Отбасында опа жоқ, бала қайтіп қуансын?
Әне-міне дегенше қыркүйектің ортасына да жеттік. Сабақтың басталғанына бақандай екі апта. Алайда, балалардың бәрі бірдей мектепке барып жүр ме? Сабаққа әлі дайын емес, мектептен қашатын балалардың болуы мүмкін ғой. Немесе керісінше, мектепке барғанын әке-шешесі қаламауы мүмкін. Сол себепті біз Алматы қаласы Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлерімен бірге рейдке шықтық. Сол арқылы ата-анасы ішімдікке салынған балалардың сабаққа қалай барып жүргенін білгіміз келді.
Рейд үшін тиімді деп кешкі уақытты таңдап алдық. Ата-ана жұмыстан, бала сабақтан қайтатын уақыт. Бағытымыз – ішімдікке әуес болғаны үшін полицияда тіркеуде тұрған отбасылардың үйлері. Мақсатымыз –балаларының сабаққа барған-бармағанын анықтап, ана-аталарымен тілдесу. Бізді Әуезов аудандық ішкі істер басқармасының ювеналды полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары – полиция капитаны Кенжебек Өтебалин мен аға лейтенант Мәдина Берікқызы бастап барды.
Кенжебек Өтебалиннің айтуынша, 1 қыркүйек басталғалы полиция қызметкерлері оқушылардың сабаққа қатынауын тұрақты түрде тексеріп келеді екен. «Әуезов ауданы бойынша сабаққа барғысы келмейтін немесе баласын сабаққа жібермеген отбасылар анықталған жоқ. Алайда, әлеуметтік жағдайы қиын, ата-анасы ішімдікке салынған балалар бар. Біз оларды үнемі бақылауымызда ұстаймыз. Сіздерді соларға апарып, балаларының жағдайымен таныстырайын», – деді полиция капитаны. Әуелі «Таугүл» ықшамауданында тұратын Вера Лаптеваның шаңырағына бас сұқтық. Шаңырақ деген аты ғана болмаса, үйдің іші астаң-кестең. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанға ұқсайды.
Вера бірінші қабаттағы үш бөлмелі пәтерде тұрады екен. Бір бөлмесінде жиырмаға толмаған қызы сәбиімен бірге тұрып жатыр. Енді бір бөлмесінде өзі тұрады. Ал қонақ бөлме ұлы мен Амангелді деген туыс ағасыныкі. Біз барғанда мұнда тағы бір ер адам жүрді. Ол Амангелдінің немере інісі екен. Үйге жөндеу жұмыстарын жасап жатқан құрылысшы сол болып шықты.
Вераның 13 жасар Михаил атты ұлы бар. Таугүлдегі мектептердің бірінде 7-сыныпта оқиды. Біз барған кезде Михаил ағасына көмектесіп, үйден шығып кетіпті. Сол себепті баламен тілдесу мүмкін болмады.
Әйелдің айтуынша, Михаил сабағына уақытылы барып жүр екен. «Оқулықтарын, киімдерін алып бердік. Сабағына барып жүр. Үлгерімі жаман емес», – деп соғып жіберді. Біз Михаилдың өзімен тілдескіміз келіп біраз күткен едік, келе қоймады.
Полиция инспекторы Кенжебек Өтебалин: «Лаптевтер – бізде біраз уақыттан бері тіркеуде тұрған отбасы. Бұл үйге қашан келсек те, бәрі шетінен арақ ішіп жататын. Арақ іздеген «қонақтардың» бәрін осы үйден табатынбыз. Үйде үнемі ішімдік ішілген соң, оның зияны балаға да тиеді. Ақыр соңында балалар қадағалаусыз қалып, бетімен кетеді. Өткен жолы келгенімізде, бұлардың бәрі мас еді. Жиі-жиі келіп, ескерткеннің арқасында, міне, жағдайлары түзеліп келе жатыр. Көріп отырсыздар, үйге жөндеу жұмыстарын бастапты, Вера жұмысқа шығыпты», – деді.
Шынында да, үй иелері бір бөлмені түгелдей жауып тастап, қабырғаларын сылап жатыр екен. Алайда, үйдің ішінде ине шаншар жер жоқ. Терезе алдында кешегіден қалған, иісі мүңкіген тамақ тұр. Оның жанында темекі тұқылы мен карта шашылып жатыр. Ваннаның да іші айғыз-айғыз. Жатын бөлмесіндегі көрпе-төсек таң атқаннан бері жиылмаған. Ал балконды төсекпен, киіммен бітеп тастапты. Бөлмеге ауа кірмегесін бе, үй ішін қолқаны қабатын жағымсыз иіс алып кеткен.
Полиция инспекторы Мәдина Берікқызы Верадан тоңазытқышты ашуын өтінді. Михаилді немен тамақтандырып жүргенін байқағысы келді. Бір жағы тоңазытқышта ішімдік бар-жоғын білмек ниетте. Алайда, ішінде туралған салат пен колбасадан басқа ештеңе жоқ болып шықты. Ал ас үйдегі үстел үстінде кешкі тамаққа деп дайындап қойған сиыр еті мен капуста жатыр. Оның үстіне апарып Михаилдің сабаққа киетін костюмін іліп қойыпты.
