Мырзашөлде Мұхтардың ізі қалған
(Екі баяндаушы, үшінші тыңдаушы аузынан)
«Бәлкім, барлық студенттер бақытты, Әуезовті тыңдаған…»
Сейітқұл Оспанов
Ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің 1959 жылы оңтүстік өңірінде айға жуық болғаны мәлім. Ұлы жазушы «Өскен өркен» романына дайындық кезінде барлық кездесу-сұхбат кезеңдерінде қойын дәптеріне күнделік жазбалар түсіріп отырған. Әдебиетші Талатбек Әкімов осы болашақ кітапқа айналуға тиіс жазбаларды әзірлеп, «Қазақ әдебиеті» газетінде (1986 жыл, 14 ақпан) жариялады. Жазбаның «4 октябрь (1959 жыл) күні» деген жерінде М.Әуезов қолымен қысқаша былай деп жазылған: «Тұтқабай Тұрысов, Айсұлудың отауы, жасауы: терме алаша, түйген шашақ, салбыраған шашақтары бар. Қыжым көрпе, масаты үстінде барқыт қоржын. Қолдорба, боқжамалар. Рақы жастық, жозы көрпе, айнақап, қолдорба, әбдіре, сандық, жағылан-былғарыдан ойып, көк сағасыз салып жасайды. Мұнда сандық, жүкаяқ, жер жастық көп. Аткөрпе қос мамықтың үстіне салады. Бір қазақ бір қазаққа мамықты матрас орнына пайдаланатын пух деп түсіндіреді».
Тұрмыстық бұйымдардың мұншалық тергіленіп жазылуы бекер емес екені өз-өзінен белгілі. «Өскен өркеннің» кейіпкерінің Айсұлу атануы да жайдан-жай емес.
…Бұл ізгі ниетті сапарында М.Әуезов Шаян, Созақ, Түркістан, Кентау, Шәуілдір, Мақтаарал, Ильич, Сарыағаш, Келес, Сайрам аудан-қалаларын аралады, талай адаммен дәмдес-тұздас, сырлас та болды. Бұл сапардағы әсерін үлкен очерк етіп жариялады да.
Ұлы қаламгердің талантына табынып, бас игендердің бірі – жоғарыда аты аталған Тұтқабай еді. Мұқаң тек Тұтқабайдың фамилиясын әдейі Тұрысов деп өзгертіп жазған сияқты. Мысалы, «Өскен өркен» кейіпкері, сол кездегі обком хатшысы В.Макаров та Карпов деп алынған. Алғашқы баяндаушы – Айсұлу мен Тұтқабай Тұрсынбаевтар қазір марқұм, Өзбекстанның Жызақ облысындағы Мырзашөл ауданының орталығы Гагарин қаласында жазған. Ол кезде Мырзашөл жері Қазақстанның Ильич ауданына қарайтын. Қазір Өзбекстанда.
Бірінші баяндаушы Тұтқабай Тұрсынбаевпен әңгімелесіп отырмыз:
– Мен ол кезде «Заря коммунизма» колхозында партком хатшысы едім. Бастық бір жаққа кетіп, мен міндетін атқарып жүрген едім. Төртінші қазан күні Мұқаң бізге келді. Астында – «ЗИМ» машина… (Ал ертеңіне, 5 октябрь күні мақта тапсыру жоспары орындалып, оны қуанышты қонақтың құтты қадамына жорығанымыз есімде). Қасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Әділбай Омаров, ақын Омарбай Малқаров, тілші Жақыпбек Құлбаев, тағы бірқатар кісілер бар. Кеңседе күтіп алдық. Бастық та, орынбасар да ауылда жоқ еді. Сыйлы қонақтарға арналған мейманханамыз бар еді. Бірақ, мен үйге шақырдым.
– Бұл жердің бұрынғы аты қандай?- деп сұрады Мұқаң.
– Қарой. Малға – жайлы, жері – құнарлы, ата-бабамыздың мекені ғой. Осы атыраптағы ең жоғары өнімді де осы жер береді, – деп жауап қайтардым. Ол басын изеді.
Үйге келдік. Есік алдында 5-6 қозы жайылып жүр еді. Алдына айдап келіп, таңдау рұқсатын сұрадым.
– Мына қара қозыны сой, – деді. Кірістім. Ауатком, обком, аупартком қызметкерлері Егемқұл Тасанбаев, Дербіс Әлжанов, обкомның идеология хатшысы Қаржау Жарқынбеков, Киров ауданы партия комитетінің хатшысы Ермат Омаров, Иіржардағы трест басқарушысы Мұстахым Ықсанов, сол кезде мақтада жүрген оқу орындарының ректорлары да келді. Жасырын ештеңесі жоқ, лауазымды кісілер Мұқаңның менің кішкентай үйіме түскеніне қоңылтақсыды. Мен мүлдем жас едім, жиырма жетіде болатынмын. Соны сезген соң:
– «Сіздің келген-кеткеніңізді майын тамыза әңгімелеп, елге айтатын біз боламыз» деп уәж айтты мына Тұтқабай. Мен соған көндім, – деп жатыр Мұқаң. Әрине, атақты жазушының бұл сапарындағы әр сағаты өлшеулі еді. Сондықтан, басшы-қосшы азаматтар үйде отырып, Мұқаңмен ақылдасып, кездесу, іссапар бағдарламасын жасады. Ертеңіне Киров ауданына, одан Мақтааралға, Дзержинский бөлімшесіне, Социалистік Еңбек Ері Н.Есентаевқа баратын болып келісті.
Шай үстінде Мұқаң өлке тарихына өте қатты қызығып, сұрастыра, біліп отырды. Гагарин қаласы ол кезде жоқ, аудан орталығы ауызекі «Райцентр» аталатын. Қазақстанға қараушы еді. Бұрынғы аты – Ержар (дұрысы – Иіржар, құжаттарда қате жазылған деп жорамалдауға болады. 1928 жылы колхоздастыру қағаздарында кездеседі).
Ержар атын Мұстахым Біләлұлы Ықсановтан (кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы) сұрады.
– Жер аты алабөтен екен, қазақтың қойған аты ма өзі? Әлде Иіржар ма екен?- дегенінде Ықсанов:
– Райцентр деп жүрміз ғой, – деп сасқалақтай жауап берді.
– Неге «Райцентр»? Жердің өз атын қою керек. Жердің аты болу керек қой. Мына Тұтқабай ауылының ескі атын Қарой деп айтып отыр… Бетпақдалада, Мырзашөлде ірі құрылыстар жүргізген трестің тұңғыш басқарушысы Ықсановтан Ержар туралы сұрай отырып, Мұқаңның айтқан бір пара әңгімесі мынадай:
– Ержар деп өз атын қоймай, Голодная степь деген дұрыс емес. Аш дала емес қой бұл. Мырзашөл ғой, аш шөл емес. Мырза. Елді тойғызатын шөл ғой. «Жер жаңбырмен көгереді, ел алғыспен көгереді» деген. Мұны мырзаның даласы деп қою керек еді. Қазақта тіл байлығы көп. Орыстар «присвоит» етіп өзгертіп жүр. Бір күні Францияда прогулкада жүрсем, ғажап музыка естідім. Айнымаған қазақша. Сөйтіп, тыңдап, анықтай келе француздар біздің музыканы өздеріне присвойт етіп алғанын аңғардым (Айтпақшы, Мырзашөл ауданының орталығы кейін Ержар емес Гагарин қаласы болып аталды. Бірақ «Иржарсовхозстрой» тресі әлі бар. Солай аталады).
– Өткенді еске ала отырып ойлаймын, – дейді Тұтқабай. – Қонақ күту қамымен жүріп, аса тағылымды да қызықты, таңсық әңгімелерді, Мұқаң лебізін бір құлағымен тыңдағаныма, сондай ұлы адамның ең тұңғыш және соңғы сапары екенін әсте ұғынбағаныма өкінемін. Кім ойлапты?! Тағы бір өкініштісі, «Жетісай» газетінде Мүсілім Айдарбековтің редактор кезінде, 1965-66 жылдары Мұқаңның бұл сапары туралы қысқа мақала жарияланғаны болмаса, ол кездегі Мұқаң төгілтіп айтқан ағыл-тегіл, алуан сырлы, қатпар-қатпар әңгімелерді жазып алған ешкім болмады. Өкінішті-ақ! (Сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Жақыпбек Құлбаев «кітап жазып жүрмін» деуші еді. Бұл пікірді ол кісінің жұбайы, көп жылдар партия, совет қызметінде болған Сәмиға Әубәкірова апай да құптайды. Бірақ, Жақаң көп ойын жүзеге асыра алмай, дүниеден өтті).
Біз жерде көрпе үстінде отырып, тамақ іштік. Түнгі төрттер шамасында тарадық. Мұқаң қисаймай отырды. Басқалар қисайды. Сүйегіне берген сыпа адам екен. Қарапайым үй киімдерімен отырды. Келіншегім Айсұлу киімдерін жуып, тазалап, үтіктеп, ертеңгі сапарына дайындап берді.
– Түнде жеген қой кәрі ме, еті қатты ма? Білмедім, – деп «ІІІ Интерноционал» колхозында болған кешегі күнін еске алып, біздің пісірген жұмсақ етке ризалығын білдіре күлімсіреп отырып еді, жарықтық.
Мұқаң өмірінің өткен жылдарын да көп еске алып отырды.
– Москвада мейманханада тұрып, университетте сабақ беріп, Қазақстаннан бір жыл қол үзіп қалдым, – деп басын шалқайта, маңдайы жарқырай, көзін жұма ойланып барып: – Қазақстан қуып жіберді десе де болады. Оның алдын-ала қуатынын біліп, қашып кеттік десе де болады, – деп еді бір сөзінде.
Әңгіме ауаны әр тақырыпқа ойыса отырып, «Оңтүстік Қазақстан» журналистеріне де тірелді. О.Малқаров пен Ә.Омаровқа қарап:
– Сендер журналист есебінен нан жейсіңдер. Бірақ, журналист жұмысын істемейсіңдер. Журналист бола тұра, обком уәкілімін деп қорқытасыңдар. Мақта басынан қайтпай, уәкілсінбей, зерттей жазып, айлық алып жүрген жұмыстарыңды қоса қабат тындырып кеткендерің жөн, – деді. Басқалар келісіп те, келіспей де жатты. «Өзі бір мойындау, өз айтқаны болмаса көне қоймайтын турашыл адам екен ғой» деп ойладым. Жастық аңғалдықпен солай көрінді ме, кім білсін?! Жалпы, Мұқаң Созақта «Мен оңтүстіктің осы бір жағын көп білмегеніме өкініп жүрмін» деп айтыпты дегенді сол отырыста естігенмін. Әңгіме сипатынан өлке жайын неғұрлым көбірек білуге ынтасы қатты аңғарылды. Дегенмен, уақыт – қысқа. Түн ортасы жақындады.
Күз кеп қалды. Далада самалдап, тамақтан кейін қыдырыстап әрлі-берлі жүрген соң, үйге кірдік. Босағада күмісі бар қайысқан ілулі тұратын. Соған өте қызығып, ұстап көрді. Бетінде айнасы бар сары шкаф та тұрған, әлі бар. Үйленгенімізге бір-екі жыл болғандықтан, Айсұлудың жүктерінің де қыры бұзылмаған-ды. Жүк екі қатар еді.
– Келіннен келген жүк пе?- деп сұрады.
– Иә.
Менен де, шүлен тарқатқан Оразкелдінің қызы Айсұлудан да әр бұйымның атын сұрап, блокнотына жазып отырды. Қате айтсақ, оның қазақша аты былай ғой деп түзетіп, кеңес бере әңгімелесті, қызықтыра баяндады.
