Орта ғасырдағы орыстар қандай болған?
Қазақ халқы үшін тағдыр тоғыстырған жұрт – орыстар. Өркениетті Еуропа орыстардың мінез ерекшеліктеріне баяғыда назар аударған. Төмендегі жазбаларда орта ғасырларда Ресейде болған шетелдіктердің ондағы жергілікті халықтың менталитеті туралы жазып қалдырған қызықты деректеріне назар салаңыздар.
Сигизмунд Герберштейн, австриялық дипломат (1549 жыл):
– Орыс патшасы өзіне қарасты тұрғындарды қалай билесе, дін өкілдеріне де солайша әмір жүргізеді. Патша не істесе де олар оған құдайдың қалауын жеткізуші ретінде бойұсынады. Әлдебір тұтқынның мәселесі сөз болса, әлбетте «Құдай қаласа, босайды» деп жауап қайтарылады. Егер біреу өзі біле бермейтін нәрсе жайлы сұраса немесе күмәнді жайтты білгісі келсе, оған көбіне «Ол Құдай мен ұлы патшаға ғана мәлім» деп жауап беріледі. Орыстардың адам түсіне бермейтін мінезі көп. Кейде осындай қотиын, бірбеткей мінезді халық тиран-патшаға, шынымен де, мұқтаж шығар я болмаса бұлар патшаның қатыгездігінен осындай қатал мінезді болып қалыптасқан болар деген ой келеді. Соғыста да олар асығып, тобыр болып шабуыл жасайды да, қарсыластарына лайықты тұрыстық бере алмайды. Тұрыстық берген күннің өзінде де тығылып келіп тұтқиылдан тиеді. Жер бетінде осындай қатал өмірге бейімделген халық әсте жоқ шығар. Мен бір орыстың, егер ұрып-соқпайтын болса, еркіндікке қарағанда түрмедегі өмір әлдеқайда көңілді дегенін естідім. Себебі түрмеде тамақ дайын. Ал бостандықта тамақ табу үшін оларға бейнеттенуге тура келеді. Мұнда тұрмыстары адам төзгісіз кедейлер өте көп. Мен олардың тұздалған балық пен балықтың өзге түрлерін қалай қорек еткенін көрдім. Олар иістенген балықты бұдан артық қандай жақсы тамақ болуы мүмкін деп тамсана жейді. Ырымшылдыққа жақын грек заңымен ғұмыр кешеді. Орыс шіркеулерінде мүсін атаулы кездеспейді. Барлығы сурет түрінде бейнеленген. Орыстар олардың құдіретіне пұтқа табынғандай көзсіз сенеді. Олар бізді жарым-жартылай христиан санап, өздерін күнәсіз сәбилердей сезінеді. Орыстар бөгде тілді үйренуге бейім емес. Тіпті өзара әңгімелескенде де ешқашан өзге тілді араластырмайды. Шіркеулерінде ғибадат орыс тілінде жүреді. Пірәдарлары қасиетті кітапты оқып жатқанда, былайғы жұрт өзара күбірлесумен болады. Оның сөзін ешкім тыңдамайды. Себебі түсінбейді. Ал құлшылықтың соңында шіркеу қызметкерлеріне қосыла «Господи помилуй» деп жамырап кетеді.
Ричард Ченслер, «Ұлы да құдіретті орыс патшасы туралы кітаптың» авторы, Солтүстік Двина арқылы Ресейге жол ашқан ағылшын кеме флотының басшысы (1553 жыл):
– Орыстар әйелдерін басқа жұрттардай құрметтемейді. Әйтеуір құлдарға қарағанда тәуірлеу қарайды. Мансапты мәскеуліктер өз әйелдерін қатты қызғанады. Оларды той-томалаққа жібермейді. Тіпті шіркеудің өзіне әзер босатады. Әйелдерінің жатжерліктерге ықыласы күшті. Жылы сөйлеп, жақсылап сұрасаңыз, сізбен тар төсегін бөлісуге әркез дайын.
Марко Фоскарино, Мәскеудегі Венеция сенатының елшісі (1557 жыл):
– Орыстар ішкілікке құмар. Тіпті кейде қатты сілтеп жіберіп өзара жанжалдасатын және арақтың әсерінен үйлерге өрт қоятын кездері жиі болып тұрады.
Жак Маржерет, француз, (1607 жыл):
– Орыстардың рухани деңгейіне, әдет-ғұрыптары мен өмір салтына көз жіберсеңіз, оларды варварларға жатқызудан басқа амалыңыз қалмайды. Ақыл жағына келер болсақ, орыстар, шынымен де, тапқыр әрі ұрымтал болып келеді. Бірақ олар ақылдарын жақсы іс пен өнегелі өмір сүруге жұмсамайды. Пайда көру мен біреуге жағуға жұмсайды. Олар екіжүзді, бірбеткей, ұятсыз әрі барлық жаман әдетке үйір келеді. Құқықтың орнына күшке жүгінуге бейім. Олардың тапқырлығы мен әккілігі әсіресе сауда-саттықта жақсы байқалады. Жақынын алдау үшін қулық пен екіжүзділіктің небір түріне барады. Ал оларды алдағысы келген адам міндетті түрде асқан әккі болуы керек. Шындықтан қашып, өтірікке жиі жүгінетіндіктен, олар бәріне күдікпен қарайды. Оларда өздерін алдағандарды барынша мақтап, шебер деп танитын әдет бар.
Генрих Седеберг, тұтқынға түскен швед армиясының полк діндары (1718 жыл):
– Орыс, негізінен, барлық істе табиғи ақылымен дараланады. Олардың көбісі шешен болып келеді. Кез келген шаруада оның өзіне пайдалы тұсын ғана екшеп алатын әбжілдігі бар. Қатардағы орыс шетелдіктермен істес болса, бас пайдасы мен жат жұрттықтарға қалай жақсы көріну жағын ойлайды. Байқампаз, адамның іштегі есебіне көз жүгірте білетін олар, қарсыласының осал тұсын аңғарса, асқан шеберлікпен оны өз мақсатына пайдалана қояды. Бәлкім, Қытайлардан кейін орыстардан өзге адамға соншалықты құрмет білдіретін жұрт жоқ шығар. Қатардағы азамат өзімен теңдесін кезіктірсе де бас иіп, ілтипатпен елпектеп жатады. Мұндай әдетті олар бұрынғы жеңімпаздары мен қожайындары, Алтын Орданың татарларынан тапқан болуы керек.
Мари Даниэль Корберон, француз дипломаты (1777 жыл):
– Ресейде өмір жақсаратынына сенген адам қатты қателеседі.
Жолымбет Мәкішев, журналист
Материал namys.kz сайтынан алынды