Біздің солай қарай бұрылғанымызды байқап қалған Вера: «Бұған мән бермеңіздер. Сіздер бір аптадан кейін келіңіздерші. Бұл жерді айнадай қылып жарқыратып қоямын. Ремонт болған соң, жинап үлгермей жатырмыз», – деп жуып-шайды. Мәдина Берікқызы: «Міндетті түрде келеміз, балаңыздың сабағын қадағалаймыз», – деп құлағына құйып қойды. Осылайша жылы қоштасып, әйелдің уәдесін алып, үйден шықтық.
Таугүлді артқа тастап, Каменкаға асығып келеміз. Бұл ықшамауданда ішімдіктен аузы босамайтын тағы бір отбасы – Голиковтар тұрады. Біз барғанда есікті үй иесі Марина Голикова еңіреп тұрып ашты. Басында абдырап қалғанбыз, сөйтсек жақында ағасы дүниеден өтіпті. Бізді басына көтеріп қарсы алған себебі де сол екен.
Маринаның үйі де оңып тұрған жоқ. Мұнда да сол ат көпірі шыққан бөлмелер. Ыдыс-аяқ кір жуатын машинаның үстінде үйіліп тұр. Қонақ бөлменің қақ ортасына жиһаздарды жинастырып қойыпты. Соған қарағанда бұл үйде де жөндеу жұмыстары басталған секілді. Алайда, бір-екі қабырғаны ақтап-майлағаны болмаса, жөндеу көрген үйге ұқсамайды.
Келген бойда бірден Маринаның мектепте оқитын қызын іздедік. Сөйтсек, қызы Анна Рашидова кешкі мектепте оқиды екен. Біз келердің алдында ғана сабағына шығып кетіпті. «Анна биыл 9-сыныпқа көшті. Сабақ үлгерімі нашар болғасын, кешкі мектепке ауысқан еді. Сабағынан қалмайды. Қолы боста үйге көмектеседі. Екеулеп үйді жөндеп жатырмыз», – деді Марина.
Біз бөлмелерді түгел аралап шықтық. Біреуінің есігі қирап қалыпты. Ішке кірсек, сол баяғы таныс көрініс. Жинастырылмаған киімдер, шашылған кітаптар…
Ас бөлмедегі үстел үсті темекі тұқылынан көрінбейді. Бәрінен бұрын мынадай жағдайда өмір сүріп жатқан оқушыға жаның ашиды екен. Мұндай жерде өскен баланың сабағы қайтып оңсын? Аннаның сабақ оқитын үстелі түгіл, кітап-дәптерін жинайтын сөресі де жоқ екен. Сонда үй тапсырмасын қалай орындайды?
Үй иесі Анна Голикова: «Тапқан-таянғанымды жинап, үйді жөндеп жатырмын. Кейін жиһаздарды да жаңартамын. Маған сеніңіздер, қызыма қажетті жағдайдың бәрін жасаймын», – деп шыр-пыр болды.
«Голиковтар отбасы біздің тұрақты қадағалауымызда. Бұрын Марина ішімдікке қатты әуес еді. Қазір қызмет жасап, аздап табыс табуға кірісті. Бұл үйде әйелдің екінші күйеуі де тұрады. Сол себепті, өгей әкесінің қызға зияны тимеуін қадағалаймыз. Бұлар қиын отбасы ретінде полиция бөлімінде тіркеуде тұр. Егер тәртіпке көнбесе, заң бойынша жауапқа тартылатынын Марина жақсы біледі. Сол үшін де, қарсыласпай, дұрыс таңдау жасап келе жатыр», – деді полиция аға лейтенанты Мәдина Берікқызы.
Иә, бізге керегі де осы емес пе? Ата-аналардың бала тәрбиесімен дұрыстап айналысқаны, оқушының жақсылап сабақ оқуына жағдай жасағаны ғана керек. Әуезов аудандық ішкі істер басқармасының полиция қызметкерлерімен бірге өткізген рейд барысында байқағанымыз, тәртіпке көнбейтін отбасы болмайды екен. Қиын отбасыларға жиі келіп, ескертіп, қадағалаған сайын, нәтижесі де байқалып тұр. Ең бастысы, полиция қызметкерлеріне деген құрмет бар, заңға бағынады.
Полиция инспекторы Кенжебек Өтебалин: «Қиын отбасылар үнемі тексеріледі. Үйлері ғана емес, балаларының оқитын мектептері де біздің бақылауымызда. Мектептеріне барып, балаларының сабаққа тұрақты қатысуын бақылап, мұғалімдерімен сөйлесіп тұрамыз. Мұның нәтижесі болып келе жатыр. Егер балалардың ата-аналары тәртіпке көнбейтін болса, ҚР Әкімшілік кодексінің 111- бабы бойынша жауапқа тартылады. Құжаттары рәсімделіп, Әуезов аудандық әкімдігі жанындағы Бала құқын қорғау жөніндегі комиссияға тапсырылады», – дейді.
Қалыпты отбасынан қиын бала шықпайды. Баланың бұзылуының бір себебі – үйде тәрбиенің болмауынан. Үйде тәртіп, отбасында береке болмаса, бала қайтіп бақытты болсын? Бүгінгі бала – еліміздің ертеңі. Сондықтан, қанымызға жат болған, арымызға дақ салған қиын балалар мәселесімен қоғам болып күрескеніміз жөн сияқты.