Айсұлу айтады:
– Мұқаң жүктің өрнегіне көз жүгірте байыппен қарап, сұрақ бере бастады. Жастыққа салған белгілерді «тырнақатар», «қайшықұрақ» деп айта бастадым. Ол кісі түзетіп тұрды. Ақ жамылғыдағы белгілерді де сұрап жазып алды. Жүкаяқ оюларына үңілді, ұстап көрді. Бұл бұйымдарды өзіміз үшін қымбат болған соң және Мұқаңның қолы тиген деп әлі сақтап жүрміз (Тұтқабай мен Айсұлу келесі кең бөлмеге ертіп барып, қазіргі гарнитурлар арасынан музей мүлкіндей болып тұрған жұбайлық өмірлерінің алғашқы сәтіндегі мүліктерін аяулы сағынышпен сипалай ұстап көрсетті).
– Перзенттерің бар ма? - деп сұраған-ды Мұқаң. Қара қызымды көрсеттім.
– Ұлға ұқсайды екен, - деп жымиды. – Мұндай да ұқсастық болады екен- ау.
– Ұл туса, атын Мұхтар қоямыз, – деп өзімізше кейін бір тоқтамға келгенбіз. Әлима, Кәмила, Сұлушаш, Бақытжан, Гүлфиза болды, айналайындар. Сол ұлы кісілердің шарапаты шығар… Шүкір… Қазір балалар өсіп келеді. Бәрі оқыды, – деп Айсұлу әңгімесін қорытты.
…Ертеңіне тоғай күзетшісі, құлшығаш Парманқұл деген ағайынымыз баласын атқа мінгізіп, Сырдариядан ұстаған дәу балықты сүйретіп жіберіпті. Сөйтіп, дарияның дәу балығы Мұқаңа бұйырыпты.
Таңертең жайыла көсіліп, әңгіме бастап еді, «Ассалаумағалейкүм» көбейіп кетіп, үзіле берді. Үйдің ықыласы ма, демалғысы келді ме, жарықтық, түстенетін Киров ауданын да ұмытқан сыңайлы. Оларда да ел күтіп, қайта-қайта хабар алып, тызалақтап жүрді.
Ертеңіне аттанарда, машинаға мінерде:
– Рахмет, шырағым. Кітаптың ішінде жүреді атың. Айсұлу, Айсұлу, Айсұлу, – деп үш рет қайталады. Ол кезде үй жанында құдық жоқ. Суды алыс арықтан иін ағашпен тасып, тамақ беріп еді Айсұлу. Соны да сезді, көрді.
– Бір сәтке тізеңнен тік тұрып, қызмет еттің, өркенің өссін! - деп батасын берді.
Тұтқабай айтады:
– Кетерінде маған записка берген-ді. Машинаға мінерде мол денесімен бұрыла тұрып:
– Жеңгең Валентинаны мен Бәлиха деймін, – деп бір күліп алды да – «Бәлиха! Оңтүстіктен бір жақсы дос-іні таптым. Аты – Тұтқабай. Мен болайын-болмайын, сыйлы қонағыңдай қабыл ал» деп жазды да, Алматыға, үйіне шақырды.
(Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғылым бөлімінің меңгерушісі болған Темірбеков ол кезде Шымкенттегі технологиялық институтта парторг еді, кейін мәдениет институтына ректор болды. «Мұқаңның қызы музейде, директор. Записканы алып барыңыз. «Өскен өркенді» табыңыз» деп осы записканы қанша сұрады. Таппадым).
…Колхозда Мұқаңның бір күн болуы есте қаларлық, маған әсер еткен бір әңгімені тудырды. Мұқаңнан соң көп ұзамай «Заряға» Бауыржан Момышұлы келіпті. «Мұқаң қонған үйге қонамын» депті. Колхозда ұлты кәріс Л.Кан деген бастық бар еді, клуб үлгілі, сәнді, озық болатын. Сонда Баукең лекция оқыған. Сосын мені іздепті, таппаған. Жерде қырбық қар бар, мал шаруашылығы, жұмысы бастан асып жатқан. Бізді, кеңсе қызметкерлерін, малшыларға көмекке жіберген-ді.
Жетісайдың атағы дүрілдеп тұрған шағы. Он бір Социалистік Еңбек Ері бізден шыққан. Көп өтпей облысқа жиналысқа біздің колхоздың бастығы, Социалистік Еңбек Ері Л.Канмен бірге бардық. Аупартком хатшысы Егемқұл Тасанбаев мені көре сала:
– Баукең сені әбден іздеді, – деді. – Қазір Сарыағашта демалып жатыр. Ауылыңа қонбай, сені таппаған соң, осында бір-ақ тартыпты.
Баукеңді Сарыағашқа іздеп бардық. Қонақжайлық көрсеттік. Құрметке риза болды.
– Мұқаң қонатын жер таппай, қонған жоқ. Осы баланың пейіліне келген ғой, – деді Баукең қара мұртын сипап. Мақтаралдың ауартком председателі, кейін Мырзашөл аупарткомының хатшысы болып, көп жыл істеген Сатай Керімов екеуміз Баукеңе де барып танысып, әңгімесін тыңдап, дәмдес болып ек… Бұл енді екінші әңгіме ғой.
Мұхтар ағамен өткізген бір күннің сыры осындай.
* * *
Мұқаңның оңтүстікке сапарында серік болған, дәмдес, сырлас болған азаматтардың бірқатары қазір дүниеде жоқ. Олардың түйген ой, айтпаған пікірлері өздерімен бірге кетті. Бірақ, қазір дербес зейнеткер, Шымкентте тұратын Қаржау Жарқынбеков, Егемқұл Тасанбаев, Жетісай қаласындағы Дербісәлі Әлжанов сынды ақсақалдардың Мұқаң туралы айтар әңгімесі, ол кісіден алған тағлым-өнегесі мол болуға тиісті. Біз соның біріне сөз берелік.
Екінші баяндаушы – Дербісәлі Қалдыбайұлы Әлжанов (Ресейдегі Аман Төлеевтің ағасы):
– Мен ол кезде Ильичевкада ауатком төрағасы едім. Аудан орталығын Ильич поселкесінен Жетісайға көшірген 1959 жылдың маусым айы еді. Сол кезде М.Әуезовтің Алғабас, Түркістан, Созақта болып келе жатқанынан хабарымыз бар.
… М.Әуезов кітабында Макаровты Карпов деп жазған. 1959 жылы Виктор Иванович Макаров обкомның бірінші хатшысы болатын. Өте жақсы адам еді. Әуезовтің оңтүстікке сапарында қарсы алып, шығарып салып, қасында жүріп, жанашыр болған, түсінігі мол адам. Обкомнан хабар тиген соң қарсы алғанымызда, аудандық су шаруашылығы басқармасының («Казкириспур») кеңсесі қасындағы кішкентай мейманханаға тоқтаған ұлы жазушының жарқын келбеті әлі көз алдымда. «Жалпы халық жағдайын біліп, кітап жазбақпын» дегені де есімде. Қонақта отырғанда одан бірер жыл бұрын Африкада болғаны жайында, ондағы бәдәуилер елі туралы айтып отырды.
– Қазақта сыйлы қонағына бас қояды. Мен көп жерде болдым. Бас қою дүниеде екі жерде ғана бар. Бізде және Африкада, бәдәуилерде. Олар қонақтың әрқайсына бір бас қояды екен. Сондай-ақ, бұл әдет біздің қазақта қалыпты. Ескіріп бара жатқан әдет-дәстүр ғой. Басқа ешбір елде жоқтығы мені қызықтырады. Дж.Неру 1956 жылы Алматыға қыдырып келді. Қонақасы кезінде алдына бас қойылды. Сонда шошып, үрпиіп қалған-ды. Бұл – бас қою дәстүрінің оларда жоқтығынан, – деп әрлі-берлі дүние сырларынан хабардар етіп, бізді ынтықтырып отырды. Аупарткомның бірінші хатшысы Егемқұл Тасанбаев екеуміз алып жүрдік. «Заря коммунизма» колхозының атағы дардай болатын. Бастығы Кан Лев Иванович – Талдықорғанның Үштөбесінен шөлді игеруге келген іскер адам еді. Партия ұйымының хатшысы – Тұтқабай Тұрсынбаев. Соның үйінде шай іштік, тамақ жедік. Күн ыстық. Қарапайым, қазақша көрпе салып, үстелсіз отырдық.
М.Әуезов Мырзашөл даласының игерілуі, онда қандай өзгерістер болып жатқанын суреттемек екен. Колхозды неғұрлым көп аралап, адамдармен неғұрлым көп сөйлесу ол кісі үшін үлкен мазмұнды мағлұматтар беретінін ұқтық. Қойын дәптеріне әрнәрселер түртіп ала жүрді. «ІІІ Интернационал» колхозының бастығы Ли Филипп Иванович пен Абай атындағы колхоз бастығы Әбілаш Нарбаевпен (1957 жылы ақпан, наурыз айларында үш-төрт колхоздан совхоз ұйымдасқанда, соның тұңғыш директоры болған Нарбаев) әңгімелері очеркінде аңғарылады.
Мұхтар Әуезов үкіметтің халыққа жасаған қамқорлығы арқасында бұрын қурап жатқан Мырзашөл даласында колхоздар орнағанын көзімен көрді, көңілі сенді. Жағалай жайғасқан, жаңа құрылған Жданов, Абай, Тельман, «Красный луч», «Путь к коммунизму», «ІІІ Интернационал», «Заря коммунизма», Жетісай МТС- і (директоры Темірхан Дойрашев, Социалистік Еңбек Ері) сияқты шаруашылықтарды аралады, олардағы еңбек адамдарының ерен ерліктері туралы естіді.
– Осының бәрі үкімет тапсыруы бойынша гүлденді, жүзеге асты. Жетісай – үлкен мақтанышпен айтуға болатын еңбектің жемісіндей екен, – деді.
Тұтқабайдың үйінде марқа қозы сойылды. Табақ келді. Бас қою салты туралы, Африкаға байланысты әңгімені осы тұста кеңінен айтып баяндады. Өте көңілді отырды. Әңгімені ел тұрмысына аудара берді.
– Ел жағдайы жақсы екен. Мақта табыстарына, жеміс-жидекке, өсіп жатқан, өскен поселкелерге қуаныштымын. Осы оңтүстіктің бірқатар жерін аралап келдім. Мақсатым – қалам ізін қалдырмақпын. Шынында, шөлдегі ағашқа, жеміс-жидекке, гүлдерге, құлпырған құла далаға қарап, балаша қатты қуандым. Барлық жер асфальт, жоспарлы салынған үйлер, соншалықты жарасымды. Халықтың қажырлы еңбегінің үлгісіндей, – деді.
Қазіргі Гагарин қаласы (бүгінде Өзбекстанда) ол кезде осы ауданға қарайтын. Бұрынғы аты Ержар еді. Ержар деп бекітіп қойған – мен. Сельсовет, поссовет ашылып, ауаткомның жауапты хатшысы Ә.Сардаров оның атын «Ленин» деп әкелді. Бірақ, басқа жерде көсем атындағы мекеме, совхоз, советтер көп еді.
– Бір ауданда екі аттас поссовет болмайды. Бұрынғы ескі, қазақша аты бар ма? Соны тауып әкел, соны қоямыз, – дедім. Оның себебі, Ленин бабамыздың тілегі бойынша, ескі, көне қазақ жері гүлденді. Ленин бабаның көңіл бөлуінің арқасында ата-баба армандап жүрген ойына жеттік. Мақсаты орындалды. Сондай кезде ұйымдасып отырған поселкеге қазақ аты беріліп, жаңарған поселке болғаны дұрыс. Ә.Сардаров Ержар деп келген-ді. Ол да сұрастырған, жазып алған ғой. (Сөйтсек, шын аты, дұрыс аталуы Иіржар екен…)
Арғы шекарасы – қазіргі Өзбекстанға қарасты Достық ауданы. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасы Достық деп қойылған-ды. Ержар поселкесі, поссоветі Пахтакор, Ақалтын (бұрынғы №17 совхоз), Арнасай, Октябрь, Достық – бәрін қамтитын. Ал сол тұстағы Бөрітескен, Бөти – «Шымқорған» қаракөл совхозының жайылым жерлері еді. Осыларды баяндап, айтып бердім.
Тыңдап отырды. Жазып алды керек жерін.
Міне, осылайша ұлы жазушымен аз күн дәмдес болудың реті келген еді…
* * *
Адам үмітпен өмір сүреді, өкінішпен өледі. Үміттенетіні – аз тірлікте көп жақсылық жасап үлгеру үшін жүрегін арманға толтырады; өкінетіні – ғұмыр қысқа болып, талай арман жүзеге аспай, уақыт жетпей… бәрі әурешілікпен аяқталады. Егер өмір екі рет берілсе, Әуезов «Абай жолын» басқаша жазар еді, Сұлтанмахмұт бар шығармасын қайта бір рет жөндеп шығуға Тәңірден үш күн өмір сұрамас еді, Некрасов пен Гоголь нашар жазылған деп шыққан кітаптарын жыртып, жарық көрмеген қолжазбасын жоймас еді, қайта жазар еді.
Әттең… өмір – қысқа. «Төзім деген жақсы қасиет, бірақ, ұзақ төзуге өмір қысқа» деген де сол ұлы Мұхтар Әуезов. Меніңше, қаламгердің өмірі дегеніміз бітпеген кітаптың жыртық парақтары ғана. «Жақсы кітабым – әлі жазбаған кітабым» деп үміт құшағында жүреміз. Әйтпесе, «Мен Оңтүстіктің осы бір жағын көп білмегеніме өкініп жүрмін…» деп, Мұхтар Әуезов 1959 жылы 4 қазанда блокнотына жазбас еді.
Қолыңыздағы естелік менің жүрегімнің сынықтары, үмітімнің ұшқындары, ғұмыр жетпес армандарымның тұнықтары… «Керек тастың ауырлығы жоқ», «Тесік моншақ жерде қалмас», жас журналистерге, ізденгіш жастарға түрткі болар ой ұшқындарым қажетке жарар деп үміттенемін. Керек еткен – алар, керексіз деген – тастар.
«Көп білемін деме, көптен артық білмейсің». Рас сөз. Көне кітаптарға көз салсақ, көнермейтін сөз табамыз. Аттың жалы, түйенің қомында жүрген аталарымның жазуға уақыты болмапты. Сондықтан, Радлов, Шоқан, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Мүрсейіт, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Ақселеу Сейдімбеков сынды асыл жүректі азаматтардың халықтың шашылған қазынасын жинауда, жұртшылыққа қайта жеткізуде атқарған қыруар бейнеті алдында басымды иемін.
Басқадан бағасы артық осы жанкешті адамдардың үлгісі мен жолын қуып, өз ауылым, елім, жерім – Мырзашөлге табаны тиген жақсылардың бірі Мұхтар Әуезовтің деректі ғұмырнамасын ұсындым. Сыйтабақтан дәм татып, керегін аларсыз, қажетсізін тастарсыз, қатесін кешірерсіз. Көптен артық білмейтінім – ақиқат.
Тек, Швейцарияға алмастырмас менің Мырзашөлімнің аты шөл болса да, заты шөл емес екенін, халықтың өнер қазынасы жиналусыз шашылып жатқанын, бүгін біреу керек қылмаса да, ертеңгі ұрпақ іздейтінін сезіп, осы деректерді ұсынып отырғанымды түсінсеңіздер болғаны!
Қаламгерге ешкім көмектесе алмайды, жазу майданында ол жалғыз, Құдайдың жалғыздығы сияқты… Мәскеуде, ауруханада, операция столында бір өзі жатқан Мұхтар Әуезовтің жалғыздығы сияқты.
(«Астана ақшамы» газеті)