, ерлік деген, осы болса керек...
inform.kz сайтынан алынған

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста